Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақта “IBF” және “IBO” тұжырымдары бойынша чемпион Геннадий Головкин келесі қарсыласы польшалық Камил Шереметамен 21 қарашада жұдырықтасатын болды. Бұл туралы жақында “The Athletic” инсайдері Майк Коппинджер хабарлады.
Инсайдерлердің хабарлауынша, кездесу АҚШ-тың Карсон қаласындағы “Dignity Health Sports Park” аренасында өтеді деп жоспарланыпты. Жекпе-жекті “DAZN” платформасынан онлайн көруге болады. Қазіргі уақытта “GGG” Америкада кездесуге дайындығын пысықтау үстінде, ал 30 жастағы Камил Шеремета өз Отанында жаттығып жүр. Головкин мен Шереметаның “IBF” белбеуі үшін жекпе-жегі осы жылдың басында өтуі керек еді. Бірақ түрлі себепке байланысты бірнеше рет кейінге шегерілді. Алдымен қазақстандық боксшының жарақатына, кейін пандемияға байланысты кедергі туындады. Енді міне, көп күттірген кездесудің қараша айына жоспарланғанын барлық басылым жарыса жазуда.
Шынын айтқанда, спортсүйер қауым отандасымыздың полякпен емес, мексикалық Сауль “Канело” Альвареспен үшінші жекпе-жегін қалайтыны анық. Әрине, бокс жанкүйерлері үшін мексикалық боксшымен кездесудің орны бөлек. Бұған дейінгі екі шайқас та тартысты өткен болатын. Көрермендер үшінші кездесуде де қос мықтының шаршы алаңдағы текетіресін тамашалағысы келеді. Қараша айына жоспарланған жекпе-жек Геннадий Головкин үшін түрлі экспериментке баруға және бұған дейін кеткен қателіктерге түзету енгізуге тамаша мүмкіндік болғалы тұр. Әрі келер жылға жоспарланған Альвареспен кездесуіне де дайындығын пысықтап алмақ.
Жалпы, бұл жекпе-жектен не күтуге болады? Қарсыласы туралы не білеміз? Камил – шабуылға әуес, сериялы соққылар жасайтын техникалық шеберлігі мықты боксшы. Егер ол алғашқы алты раундқа шыдаса, онда жеңіске жетуі де мүмкін. Алайда, шетелдік спорт сарапшылары мен мамандарының басым бөлігі Камилдің жеңісіне үлкен күмәнмен қарайды. Былтыр Камил Шеремета Нью-Йорктегі “Madison Square Garden” төрінде Оскар Кортесті екінші раундта техникалық нокаутпен жеңген болатын. Ал Геннадий Головкин өткен жылдың қазан айында украиналық Сергей Деревянченкоға қарсы өткен кездесуінде “IBF” және “IBO” титулдарын қайтарып алды. Алдағы кездесуде де өзінің мықтылығын дәлелдейді деп сенеміз. “GGG” жұдырықтасу кезінде бір сәтке де дамыл таппайтын, жиі шабуылға шығатын боксшы. Соққысы да жойқын. Сондықтан отандасымыздың жеңісіне күмән келтіретіндер аз.
Спорт жанкүйерлері де Камил Шеремета отандасымыздың ауыр соққыларына шыдас бермейді деп топшылауда. Сондықтан бұл кездесу мерзімінен бұрын аяқталуы тиіс. Поляк негізінен өз елінде ғана танымал. Бүгінге дейін рингке 21 рет шыққан. Оның барлығында да қарсыласынан айласын асырған. Бірақ Камилді қарсыласын нокаутқа түсіретін панчер деп те айта алмаймыз. Ол тек 5 жекпе-жегінде нокаутпен жеңіске жеткен. Қалғандарында ұпай санымен басым түскен. Боксшының айтарлықтай титулы жоқ. “EBU” тұжырымы бойынша Еуропа чемпионы деген атағы ғана бар. Бұл – оның кәсіпқой бокстағы жалғыз жетістігі.
Алдағы жекпе-жекте Геннадий Головкин “IBF” белбеуі үшін шайқаста фаворит саналып отыр. Спорт мамандары жеңісті осы бастан GGG-дің еншісіне жазуда. Бірақ бұл болжам ғана. Спорттың аты – спорт. Сондықтан дөп басып айтуға әлі ерте.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.