«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көрерменмен қауышуға асық

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының ұжымы жаңа маусымның басталуына орай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Қыркүйектің 16-сында өнер ордасы көрермендерге Сәбит Мұқановтың “Шоқан” тарихи драмасының премьерасын ұсынған болатын. Ұжым жыл соңына дейін тағы 4 қойылым сахналамақ.

20 жылдық тарихы бар об­лыстық театр кезекті маусымын тың серпіліспен, жаңа құраммен бастағалы отыр. Сахна шымыл­дығын түрген “Шоқан” спектаклі ғалым Шоқан Уәлихановтың – 185, академик жазушы Сәбит Мұ­қановтың – 120 және өнер оша­ғының 20 жылдығына тарту бол­ды. Театр труппасы ұлы ғалым­ның өмірі мен жарқын істеріне арналған туындыны алғаш рет 2000 жылы сахналаған екен. Бү­гінде тарихи драма қайта өңделіп, жаңа идеялармен толығып, өзгеше форматта ұсынылған. Сондай-ақ, биылғы маусымда Әбу Насыр әл-Фарабидің мерейтойына орай да жаңа қойылым сахналанбақ. Қоюшы режиссеры – Фархадбек Қанафин. Ол Шах­мет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында “Арман-ақ­жел­кен”, “Ай тұтылған түн” және “О, қыздар!” спектакльдерін сахнаға шығарып, талантты режиссер ре­тінде танылған. Ұлы ойшыл­дың рөлін сомдау бақыты жас актер Айбол Қасымға бұйырып отыр.

Бұдан басқа әртістер хакім Абайға арналған жаңа спектакль әзір­леу үстінде. Театр өз мерей­тойына орай тың бастаманы қол­ға алған. Жыл соңына дейін өт­кен уақытта көрерменін тапқан 100-ге жуық спектакль жайлы ақпарат беретін арнайы жинақ жарыққа шықпақ.

Биыл ұжым қатары жаңа кадр­лармен толыққан. Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі Нұр­ислам Әбділ бірер айдан бері әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып еңбектеніп жүр. Ал театр­дың беткеұстар әртістерінің бірі, “Мәдениет саласының үздігі” төс­белгісінің иегері Дәурен Тойба­­заров көркемдік жетекші қыз­ме­тіне кіріскен. Оның айтуынша, бүгінде сахнагерлер қатары үш жас әртіспен және бір хореог­рафпен толыққан.

Киелі шаңырақта өнер көрсет­кісі келетіндер тарапынан сұра­ныстар арта түскен. Алай­да, жас мамандарды жұмысқа қабылдау үшін алдымен олар­дың әлеу­меттік жағдайын шешу керек. Бү­гінде мұнда жұмыс істеп жүрген жастардың көбінің баспанасы жоқ. Театр басшы­лығы жұмыс­пен қамту орталы­ғымен бірлесіп, екі әртістің бір жыл бойғы пәтер жалдау ақысын мемлекеттік қаржы есебінен өтелуіне қол жет­кізген. Бұдан бөлек, ұжымдық ке­лісімшарт бо­йынша жас маман­дардың пәтер­ақысының 40 пайы­зын өтеуге қар­жы бөлу қарас­тырылған. Өзге де қызметкерлердің әлеу­меттік жағдайын ше­шу мақса­тын­да тиісті орындарға өтініш біл­дірілген. Мәселен, театр басшылығы басында бас­па­насы жоқ өнер адамдарына жатақхана салып беру жөнінде депутаттарға жүгініпті.

Киелі орданың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырған театр директоры Біржан Жалғасбаев журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып: “Елдегі ах­уалға байланысты мекемелер­дің біразы жұмысын тоқтатып, онлайн форматқа ауысқаны бел­гілі. Араға жарты жыл салып, барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отыра, біздің ұжымымыз өз жұ­мысына қайта кірісті. Бүгінде белгіленген ара қашықтықты сақтау мақсатында көрермен­дерімізді аз құраммен ғана қарсы алып жатырмыз”, – деді. Ол со­ңында ұжым мүшелерінің театр залының халыққа лық толған кездерін, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласын сағынғанын да жасырмады. “Өнердегі кез кел­ген адам, ең алдымен, тыңдар­ма­нымен, көрерменімен бақыт­ты. Біз сахнада тұрып, театрға келгендердің қойылымды көріп, өнерімізге риза болғанынан шабыт аламыз, одан әрі талпы­на түсеміз. Әлем бойынша орын алған мына жағдайдың тезірек аяқталып, жуық арада залымыз бұрынғыдай халыққа лық толып, алтындай көрермендерімізбен асыға қауышатын сәттер әлі де көп болады деген үміттеміз”, – деп ағынан жарылды.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp