
Монте-Карлоның “Salle des Etoiles” спорт кешенінде өткен үлкен бокс кешінде қазақстандық Геннадий Головкин “WBA” және “IBO” нұсқалары бойынша чемпиондық атағын қорғау үшін ұлыбританиялық Мартин Мюрреймен қолғап түйістіріп, 11-ші раундта нокаутпен жеңіске жетті. Сөйтіп, ол осымен биылғы жылы өткізуге тиіс төрт шайқасының алғашқысын сәтті бастады.
Бұл күні бір-бірімен түйдей құрдас екі боксшы да 32-ші мәрте шаршы алаңдағы жекпе-жекке шықты. Біздің жерлесіміз әдеттегідей ұрыстың басынан оның тізгінін қолынан шығармады. Бастапқы раундтарда қарсыласының қимылын бағып, осал тұсын iздеп, раунд өткен сайын қарқынын үдете берген Геннадий 4-ші раундта қарсыласын бүйiрiнен батыра ұрып, екi мәрте нокдаунға жiбердi. Мұның екеуінде де оны жеңілістен уақытында соғылған гонг аман сақтап қалды. Ал 10-шы раундта оң қолымен бастан ауыр соққы жасаған Головкин қарсыласын жерге құлатты. Бiрақ Мюррей орнынан тұра алды. Дегенмен, 11-ші раундта Мартин қазақстандықтың аса қауіпті соққыларынан құтыла алмады. Ұлыбританиялық боксшы Геннадийдің бірнеше жойқын соққыларын өткiзiп алғандықтан, төреші жекпе-жектi тоқтатуға мәжбүр болды. Техникалық нокаут!
Осымен Геннадий Головкин өзінің 2015 жылғы маусымашар шайқасын жеңіспен аяқтап, жалпы жеңісінің санын 32-ге жеткізді. Бұл – оның кәсіпқой мансабындағы қатарынан 19-шы рет нокаутпен ұтуы. Бұған дейін мұндай жетістікке өткен ғасырдың үздік боксшыларының бірі – әйгілі Майк Тайсон ғана қол жеткізген.
(Өз тілшіміз).