«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨЛІК МІНІП, ДӘМХАНА САТЫП АЛҒАН

Петропавл қалалық сотында алаяқтық жолмен мемлекет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген облыстық қаржы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Әділбек Қалиев пен оның зайыбына қатысты істі қарау жалғасуда.

 Олардың қылмыстық әрекетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары өткен жылы әшкереледі. Мемлекеттік қызметшінің зайыбының банкоматтан көп мөлшерде ақша алып жатқаны көрсетілген бейнежазба да ғаламтор арқылы тарап кеткен. Ерлі-зайыптылар заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, мемлекетке 574061240 теңге шығын келтірді деп айыпталып отыр.

 Белгілі болғандай, облыстық қаржы басқармасында, алдымен бөлім жетекшісі, кейіннен басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарған Әділбек Қалиев мемлекеттік қызметте жүргеніне қарамастан, жер кадастры және басқа да жұмыстарды жүргізетін “New programm” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін сатып алған. Оған директорлыққа зайыбы Динара Қалиеваның өгей әкесін тағайындаса, есеп-қисаппен зайыбының өзі айналысқан. Айыптау материалдарына сәйкес күдікті сумен қамтамасыз ету нысандарын коммуналдық меншікке беру арқылы байымақ болған. 234 учаскеде орналасқан нысандардың әрқайсысы бойынша жерге орналастыру жобасын жасау, карта, жер-кадастрлық құжаттарды әзірлеу үшін бюджеттен қаржы бөлініп, облыстық қаржы басқармасы бұл жұмыстарға мемлекеттік сатып алу жүргізген. Тендерді Әділбек Қалиевке тиесілі жоғарыда аталған серіктестік ұтып алған. Ақшаны алғанымен, жұмысты мүлдем орындамаған. Айыпталушының зайыбы Динара Қалиева жеке бухгалтерлік фирма арқылы порталға жұмыстың орындалғаны жөнінде жалған есеп беріп отырған. Бұл есептерді қаржы басқармасы көз жұмып қабылдаған.
2018 жылы облыстық қаржы басқармасы мемлекеттік сатып алулар жөніндегі келісімшартқа сәйкес серіктестіктің шотына 347 млн. теңге аударған. Мемлекеттік қызметші оңай жолмен түскен пайдаға орталық көшедегі “Central City Сafe” дәмханасы мен балаларға арналған “Super Star Club” шағын орталығын және “Тойота Хайлендер” маркалы автокөлік сатып алады. Алайда, көп ұзамай мемлекеттің қаржысын жымқырған ерлі-зайыптының қылмыстары әшкере болады.
Өткен жылдың маусым айында Динара Қалиева банктен 68,5 млн. теңге алған. Ал бірнеше күннен кейін өгей әкесі екеуі банкоматтан тағы 19,5 млн. теңгені алып жатқан сәтте қолға түскен.
Айыпталушылардың 3 жасар және 11 айлық балалары бар. Сол себепті Динара Қалиева істі қарау барысында қамауға алынбай, сот отырыстарына келіп тұруға міндеттелді.
Сотқа қатысқан куәгерлердің басым бөлігі, яғни, мемлекеттік қызметшілер бұқаралық ақпарат құралдарына өздерін түсіруге қарсы болды. Дегенмен, судья Михаил Гусев бұл қылмыстық істің мемлекеттің мүддесі үшін ашық қаралғаны жөн екенін естеріне салды. Облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі Сәуле Тоқышева тендерді ұтып алған “New programm” және “Бест изобильное” серіктестіктері, шән мәнінде, Әділбек Қалиевтікі екенін айтты. Айыпталушылар бүгінге дейін материалдық шығынның орнын толтырмаған. “Тендерге сәйкес дайындалуы тиіс жер-кадастрлық істердің бірде-бірі орындалмаған”, – деген Сәуле Тоқышева істі қарау аяқталмағандықтан, шығынның орнын толтыру жөнінде арыз жазбағандарын жеткізді.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp