“Нұр Отан” партиясының кезектен тыс XVII съезінде еліміздің әр өңірінен жиналған делегаттар партияның сайлауалды тұғырнамасын асқан қызығушылықпен және ең маңыздысы жоғары кәсібилікпен талқылап, пікір алмасты. Делегаттар ел тұрғындарының әр қадамын күнделікті кес-кеcтейтін түйінді мәселелерді қозғап, оларды еңсеру жолдарын іздестірді.
Елбасы атап өткендей, біз болашаққа құрар жоспарымызды бірлесе отырып анықтау үшін жиналдық. Алдымызда зор міндеттер тұр: біз инновациялық экономика құрып, демократиялық институтты нығайтуымыз қажет.
Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік жылдары елде бизнесті дамыту үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын айта келе: “Біз көптеген ауқатты адамдарды қалыптастырдық, олар елімізде капитал жинақтады. Енді шетелдегі мүліктерді заңдастырып, Қазақстанға қаражат әкелу керек. Бүгінде республикада жекешелендіру жүріп жатыр. Олардың осы үрдіске қатысып, нысандар сатып алуына және қазақстандықтар үшін жұмыс орындарын ашып, өндірісті дамыту арқылы табыс табуына болады”, – деді.
Сондай-ақ, Елбасы елімізде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының алыпсатарлық арқылы өсуіне жол бермеудің маңыздылығына назар аударды. Ол үшін елімізде өнім шығару көлемін ұлғайту қажет.
Жаһандық дағдарыс небір тосын жайларды алға тартуда. Мұндай қиындықты барлық елдер бірдей еңсере алмайды. Бірақ біз шыдас беруіміз керек. Ал, ең бастысы, ел тұрғындарының мүддесін қорғап, әлеуметтік қолдауды азайтпай, керісінше, көбейту қажет.
Сайран ХАМЗИН,
Петропавл қалалық
мәслихатының депутаты.