Ардагерлер,
Өшпейді естен алыстағы от күндер,
Жеңіс туын желбіретіп, Берлинге де жеттіңдер.
Қанды қырғын соғыстан аман қайтқан ерлерім,
Уақыт мүжіп барады-ау, тым азайып кеттіңдер…
Оралғанда елге аман, бәрің бір-бір бөрі едің,
Айтсын оны өмірдегі барлығына төре күн.
Соғыстан соң ауылдың бойына қан жүгірткен,
Еңбектеріңді жеңістің жалғасындай көремін.
Танкі мінген тарландар тракторға отырып,
Тыңға түрен салғаны – өзі бір ерлік тақырып.
Зұлмат соғыс зардабын көріп өскен ұрпақпыз –
Шолақ аяқ, шолақ қол ұстаздардан оқыдық.
Өздеріңмен ауылдың қайта кіріп ажары,
Гүлденгенін көрдік біз, оны тарих жазады.
Жеңіс қандай керемет, Жеңіс қандай өміршең,
Күлкісіне көмілген балалы үйдің базары.
Бейбіт күнде жатқасын ерліктерің жаңғырып,
Өлмейтіндей көруші ек өздеріңді мәңгілік.
Ер кіндікті жарты жұрт кеткендей-ақ сендерге,
Қара тасқа қашалған аманатын қалдырып.
Мықты едіңдер, майдангерлер, оқ пен отты кешкендер –
Әлі дағы өмір-жүктің қамыт-бауын шешпеңдер.
Соңғы демі қалғанша шебін бермес сарбаздар,
Сендерге ғой қарыздар бейбіт күнде өскендер!
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.