«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЙДАНГЕР АҒАМА

1925 жылы өмірге келген туған ағам Қилаж Мағазұлы қоғам қайраткері, өндірісті ұйымдастырушы, журналист болды. Ол Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Қырым түбегінде, Керчь бұғазын неміс басқыншыларынан азат етуде ерлікпен көзге түскен. Ағам «Бірінші дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Әскери ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Ұлы Жеңістің 50 жылдығына арналған «Тернистый путь к Победе» кітабының бас редакторы болды.

Бейбіт еңбекте атқарған істері үшін «Құрмет Белгісі», «Қазан революциясы» ордендерін иеленген. 1999 жылы өмірден озды.

Өмір жолың даңғыл болып өткен жоқ,

Балалығың қуантпады көктем боп.

Жетім қалдың әкең менен шешеңнен,

Тағдыр сені тұқыртты ғой өктем боп.

Он алтыңда қару алып қолыңа,

Аттандың сен қан-майданның жолына.

Сені алға жетелеген қандай күш,

Санаң сенің қойды ма екен толыға?

Сезім билеп кетті ме екен бойыңды,

Әлде нелер мазалады ойыңды.

Білем, аға, жараланып жүрегің,

Балалығың ерте бітті, жойылды.

Керчь шебі жауға қадам басқаның,

Қырым жерін босатудан бастадың.

Қасарысқан, қырылысқан шайқаспен,

Фашистерді кейін қуып тастадың.

Жүріп өттің қилы майдан белесін,

Ер жігітке болмасын бұл неге сын?

Қаның төгіп дәлелдедің ақтығын,

Әкеміздің халық жауы емесін.

Оралсаң да жеңіспенен еліңе,

Болмады орын қызметтің шеніне.

“Халық жауы” баласы деп қуғындап,

Ұшырадың қасіреттің шеріне.

Елімізге әділеттік келгенде,

Ақиқаты тарихтың жеңгенде,

Жойылды да қара таңба жағылған,

Көтерілді бұққан сенің еңсең де.

Жарты ғасыр сіңді еліңе еңбегің,

Қызметте аз болмады бергенің.

Үкіметтің зор сенімін ақтадың,

Адалдықпен аянбадың, ерледің.

Анық жатыр сенің салған іздерің,

Ұмытылмас жемісі мол істерің.

Ел басқардың қамқор болып халқыңа,

Осы еді ғой жұрт көзіне түскенің.

Қарымды еді журналистік қадамың,

Ұшқыр еді қолыңа алған қаламың.

Айқын жазып қоғамдағы өмірді,

Мадақтадың абзал еңбек адамын.

Қуғын-сүргін құрбандарын ескеріп,

Жала жапқан құжаттарын тексеріп.

Сол нәубеттің тарихтарын тарқатып,

Жаздың талай тармақ-тармақ естелік.

Сарбаз едің қан майданда шыныққан,

Өмірдегі шындықтарды шын ұққан.

Шешендігің даналықпен ұштасқан,

Әңгімеңмен тыңдаушыны ұйытқан.

Болат САҒЫНДЫҚОВ.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp