«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨПІР ЖАҢАРТЫЛУДА

Үстіміздегі жылы жолдарды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 12,5 млрд. теңге қаражат бөлінді. Бұл қаржының 1 млрд. теңгесі Петропавл қаласындағы “Оңтүстік – Орал” темір жолының үстімен өтетін көпірді қайта қалпына келтіру жұмыстарына бағытталған. 

1959 жылы пайдалануға берілген көпірдің бүгінгі жағдайы сын көтермейді. Сол себепті оны қайта қалпына келтіру бойынша шешім қабылданған. “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмысқа алматылық “Мосто-строительный отряд №25 им. Рязанова” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үстіміздегі жылдың ақпан айында кірісіп, 23 арнайы техника мен 90 қызметкерін жұмылдырған. Мердігер компания барлық жұмысты 2018 жылдың қараша айында аяқтауды жоспарлап отыр.

– Екі бөліктен тұратын көпірді біріктіретін боламыз. Сонымен қатар оның ұзындығы 9 метрге ұзартылады. Нысанды ұстап тұрған ескі бетон бағандар жаңасына ауыстырылуда. Бұған дейін арасы 24 метрді құраған бұл бағандар алшақтайды. Қазір жұмыстың 10 пайызы орындалды. Жоспар бойынша көпір маусым немесе шілде айынан бастап бір жылға жабылатын болады, – дейді серіктестіктің учаске басшысы Андрей Волощук.

Облысымызда республикалық маңызға ие 1468 шақырым жол бар болса, оның 310 шақырымының жағдайы көңіл көншітпейді. “ҚазАвтоЖол” ҰК” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Болатбек Айтбаевтың айтуынша, өңірімізде бұл кемшіліктерді жою бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында 211 шақырымдық “Астана – Петропавл” жолын жаңғырту жұмыстары жалғасын табуда. Өткен жылы 143 шақырымы пайдалануға берілді. Оның 132 шақырымы екі жолақты, ал облыс орталығының жанындағы 11 шақырымы төрт жолақты жол. Сонымен қатар Ақмола облысынан Петропавл қаласына дейін транзиттік автокөлік дәлізі жасалды.

– Үстіміздегі жылы “Челябі – Новосібір” автокөлік жолының Петропавл мен Қорған облысы және “Жаңажол” шекаралық пункті аралығындағы 60 шақырымдық бөлігін, 8 шақырымдық “Петропавл қаласының айналма жолы” учаскесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады. Облысымызда 2020 жылға дейін “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында 6,7 мың шақырым автокөлік жолын салу және қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарланған, – деді Болатбек Айтбаев.

Көктемгі су тасқыны солтүстікқазақстандықтарды біраз әбігерге салғаны белгілі. Соның салдарынан елді мекендердегі баспаналар ғана емес, республикалық маңызға ие жолдар да зақымданды. Әсіресе, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданының Рузаевка – Көкшетау және Петропавл – Жезқазған бағытындағы жолдарын үш жерден су шайып кеткен. Қазіргі уақытта ол учаскелерде су өткізгіш құбырларды орнатуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жобалықсметалық құжаттамалар дайын.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp