«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨШІП КЕЛГЕН АҒАЙЫНҒА ҚҰШАҒЫМЫЗ АШЫҚ

2017 жылдан бері Қызылжар өңіріне нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында 1428 отбасы 4894 адам көшіп келген. Үстіміздегі жылы олардың қатары тағы 709 отбасымен толықты. 

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының оралмандар және ішкі қоныс аударушылар жұмысын жүргізу бөлімінің басшысы Алма Ахметованың айтуынша, көшіп келушілер облыстағы 13 ауданға қоныстануда. Ал Петропавл қаласының өзіне қабылданбайды. Өйткені, мұнда тұрғын үй мәселесі қиындық тудырады.

Қоныс аударушыға көшіп келу шығыны үшін 88 мың теңгеден төленген. Бұл – отбасы мүшелерінің әрқайсысына төленетін шығын. Оның үстіне 2018 жылдан бастап көшіп келушілерге аудан өкілдері тауып берген үйлердің жалдау құны төленеді. Оның көлемі бір адамға 15 АЕК-тен басталады. Егер отбасындағы жандар көбірек болса, оның көлемі де өседі. Мысалы, төрт адамдық отбасыға пәтер жалдау құны 18 АЕК болады. Бұл – ай сайын осы отбасының пәтер жалдауына 45450 теңге төленеді деген сөз. Төрт адамы бар отбасы үшін бір жылда барлығы 545400 теңге қарастырылған. Егер көшіп келуші ауылдан үйді өзі тапқан жағдайда бір жылдық жалдау ақысы тұтастай қолына беріледі. Үйдің бағасы бұл ақшадан арзан болса, артығы өзінде қалады. Қазір ауылдағы үйлер арзан екенін ескерсек, бұл ақша үй алуға жетеді. Ал бұдан қымбатқа алса, артығын өзі төлейді.
Сонымен қатар көшіп келушіге үйінің қасындағы он сотық жер тегін беріледі, ал егер бизнеспен айналысқысы келсе “Бастау” бағдарламасы бойынша оқуға жіберіледі.
Биыл көшіп келетін азаматтарға қанатқақты жоба бойынша үйлер салынып жатыр 2021-ші жылға дейін барлық аудандар бойынша 2142 үй салу жоспарланған. Ол баспаналардың 428-і биыл пайдалануға берілмек. Бірақ үйлердің маңына қора-қопсы салу қарастырылмаған. Бұл үйлер бес жылға жалға беріледі. Ай сайынғы жалдау құны 8-10 мың теңгенің аралығында болмақ. Бес жылдан кейін сатып алу құқығы беріледі. Егер сатып алуға ақшасы болмаса, жалдау келісімшарты тағы да он бес жылға ұзартылады. Бір үйдің бағасы – жеті миллион теңге.
Көшіп келушілерге жаңа үй салу мәселесін облыстық әкімдік кешенді бағдарламаға енгізген. Қазіргі заманда қалаға немесе басқа жерлерге қоныс аударушылардың көбеюіне байланысты ауылдағы үйлер арзандағанымен, жергілікті билік осындай шешімге келген. Алма Ахметова ондай үйлердің ескі екендігін немесе бірнеше жыл сатылмай тұрғандықтан ішінің құты кетіп, жөндеуді талап ететінін айтты.
– Көшіп келушілерге жақсы үйлер ұсынылады. Сонымен қатар бұл үйлер болашағы жоқ ауылдарға емес, әлеуметтік ахуалы жақсы елді мекендерге салынады. Мұндай ауылдардың жолы дұрыс, мектеп бар, интернетке қосылған, – деді бөлім басшысы.
Дегенмен, өзіміз көрген бір келеңсіздіктер туралы да сұрадық. Мәселен, Есіл ауданындағы Спасовка деген ауылда осындай үш үй салу қолға алыныпты. Бұл елді мекен тараудың аз-ақ алдында тұр. Мектептері жабылған. Ал одан он екі шақырым жердегі ауыл мызғымай отыр. Мектебі де бар, оқуы ана тілінде жүргізіледі. Тек жол мәселесі шешілмей тұр. Үйлерді осындай болашағы бар мекендерге салу керек емес пе еді деген сұрағымызға “бұл жергілікті әкімдіктің шешкені, мүмкін, ол ауылға да келесі жылы үйлер салынар”, – деген жауап берілді…
Жалпы облысқа келгендердің 70 пайызға жуығы түрлі жұмыстарға орналастырылған. Олардың көбі ауыл шаруашылығы, ал мамандығы бар мұғалімдер мен дәрігерлер мектептер мен фельдшерлік қосындарда еңбек етуде. Мал, жер учаскелерін алып, бизнеспен айналысып жатқандары да бар екен. Биыл осы бағдарламаға бюджеттен 511 млн. теңге бөлінген.
Жасыратыны жоқ, мемлекеттің бөлген ақшасын алып, артынан тайып тұратындар да жоқ емес. Бүгіндері 81 отбасы қайта көшіп кеткен. Сондықтан қаражаттың орынды жұмсалуын бақылау қандай дәрежеде екендігін де сұрап білдік. Сөйтсек, көшіп келетін жандар “жұмыспен қамту” орталығымен әлеуметтік келісімшартқа тұрады. Құжат арқылы берілген ақшаны орнымен жұмсауға міндеттеледі. Қайта көшіп кеткісі келетіндер мемлекет қаржысын толығымен қайтарады. Ал бұл талаптарды орындамаған жағдайда, құқық қорғау органдарының қудалауына ұшырайды.
Міне, бүгінгі таңда көшіп келуші ағайындарға осындай жақсылықтар жасалып жатыр.

 

Жақсыбай САМРАТ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp