«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКТЕМДЕ СУ ТАСУ ҚАУПІ БАР

Өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысында тұрғындарды, нысандарды және аумақтарды маусымдық су тасқынынан қорғауға арналған кешенді шаралар жүргізу мәселесі талқыланды. Оған Петропавл қаласының әкімі, мемлекеттік органдардың, мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары және бейнебайланыс режімінде аудан әкімдері қатысты.

– Биыл облыс аумағында көктемгі су тасқыны жылдық орташа көрсеткіштен жоғары болады деп алдын ала болжам жасалуда. Соған орай су тасқынына байланысты алдын алу шараларын өткізу және одан келетін материалдық шығындарды барынша азайту мәселелерін талқылағалы отырмыз, – деді облыстық комиссияның кезекті отырысын ашқан Ерік Хамзаұлы.

Облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко көктемгі су тасқыны кезінде ойпаңдағы 1000 шаршы шақырымдай аумақты – 18 елді мекенді, 302 шақырым автомобиль жолы мен 20 шақырым темір жолды су басуы мүмкін екендігін айтты.

Облыс аумағында 25 гидротехникалық құрылыс бар. 2014 жылы оларды нығайту мен күрделі жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 347,388 млн. теңге қаржы бөлінді. Өткен жылы “Қызылжар су” ЖШС ағынды су жиналатын “Биопруд”, “Омутки” бөгеттерін күрделі жөндеуден өткізді. Су тасқынына әсер ететін өңірдегі су қоймаларына, Есіл өзеніне, гидротехникалық құрылыстарға тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Маусымдық су тасқыны шараларына жергілікті атқарушы органдардың бюджетінде 349,408 млн. теңге қарастырылған.

“Қазсушар” РМК филиалының директоры Аманжол Қожағұлов Сергеев, Петропавл және Шарық гидрожелілерін су тасқынына дайындау, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исманов облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды, “ҚазАвтоЖол” АҚ филиалының директоры Асқар Жанкин республикалық маңызы бар жолдарды су тасқынынан қорғау үшін атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.

Ерік Сұлтанов көктемгі су тасқынына байланысты кешенді шараларды жүзеге асыру, елді мекендерді су басу салдарының шығындарын барынша азайту, ағынды су өтетін құбырларды, өткелдерді, жыраларды қардан, көң-қоқыстан тазарту, төтенше жағдайларды жою үшін инженерлік және жол-құрылысы техникаларын әзірлеу, су қоймаларына бақылау жасау, автомобиль және темір жолдардың бұзылуына жол бермеу, инертті материалдардың қажетті қорын жасау, су тасқыны жайында жергілікті тұрғындарды хабардар ету жөнінде Петропавл қаласы мен аудандардың әкімдеріне, тиісті ведомстволардың басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Нұрсайын ШӘРІП,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp