«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКТЕМГІ ЕГІСКЕ КЕДЕРГІ ЖОҚ

Фермерлердің блокпостылардан кедергісіз өту мәселесі ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте қаралды. Оған Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері мен облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, Премьер-Министрдің блокпостыларда фермерлердің жүріп-тұруын жедел шешу туралы берген тапсырмасына қарамастан, бірқатар агроқұрылым иелері министрлікке рұқсат алу тәртібі бойынша хабарласуда.
– Бұл мәселе бірнеше рет қаралды, Қазақстан Республикасының Президенті, Премьер-Министр көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге барлық жағдай жасауда, оның ішінде фермерлер мен сервистік ұйымдардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл мәселе мемлекеттік комиссияның отырысында жан-жақты қаралды. Ең бастысы – Президенттің тапсырмасы бар. Фермерлерге кедергі жасаудың қажеті жоқ. Кім электронды түрде жұмыс істегісі келсе, солай жасасын. Біріншіден, фермерлердің өтініштері жедел қаралуы керек. Сонымен қатар рұқсатты қалай алу керектігін нақты түсіндіріп, фермерлерге тиісті жағдай жасау қажет. Егер электронды рұқсат болмаса, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің қағаз анықтамалары негізінде жасалсын, – деді Айдарбек Сапаров.
 Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев фермерлердің өткізу пункттерінен өту тәртібі туралы хабарлады. Бақылау-өткізу пункттерінде барлық ақпарат планшет базасына жүктелген. Тіпті, фермердің жүк көлігі туралы ақпарат базаға енбеген жағдайда, ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші деген құжаты болса жеткілікті екенін айтты.
– Әрбір қызметкерге көктемгі дала жұмыстарын жүргізудің маңыздылығы мен көктемгі егіс жұмыстарына кедергі келтірген жағдайда қандай салдары болатыны айтылды. Бұл мәселе ерекше бақылауға алынды. Егер шараларға қатысты ақпарат полицейдің планшетінде жоқ болса, бірақ фермердің қолында анықтамасы болса, бұл жеткілікті, ешқандай сұрақтардың қажеті жоқ, – деп атап өтті Мұрат Баймұқашев. Сондай-ақ, ІІМ-нің өкілі облыс әкімдіктеріне саяжай тұрғындарынан шектеулерді алып тастау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. “Саяжайлар бойынша сұрақтар көп келіп түсуде. Осы санаттағы адамдарды анықтап, қабылданған шараларды полицияға жеткізуге болады. Егер мүмкіндік болса, саяжайлар бойынша шектеу, тым болмаса уақытша болсын алып тасталса. Бұған назар аударуларыңызды сұраймын”, – деді ол облыс әкімдерінің орынбасарларына қарата айтқан сөзінде.
Кеңес қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров мемлекеттік органдардың өкілдеріне фермерлердің жүріп-тұруына кедергілер келтірмеу жөнінде өтініш білдірді.
– Көктемгі егіс науқанына маусымдық жұмысшылар көп тартылады. Олардың барлығын базаға енгізгенше, уақыт кетеді. Қазір ең бастысы – әр күнді тиімді пайдаланып, көктемгі егіс жұмыстарын сапалы өткізу. Бүкіл республика көлемінде егіс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Еліміз үшін ең маңызды науқанға кедергі келтірмеңіздер, туындаған барлық мәселелерді жедел шешуді сұраймын, – деді Айдарбек Сапаров.
Коронавирус пандемиясы кезеңінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жүріп-тұруы бойынша бірыңғай алгоритм әзірленген болатын. Ол 2020 жылғы 17 сәуірде өткен мемлекеттік комиссияның отырысында мақұлданды. Бас санитарлық дәрігердің қаулысымен ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу кезінде фермерлер мен көктемгі егіс науқанына қатысты басқа да адамдардың және олардың жеке көліктеріне кедергісіз жүріп-тұру құқығы берілген болатын.

 

Руслан ҒАББАСОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp