«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЙДАНГЕРЛЕРДІҢ БӘРІ БІРДЕЙ ЕМЕС ПЕ?..

Жоғарыдағы сауалға бүгінде өзге түгіл, балабақшадағы бөбек те “Иә” деп жауап берері анық. Демек, ел қорғаған ерлерге деген жанашырлық та бірдей болуы керек қой. Алайда, Жеңіс жауынгерлеріне облыстарда жасалып жатқан қамқорлық деңгейінің әркелкілігіне назар аударсаңыз, көкейіңізде “Бұл қалай?” деген сауал туындары сөзсіз.

Мәселен, бұқаралық ақпарат құралдары таратқан мәліметтерге қарағанда, күні кеше аталып өткен Жеңістің 69 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысына қатысушылардың әрқайсысына облыстық бюджеттерден бөлінген біржолғы материалдық жәрдем мөлшері Ақтөбе мен Атырау облыстарында 100 мың теңге, Батыс Қазақстан облысында 50 мың теңге болған екен… Ал біздің Солтүстік Қазақстан облысының майдангерлері болса 117 мың теңгеден мерекелік сыйақы алып, көңілдері бір марқайып қалды. Олардың өздеріндей майдангердің ұрпағы болып табылатын облыс әкімі Самат Ескендіровтің бастамасымен жергілікті соғыс ардагерлеріне көрсетіліп отырған қолдау мен құрметке алғыстан басқа айтарлары жоқ.

Әрине, әр өңір өздерінің майдангерлеріне біржолғы материалдық көмекті “көрпелеріне қарай көсіліп” көрсеткені айтпай-ақ түсінікті. Бірақ, осы дұрыс па?  

Қатарлары жылдан-жылға селдіреп бара жатқан қарт сарбаздар саны қазір еліміз бойынша 6700-дей ғана екен. Жеңістің 70 жылдығына олардың қаншасы аман-есен жететіндігі бір Аллаға ғана аян… Сондықтан да, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кейбір “тоны келте” өңірлердегі соғыс ардагерлеріне “тоқалдан туғандай” күй кешкізбей, оларға алдағы жылғы даңқты мерекеге орай біржолғы материалдық жәрдем көрсету үшін республикалық бюджеттен бірдей мөлшерде қаржы бөлуге ұйытқы болғаны жөн емес пе? Шынтуайтында, олар өз облыстарының ғана емес, тұтас Отанымыздың бостандығы мен болашағы үшін қан майданда от кешіп, бастарын бәйгеге тікті ғой…

Кәрібай МҰСЫРМАН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp