Қостанай облысында «Найза-Антитеррор-2025» деген атаумен терроризмге қарсы республикалық жедел-тактикалық оқу- жаттығудың қорытынды кезеңі өткізілді. Оған Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі, ішкі істер, қорғаныс, төтенше жағдайлар, мәдениет және ақпарат, көлік министрліктері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Мүдделі мемлекеттік органдардың террористік сипаттағы «гибридті» қауіптердің алдын алудағы жауынгерлік әзірлік деңгейі тексерілді. Жауынгерлікке барынша жақын жағдайларда диверсиялық-террористік актілерді болдырмау, сондай-ақ олардың салдарын барынша азайту және жою бойынша тренингтер өткізілді. Кибершабуылдарға ден қою, шартты террористерді іздеу және анықтау, броньды техникасы бар арнайы мақсаттағы күштердің орнын ауыстыру, кепілге алынғандарды босату және жарылғыш құрылғыларды залалсыздандыру жөніндегі операцияларды жүргізу бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау тетіктері пысықталды.
Сонымен қатар шақырылған журналистер үшін терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерін ақпараттық кеңістікте жариялау бойынша семинар-тренинг өткізілді. Семинарға Солтүстік Қазақстан облысының БАҚ өкілдері де қатысты. Онда журналистер дұрыс ақпарат беру, қауіп төнген жағдайларда дұрыс әрекет ету, медиа кеңістікте діни радикализмнің алдын алып, жол бермеу туралы білімдерін жетілдіріп, тәжірибелік сабақтарға қатысты.
«Журналистер қандай жағдайға болмасын дайын болулары керек. Антитеррорлық іс-қимыл кезінде БАҚ өкілдерінің кәсіби әрекет етіп, халықпен дұрыс қарым-қатынас орнатып, оқиғаға объективті баға бергені дұрыс. Мұндай қатерлі сәтте әр ақпарат жіті тексеріліп, сүзгіден өтіп барып жариялануы тиіс», – дейді Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметі басшысының орынбасары Майгүл Айнабекова.
Оқу-жаттығулардың қорытындысы бойынша ел аумағындағы террористік қауіптерге қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру жөнінде қосымша шешімдер әзірленді.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».