«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨП ТІЛ БІЛУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Тіл – халықтың ең басты қазынасы. Республикалық “Тілдердің ұштырлылығы” мәдени жобасы осы құндылықты сақтап, дамыту мақсатында енгізілді. Осыған орай аудан, облыс, республика аясында түрлі жоспарлы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі жақында Петропавл қаласында болып өткен облыстық “Тіл шебері” сайысы. Оның жеңімпазы Жайнагүл Айғожинамен сұхбаттасқан едік.

– Жайнагүл, жеңісіңіз құтты болсын! Сұхбатымыздың басында алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз.

– Мен Петропавл қаласында туып-өстім. Әл-Фараби мектеп-лицейінің түлегімін. Бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін үйрендім. Тілге деген қызығушылығым жылдан- жылға арта түсті. Алдымен мені осы білім бұлағынан сусындатқан ұстаздарымның, өзімнің ынта-жігерімнің арқасы шығар, араға бірнеше жыл салып, ағылшын тілін бір адамдай меңгеріп алдым. Мектепті тамамдаған соң бар білген, түйгенімді одан сайын дамыта түскім келді. Сондықтан да көп ойланбастан, ұстаздық жолды таңдадым. Сәтін салып, СҚМУ студенті атанып, барлық ой-арманым жүзеге асты. Таңдаған мамандығым бойынша жоғары оқу орнын үздік дипломмен аяқтап, ағылшын және неміс тілі мұғалімі мамандығын алдым. Бүгінгі таңда Аққайың ауданына қарасты Дайындық ауылының негізгі мектебінде ағылшын пәнінің мұғалімі болып қызмет істеп жүрмін.

– Сіз – 2009 жылы “Тіл шебері” байқауына қатысып, аудан, облыс көлемінде жеңіске қол жеткізіп, республикалық сайыста бақ сынаған үміткерлердің бірісіз. Қалай ойлайсыз, биылғы байқау Сіз үшін несімен ерекшеленді?

– Дұрыс айтасыз, осыдан бес жыл бұрын мен аталмыш сайысқа қатысып, бақ сынағам. Ол кезде мен әлі студент едім. Шыны керек, қазір байқаудың талабы әлдеқайда күшті. Тілді жетік меңгергеніңді дәлелдеу үшін біраз күш жұмсау керек болды. Оқып, сөйлеумен қатар, ойыңды нақты жеткізе білуің керек. Әсіресе, үшінші “Елтаным” атты тапсырмада қазақ елі, оның аймақтары жөнінде тапсырмаларды ағылшын тілінде орындау маған оңайға түспеді. Бар дайындығым сынға түскендей сезімде болдым.

– Тағы қандай өнеріңіз бар?

– “Әу демейтін қазақ жоқ” деп тегін айттылмаған болар. Мен ән айтқанды жақсы көремін. Сонымен қатар, домбыра тартамын. Өнердің барлығы ізденісте деп ойлаймын. Бір нәрсені үйрендім, білдім, толдым деп сонымен шектелуге болмайды. Мүмкіндік болып тұрғанда оқып, алға ұмтылып, заман талабына сай болуға тырысу керек. Әр деңгейде ұйымдастырылып жүрген осындай сайыстар жастар үшін өте қажет. Оның арқасында еліміздегі тіл саясаты қанатын кеңінен жайып, қабілетті жастар жан-жақты қолдауға ие болады.

– Қазір оқушылардың үш тілді үйренуге деген көзқарасы, құлшынысы қандай, осы жерде “Тіл шебері” сайысының жеңімпазы ғана емес, ұстаз ретінде де өз ойыңызды ортаға сала кетсеңіз.

– Тіл – тірлігіміздің айғағы. Оқушыларымыз үш тілді де бірдей деңгейде үйреніп, өздерін жеке тұлға ретінде таныта білсе, бұл алдымен ата-ана, ұстаз, тіпті, ел мерейі емес пе? Сондықтан да қолымыздан келгенше еңбектеніп, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу бағытында еңбектеніп жүрген жайымыз бар. Қуаныштысы сол, қазір оқушылар арасында тіл үйренуге деген талпыныс өте жақсы. Себебі, заманның талабы сол. Еліміздің дамыған елдер қатарына қосылуы үшін “Тілдердің үш-тұғырлылығы” мәдени жобасының жүзеге асуына әркім өзінше үлес қосуы керек. Бұл – ортақ мақсат. Ол үшін әр жас қазақстандық білім алуға, мемлекеттік және басқа да тілдерді игеруге тиіс, өз елі мен жерінің өміріне белсенді араласып, бастамашыл болуы қажет. Біз осылай ғана елімізді нығайтамыз және келешекте оған тірек бола аламыз.

Әңгімелескен

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp