«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көңілдің асыл пернесі

Ағаш жапырақтары сарғайып, күн нұрын сирек шашып, күңіре­ніп күз жеткенде құс­тар жылы жақ­қа қайтып кетеді. Осы бір та­би­ғи құбылысты аса көрнекті сазгер Нұр­ғиса Тілендиев “Құстар қай­тып барады” әнін­де дөп басып жеткізе білді. Ғаламат қыл­қалам шеберінің қолынан шыққан сурет сияқты көз алдыңда көлбеңдей­тін осы бір әнде бүкіл тіршілік біт­кеннің тағдыры жасы­рынып жат­қандай. Адамның мұңын, қайғы­сы мен қуанышын әсерлі жеткі­зе­тін нота­лар­дан мін таппайсың. Со­нымен толайым талант тудыр­ған бұл ән қалай өмірге кел­ген? Осы жайында әңгіме өрбітейік.

Көктемнен кейін жаз мезгілінің бастала­тыны сияқты, адамдардың да өз өмірінің күзінен қашып құ­ты­ла алмайтыны шындық. Құс­тар да қақаған қыстың алда еке­нін қанатта­ры­ның мұңды суылы­мен меңзеп, алыс-алыс жылы жақ­тарға қарай ұзақ сапар шеге­ді. Жыл құстарының өз ұяларын қа­лай таба­тын­дығының сыр-се­бебін әлі ешкім ашып айта ал­май­ды. Ал өз ұясына қайтпай қа­­ла­тындары қаншама? Адамның сол құс­тар­дан айырмашылығы бар ма? Тәңірдің де, табиғаттың да алдында тіршілік біткен дәр­мен­сіз. “Нұрғисаның тұла бойы тол­ған ды­быс қой, оның денесі­нен бір жапырақ етті үзіп алып, лақ­ты­рып тастасаң, ол екеш оған де­йін бүлкілдеп, өлең айтып жа­тады”, – деп режиссер Қанабек Байсейі­тов айтып өткен­дей, ұлы сазгер осынау құбылысты ба­рын­ша шынайы жеткізіп, “Құстар қайтып ба­рады” әнін дүниеге әкелді.

1965 жылы сазгер Нұрғиса Ті­лендиевтің Шә­кен Айманов атындағы “Қазақфильм” киносту­диясында музыкалық бағдар­ла­ма­лардың бас редакторы қызме­тін атқарған тұсы. Бірде ол жұ­мыс­тан шығып, көңілсіз­ күйде үйі­не қарай аяңдап келе жатады. Сі­рә, бір дүниеге көңілі толмаса керек. Алма­тыдағы 28-панфиловшы­лар саябағына аялдап, орындыққа отырып, айналасына қарай бастайды. Кенет көзіне ұшып жүріп, ағашқа келіп қонған тырна түседі. Жаңа қон­ған тыр­на­ға ағашта отырған өзге құстар, оның ішінде қарғалар тыныштық бермейді. Қайта-қайта келіп, шо­қып, мазасын алады. Құс­тардың бұл әрекетін көрген сазгер: “Адам мен құстың өмірі қандай ұқсас” деген ойға шомады. “Жер бетінде адам баласы бір-біріне сұстана қарап, қызыл сөзге жол беріп, бір-бірін көре алмай, қуда­лап жата­ды. Бұл әрекет құстар­дың да өмірінде бар екен-ау. Тыр­наны қарғалар отырғызбай қой­ды. Мен болсам, көзге жас алып, үйге қарай бет­тедім” – деп, үйге кел­ген бойда саябақ­тағы жағдай­ды жары Дариға Тілендиеваға айтып береді. Сазгер біразға де­йін қанат­тылар көрінісін жүрегін­де сақтап, шабытта­нып, “Құстар қайтып барады” әнін нотаға түсірді.

Кейін ақын Тұманбай Молда­ға­­лиевты ша­қырып алып, әннің шығуына ықпал еткен жағ­дайды баяндайды. Ақын компо­зиторды мұқият тыңдап, ән мәті­нін жазуға кіріседі. “Құстар қай­тып барады” әні халық назарына осылайша ұсынылады.

Бұл әннің алғашқы орындау­шы­сы – Қа­зақстан Республика­сы­ның халық әртісі Ро­за Жама­но­ва. Кейін қос дауыста сол кез­де өнерге енді ғана қадам басқан Бақыт Әші­мова мен Шолпан Тоқ­санова деген жас ән­ші­лер шыр­қа­ды. Бұл шығарманың арқа­сын­­да жас әншілердің де танымал­ды­лығы өсіп, өзге ел халық­та­рының қазақ музы­касына деген ықыласы арта түсті. Мәсе­лен, Үн­дістан елі қазақтан шыққан шы­ғармаға зор қызығушылық таны­тып, әніне бірнеше мәтін жазған.

Өткен ғасырдың 70, 80-інші жыл­да­рын­да бұл туынды “Құс­тар әні”, “Бара жатыр құс қай­тып”, “Құстар қайтып бара жа­тыр” де­ген атауларға ие болды. Сазгер жүрегінен шыққан әуенді сырын бұзбай орындау тек шебер орындаушының қолынан ғана келетіні белгілі. Осы орайда “Құстар қайтып ба­рады”-ны ха­лық әртістері Майгүл Қазтұр­ғано­ва, Ермек Серкебаев, Нұрғали Нү­сіп­жа­нов және Роза Рымбаева сияқты саз өнерінің майталман­да­ры шырқады. Әсіре­се, Майгүл­дің әнді оркестрдің сүйемел­де­уімен орындаған сәттерін асыға күтуші едік.

Нұрғиса Тілендиевтің өзі де кө­зі тірісінде жеке концерттерінің барлығын осы әуен­мен аяқтап, оның көбірек шырқалуына зор мән берген. Өйткені, өзі шығар­ған ту­ынды­лардың ішінен бұл ән­ді жанына жақын тартып, ерекше санаған. Тіпті, сазгер қайт­пас са­парға аттанар сәтінде: “Мені “Құс­тар қайтып барады” әнімен шы­ғарып с­алың­дар” – деп, әннің сө­зінде жазылғандай, өмір сүр­ген ортасын қимай кетіп бара жат­қанын жеткізуге тырысқан.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,

күйші.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp