“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 1 миллион теңге несие алып, оған ірі қара сатып алуды көздеген едім. Құжаттарды жинап, аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барғанымда ондағы қызметкерлер мемлекеттік қордан бөлінген қаржы таусылып қалды деп шығарып салды. Осы ақпарат дұрыс па және несие алудың басқа қандай жолдары бар?” – деп редакциямызға хабарласқан Шал ақын ауданындағы Балуан ауылының тұрғыны Жәнібек Исеновтің сауалына “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның өңірлік филиалы директорының орынбасары Айдар Төлеев жауап береді:
– “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы біздің мекеме арқылы жүзеге асырылады. Алайда, бізге қаражат облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы түседі. Биыл республикалық қордан облысқа екі траншпен 610 миллион 685 мың теңге бөлініп, бүгінгі таңда қаржы толықтай игерілді. Қосымша қаржыға өтініш білдірілді, бірақ оның жыл соңына дейін болар-болмасы белгісіз. Әлемдегі экономикалық дағдарыс біздің елдің мемлекеттік бағдарламаларына да теріс әсерін тигізіп отырғаны мәлім. 2014 жылы бізге аталмыш бағдарлама бойынша 1 миллиард теңге бөлінсе, биыл ол 389 миллион 315 мың теңгеге қысқартылды. Ал алдағы жылы қанша қаржы бөлінетіндігі белгісіз.
Шал ақын ауданы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасына белсенді атсалысып келеді. Шалақындықтарға биыл қосымша 4 миллион теңге берілді. Сөйтіп, үстіміздегі жылы бағдарламаға қатысуға өтініш білдірген 34 тұрғынға 66 миллион теңгенің қаржылай қолдауы көрсетілді. Жәнібек Исенов сияқты құжаттарын дайындап, сұраған қаржысын тосып отырғандар аз емес. Олар шыдамдылық танытса, биыл болмаса, келер жылы несие алады.
Ал несие көзі жалғыз бізде ғана емес. Басқа да қаржы құрылымдарына өтініш білдіруге болады. Мәселен, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ның өңірлік филиалының әр ауданда несие серіктестігі жұмыс істейді. Оларға корпорация қаржыны 9,5 пайызбен берсе, микронесие ұйымы тұтынушының төлейтін жылдық сыйақы мөлшерлемесін 14 пайыздан асырмайды. Жәнібек Исеновтің сауалына орай ол тұратын аудан орталығында өзін жақсы танытқан “Аютас” микрокредиттік ұйымының байланыс телефонын ұсынамын: 8 (71534) 2-74-50. Сондай-ақ, “Даму” қорының “Бизнестің жол картасы – 2020” бірыңғай бағдарламасы да кәсіпкерлікке үлкен көмек көрсете алады. Онда салалық шектеу жоқ, бизнестің барлық бағыттары қаржыландырылады. Сондай-ақ, екінші деңгейдегі банктер арқылы алған несиенің 10 пайыз жылдық сыйақы мөлшерлемесіне демеу-қаржы беріледі.