Менің алдымда қалыңдығы пышақтың қырындай ғана ескі дәптер жатыр. Әбден тозығы жеткен, бұрыштары мүжіліп, ақжем болып қалыпты. Сарғайған беттеріндегі әріптер өше бастаған. Таныса келе, ғасырға жуық ғұмыры бар, оқ пен дәрінің исі сіңген бұл дәптердің айтар сыры аз емес екеніне көз жеткіздім.
Дәптер деген аты болмаса, иесі әу баста кітап шығаруға ниеттенген сияқты. Оны өз қолымен жазған алғысөзінен, түсініктемелерінен айқын аңғаруға болады. «Мен жазушылық жолға 1939 жылдан бастап, мектеп қабырғасында жүргенде кірістім. Бірақ сорыма қарай неміс-фашист басқыншылары баса көктеп кіргенде, ел басына үлкен қатер туғанда, Ұлы Отанды қорғау үшін бесіктегі бес жасар балаға дейін партияның соңына еріп, жауға қарсы аттанды. Соның бірі болып, бойым өсіп, бұғанам қатпаған жас бала болсам да, мен де оқуды тастап, майданға аттандым, – деп бастапты әңгімесін Балтабай Әмрин. – Шығармаларымды үш жүйеге бөлуді жөн көрдім. Бірінші бөлімге – Ұлы Отан соғысынан бұрын, жас оқушылық шақта, екінші бөлімге – Ұлы Отан соғысы кезінде, соңғы бөлімге Ұлы Отан соғысынан соңғы уақыттарда жазғандарым енгізілді».
Автордың өмірдің түрлі-түсті бояуларын: қуанышы мен қызығын, қайғысы мен мұңын, өзі ғұмыр кешкен заманның ауыртпалықтарын, өскен ортасының тіршілік-тынысын, «көңілдің кейбір сәттерін» өлеңмен өрнектеуге талпынысы байқалады. Оған таңдануға да болмайды. Табиғатынан ақындыққа жақын халқымыз туған тілі көркем, шұрайлы болғандықтан да шығар, данышпан Абай: «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп, бір-ақ ауыз сөзбен түйіндегендей, дөңгеленген дүниенің әрбір сәтін тіл ұшына оралған ұйқаспен жеткізуге тырысқан. Сонау алыста қалған қанды қырғын кезінде оқ пен оттың ортасында жүріп жан алып, жан беріскен жауынгерлердің жүрегін жарып шыққан, бізге жеткен жырлар да осының дәлелі. Ұлы Отан соғысының ардагері Балтабай Әмрин де солардың бірі. Әрине, оның жазған-сызған дүниелерінің барлығы бірдей мұзбалақ Мұқағали жырға қосқан «қарапайым қара өлеңнің» талаптарына жауап бере алады деп айта алмаймыз. Өлеңнің өз деңгейінен төмендемеуіне ең алдымен, шымыр ұйқас қажет десек, бұл ретте автор туындылары бірқатар қате- кемшілікке ұрынып жатады. Ұйқас ырғақтылығы, буын-бунақ санының тепе- теңдігі мәселесінде де ақсайтын тұстары жоқ емес. Ал альбомды тұтастай алып қарағанда, айтары аз емес, оның астарында адамды алысқа, өткен заманалардағы оқиғалар желісіне жетелейтін ыстық бір сезім жатқаны анық. Бір өлеңді оқып отырып, жаның жадырайды, екіншісі көңіліңді босатады. Өмір жолында жақсы істері, жағымды мінездері арқылы артына айшықты із қалдырған кейіпкерлерге сүйсінесің. Бір ауыз сөзбен түйіндесек, тұрмыстың талай тауқыметін тартқан, тар заман, тайғақ кешулерден өткен автордың бұл жазбасы ұрпақтарына қалдырған аманаты іспетті.
Ұрпақ демекші, майдангердің ұлы Өмірсерік Әмрин бүгіндері Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласында тұрады. Зейнет демалысына шығардың алдында едәуір жыл аудандық мәслихаттың хатшысы болды. Әлі де еңбектен қол үзген жоқ. Елге сыйлы азамат. Сол кісі бірде әкесінің ескі альбомы қолына қалай тигенін айтып берген еді.
– Жарық дүниенің есігін ашқан әрбір жанның жолы тақтайдай түзу бола бермейді ғой. Кез келген адамның өмірінде небір қилы кезең, бұралаң жол кездесетіні анық. Әркімнің өз тағдыры бар. Марқұм әкем – Балтабай Әміреұлын еске алғанда осындай ойларға бері лемін, – деп бастаған әңгімесін ол. – Бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Қызылту ауылының тумасы әкем өмірден озғанда мен бес жасар бала екенмін. Бес жасар баланың жайы белгілі ғой, ол не біледі, оның үстіне шешем екінші рет тұрмысқа шықты да, мен әкемнің туыстарынан көз жазып қалдым. Анам маған туған әкем туралы көп айта бермеуші еді. 1977 жылы ол да өмірден озды. Осыдан кейін өгей әкем де қатты ауырып қалды. Ол қайтарының алдында «Әкеңнен қалған осы ғана» деп уақыттың табынан сарғайған қолжазбаларын берді. «Әкемнің көзіндей ғой» деп сол жазбаларды күні бүгінге дейін сақтап келемін.
Балтабай Әміреұлы көңіліндегі көрікті ойларды қағазға түсіріп, өлең жазуға жастайынан машықтаныпты. Оның көзін көрген туған-туысқандарының айтуынша, өте мейірімді, көпшіл, жақсы адам болыпты. Немере інісі Жүсіп Хамзин екеуі Петропавлда көрші тұрыпты. Ағасы қайтыс болғанда сол кісі өз қолынан жөнелтіпті.
Өмірсерік Балтабайұлы бертін үлкен ұлы Сәкен екеуі тиісті орындарға сұрау сала жүріп, ақыры әкесінің жерленген жерін, туыстарын табады. Солардың біразы – Жүсіптің балалары – Көкшетауда, інісі Амантай Қызылжарда тұрады екен. Аналарының сіңлісі Ұмсын Қалимуллина арқылы да біраз жайға қанығады. Ол кісінің айтуынша, әкесі соғыс өрті басылғаннан кейін, ХХ ғасырдың 50 жылдары Петропавл қаласына келіп, ет- консерві комбинатына жұмысқа орналасады. Алғашқы кездері жама ағайын туыс болып келетін Қорқытбай деген кісінің үйінде бір бөлмені жалға алып тұрады. Сол үйде өзінің болашақ жары – Батпен танысады. Үйленгеннен кейін бөлек шығып, өз күштерімен екі бөлмелі үй салып алады. Кешікпей тұңғыштары Ғалия өмірге келеді. Өмірсерік те осы үйде дүние есігін ашады. Одан кейін Берік туады.
Балтабай Әміреұлы ақкөңіл, жомарт жан болыпты. Өзінен гөрі өзгелерді көбірек ойлайтыны өлеңдерінен де байқалады.
«Күй толқып, көңіл тасып, сөз келмейді,
Есіл ер, бұл тұрмыста, не көрмейді.
Жас уақытта, сырлас болып, бірге өскен,
Ешнәрсе сіздей досқа тең келмейді», – деп жан жолдасы Хамзаға жүрек сырын ақтарса, 1941 жылы жазған «Туыстарға сәлем» деген ұзақ өлеңінде:
«Екінші – Жүсіп бауырым, қалай қалың,
Көрдің ғой бұл тұрмыстың талай зарын.
Ацйрылып ата-анаңнан жастай қап ең,
Тағы да ашылмады ау сенің бағың.
Кім пана, қорған болад енді саған,
Қос бауырың біз де кеттік арқаланған.
Жігерлен өз бетіңмен адамдыққа,
Іс істеу енді міндет сенде қалған.
…Сәлемді ұшқан құстан көп айтамыз,
Сау болсақ, жеңіспенен біз қайтамыз…
Бесінші – және сәлем Тәшкен аға,
Аман ба жеңгей менен бала-шаға?
Атадан алтау туған тұқым едік,
Бұл күнде жалғызшылық келді басқа…
Қайтейін, арман сөз көп айта берсем,
Тағдырын ұзақ жолдың қалай шешем?
«Үмітсіз шайтан» – деген тілек болсын,
Маңдайға жазылған тар жолды кешем», – деп толғанады.
Балтабай Әміреұлы қысқа жіп күрмеуге келмей жатса да, ағайын-туған, дос-жолдаспен қолында барымен бөлісуге дайын тұрады екен. Соның бір дәлелі – жоғарыда айтқанымыздай, өзіне үй салып, түскеннен кейін қасына інісі Жүсіпке де баспана тұрғызуға көмекте седі. Демалыс күндері Ильинка селосында тұратын қайын жұртына барып, солардың шаруаларын тындырып тастайды екен. Мінезі жайлы, қарапайым да кішіпейіл, көңілі кіршіксіз таза Балтабай ағайын-туыстарына «етінен ет кесіп беретін» осындай көңілі көлдей азамат болыпты. Сол үшін де ағайын- туғандары оны жақсы көріп, қатты сыйлайды.
Тағдырдың жазуымен әке-шешесінен ерте көз жазып қалған Өмірсерік Балтабайұлы «Ескі альбомды» қолына жиі алады. Ондай сәттерде жанарына мұң үйіріліп, терең ойға беріледі. Әкесі білімге құштар болған сияқты. «Сол кеткеннен мол кетіп, Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін де мектепке орала алмай оқудан қол үзіп кеттім. Әрине оған тұрмыстық жағдай себеп болды. Дегенмен мен оқи алмай қалсам да, өз шамамнан келгенше, өмірде кездескен оқиғаларды қағазға түсіруді тоқтатпадым» деп жазғанына қарағанда, оқи алмай қалғанына өкінген сәттері аз болмаған.
«Болмасаң да ұқсап бақ» – деген Абай.
Оқыдым көп томдарды мен де талай.
Ұстазым Сәбит, Асқар, Әбділда, Мұхтар,
Ендеше болмайсың ақын қалай?
Күндер өтіп жатыр. Заман да өзгере бастады. Жастардың білімге құштарлығы артты. Бірақ біз жаңа кезеңнің адамы болсақ та, ескі дәуірдің Абайы:
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Өскесін түспеді уысыма,
Қолымды мезгілімнен кеш сермедім» дегендей, ол көшке ілесе алмадық. Бізге – соғыс балаларына оқу, білім қуу бақыты бұйырмады.
Тұрмыстың әрбір түрлі дәмін таттым,
Жақсы екен білім деген адамзатқа.
Білімнің аздығынан соққы көрдім,
Оқыңдар шамаң келсе, жас уақытта.
Балтабай Әмриннің қолжазбасында қалдырған түсініктемесінен: «Атақты ақын болмағанмен, осынау аз ғана еңбегімді, оқушы, аға-іні, апа-қарындас, қымбатты жолдастарым мен келешек жас ұрпақ оқып жүрсін деп, алдарыңызға тартып отырмын. Оқыған адамдардың бұл еңбектеріме сын көзбен қарап, бағалағанын қаламаймын. Өйткені саяси жағынан болсын тіл жағынан болсын көп кемшіліктері бар».
Осылай десе де ақынжанды азаматтың кәнігі жыр сүлейлері секілді құлашты кең сермеп, арқаланып кететін кездері де аз емес.
Балтабай Әміреұлының өлеңдерін оқи отырып оның болмысының сылдырап аққан бұлақтың мөлдір суындай тазалығына тәнті болдым. Анадан – үш жасында, әкеден он бірге толар-толмаста жетім қалған ол өмірдің азабын бір адамдай тартады. Жетім балалар үйінде тәрбиеленді, интернатта оқыды. Жоқшылықты да, әділетсіздікті де көрді. Бірақ ол қиындықтарға мойып, жасыған жоқ. Аласапыран заманда жүрек түкпіріндегі Отанға деген сүйіспеншілік отын маздата білді, болашаққа деген үмітін үкілеп өмір сүрді. Бір сөзбен айтқанда ғибратты ғұмыр кешті.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
СУРЕТТЕ: Балтабай ӘМРИН.