Әртараптандыру — тиімділігі жоғары экономикалық құрал. Кедергі мен тәуекелсіз өрге басу үшін өндіріс пен ауыл шаруашылығы жан-жақты дамуы керек. Мамандар қазіргідей өзгеріс заманында «барлық жұмыртқаны бір себетке салып» тасу қауіпті екенін айтады. Сондықтан да тәуекелдерді азайтып, орнықты даму үшін бірнеше бағытты қатар алып, ресурстарды тиімді жұмсаған жөн. Бұл мәселе өңірде өркен жайған өсімдік шаруашылығына да қатысты.
Дәнді дақылдар өсіру бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын Канадада диқандар ұстанатын алтын ереже бар. Бұл ереже елдің Саскачевань провинциясында тәжірибеге кеңінен енгізіліп, өз нәтижелігін көрсеткен. Оған сенсек, ешқандай дақыл түрі алқаптардың 50 пайызынан көп аумақты ала алмайды. Бұл ереже тек бидай мен арпаға ғана иек артқан отандық диқандардың жұмысында да іске асса, шаруалардың күзде дүрбелеңге салынбайтыны анық.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы Валерия Сиваштың сөзінше, биыл өңір диқандары 4,4 млн. гектар жерге тұқым сеппек. Оның 3,3 млн. гектары дәнді дақылдарға бөлініп берілген. Майлы дақылдар 760 мың гектарды алатын болса, 392 мың гектарда мал азығына арналған дақылдар өсіріледі деп жоспарланған. Ал былтыр 3,4 млн. гектарға дәнді дақылдар, 751 мың гектарға майлы дақылдар егілген. Демек бір жылда майлы дақылдар үлесі небәрі 9 мың гектарға артқан.
«Атамекен-Агро» компаниясы агрономия бөлімінің меңгерушісі Ертай Қанафиннің айтуынша, егісті әртараптандыру климаттық өзгерістерден келетін қауіпті азайтуға мүмкіндік береді.
– Егістік дақылдарының әртүрлілігі бойынша талданатын Симпсон индексі аясында Солтүстік Қазақстан облысы тұқым себілетін 14 өңірдің ішінде 11-ші орында тұр. Өңірде Симпсон индексінің көрсеткіші – 0,62. Ауыл шаруашылығын әртараптандырудың жолдары көп. Мысалы қыстық бидай жыл бойы топырақтың бетін жауып, топырақ эрозиясының алдын алады. Ерте піскен өнім нарыққа ерте шығарылып, жоғары бағамен сатылады, – дейді Ертай Қанафин.
Маманның айтуынша, алқаптарда кең тараған жаздық арпаның да өзіндік ерекшеліктері бар. Аталған дақыл құрғақшылыққа шыдас бере алады. Оған қоса құнарлы топырақты қажетсінбей, қиындықсыз өсе береді. Ал жаздық сұлы жауын- шашынға сезімтал болғанымен, топырақты дезинсекциялайтын қасиетке ие. Бұршақ пен жасымық алғашқы кезеңдегі күннің суытуына төзімді, вегетациялық мерзімі қысқа дақыл саналады. Жалпы бұршақты дақылдар топырақты азотпен байытатын сипатқа ие. Бірқатар бұршақты дақылдарды парға қалдырған алқаптарға егуге болады. Осылайша диқандар әрі өнім жинап, әрі топырақты алдағы егіс науқанына дайындайды.
– Әртараптандыру топырақты мейілінше аз өңдеп, шығындарды азайтады. Диқандар егіс науқанын экономикалық тұрғыдан ғана емес, жердің жағдайы мен климаттық өзгерістерді есепке ала отырып жоспарлауы керек. Бір дақылға кері әсер ететін жаздағы ауа райы басқа дақылдың өсуіне пайдасын тигізуі мүмкін. Соңғы бірнеше жылда елімізде дақылдардың әртүрлілігі бойынша сапалы жұмыстар жүргізіліп келеді. Өзімізге келсек, біздегі алқаптардың 51 пайызы – дәнді, 27 пайызы – майлы, 19 пайызы бұршақты дақылдарға арналған. Осылайша әртараптандырудың Саскачевань ережесін сақтап келеміз, – дейді Ертай Қанафин.
Осыдан бірнеше жыл бұрын өңір диқандарына майлы дақылдар көлемін 1 млн. гектарға дейін жеткізетіні туралы айтылғанымен, бұл әлі жүзеге асқан жоқ. Қызылжарда майлы дақылдардан күнбағыс, рапс, зығыр т.б. өсіріледі. Бұлар табиғи өсімдік майын өндіруде шикізат ретінде пайдаланылады. Осының ішінде күнбағыстан келер пайда мол. Деректерге сүйенсек, 2017 жылы елдегі күнбағыс алқаптарының көлемі 902 мың гектар болса, бүгінде 1,3 млн. гектарға жеткен. Күнбағыс еліміздің 6 өңірінде өсіріледі. Былтыр бұл дақылға өңірде 114 мың гектар жер бөлінген.
– Бүгінде Ресей Орталық Азияға ауыл шаруашылығы өнімдерін көп сатуға тырысып жатыр. Бұл отандық шаруаларға бірқатар қиындықтар алып келері сөзсіз. Бүгінгі күннің өзінде диқандар дәнді дақылдарды тасымалдап, сақтауда кедергілерге тап болып отыр. Мал азығына арналған дақылдар өсіру қаржы мен уақытты талап етеді. Жарма өсіруде ресейліктерді басып озу қиын. Сондықтан кей серіктестіктер майлы дақылдарға басымдық беріп келеді. Өңірде күнбағыс, соя, зығыр өсіруге мүмкіндік мол. Қажетті агротехнологиялық шараларды орындап, климатқа сай сұрыптар таңдалса, мол өнім жинауға болады, – дейді елдегі майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығының басшысы Фарид Абитаев.
Майлы дақылдарды мол өсіруге елдегі өндіріс қуаты да мүмкіндік береді. Май өңдеу зауыттары шикізат жетіспеушілігі салдарынан әлі толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ. Күнбағыс майын сығатын зауыттардың жылдық қуаттылығы 3,8 тонна бола тұра, былтыр небәрі 1,7 млн. тонна өнім шығарылған. Кәсіпорындар толық қуаттылықта жұмыс істеу үшін елдегі күнбағыс алқабын 2,5 есеге арттыру керек. Күнбағыстың құрғақшылыққа төзімділігі оны еліміздің көп аймағында өсіруге жол ашады. Сонымен қатар аталған дақыл түрін қар түскеннен кейін де жинай беруге болады. Өнім қар астында қалып, бүлініп кетеді дейтін қауіп жоқ. Алайда оны егіп, жинау үшін арнайы техника қажет. Гектарға шаққандағы өнімділігі дәнді дақылдардан кем болмайтын күнбағыстың бағасы да, оған деген сұраныс та жоғары. Бүгінде майлы дақылдың нарықтағы құны тоннасы үшін 160- 190 мың теңгенің айналасында. Мамандар ауыспалы егіске күнбағысты енгізу керектігін айтады. Шығыс Қазақстан облысының ауыспалы егіс алқаптарындағы аталған дақыл үлесі – 34, Абай облысында 36 пайыз болса, Қызылжарда бұл көрсеткіш 2 пайызға да жетпейді.
– Бір гектар күнбағысты өсіру үшін 40-80 мың теңге жұмсалуы тиіс. Бұл дәнді дақылдарға қарағанда арзан. Оның үстіне отандық тұқым 50 пайызға субсидияланады. Алдағы уақытта бұл қолдауды 70 пайызға дейін арттыру жоспарлануда. Бұл салаға маманданған еліміздің шығысында май өндіретін 16 зауыт бар. Қытайдың май таситын көліктері өнімді алып кету үшін 5-10 күн кезекте тұрады. Сығылған май сол мезетте цистернаға құйылып, шекара асады. Бидайға, ұнға мұндай кезек болғанын көрген жоқпыз. Қызылжарда көктемгі ылғал жеткілікті. Сондықтан күнбағысты дәнді дақылдардан ерте еге беруге болады. Өсімдіктің тамыры көктемде ылғалды бір сіңіріп алса, жаздың ыстығы қауіп төндірмейді. Дақылдың атауының өзі оның өсуі үшін күннің шуағы керектігін айтып тұр емес пе? – дейді Фарид Абитаев.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».