«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Өткен жексенбі күні Петропавлдағы “Береке” шағынауданында мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы (МХҚО) пайдалануға берілді. Оның салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ерік Сұлтанов, Ішкі істер вице-министрі Владимир Божко, “ЦОН” РМК бас директорының орынбасары Шоқан Әбділманов және қала жұртшылығының өкілдері қатысты.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына орай Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күні қарсаңында облыс тұрғындары үшін мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылып отыр. Бұл МХҚО емтихан тапсырудан бастап көлік құралдарын тіркеу және қажетті құжаттар мен анықтамалар алуға дейінгі қызметтің барлық түрін көрсететін болады. Ол үшін ғимарат ең заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған, кәсіби мамандармен қамтамасыз етілген, – деді салтанатты рәсімде өңір басшысы Ерік Сұлтанов.  

Жаңа нысанның лентасын облыс әкімі Ерік Сұлтанов,Ішкі істер вице-министрі Владимир Божко мен облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов салтанатты жағдайда қиып, ХҚКО-мен жан-жақты танысты. “ЦОН” РМК бас директорының орынбасары Шоқан Әбділмановтың айтуына қарағанда, жүргізуші куәлігін алу мен автокөліктерді тіркеуден өткізуге облыс тұрғындары 2 сағаттай ғана уақытын жұмсайды, бұрын оған 6 сағаттай уақыт кететін. Ол таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін аптасына 6 күн үзіліссіз жұмыс істейді. Орталықтағы 24 “терезе” электронды кезек тәртібімен бір күнде 400-ден астам адамға қызмет көрсетеді. Ғимаратта теориялық сынақ тапсыруға арналған емтихан сыныбы, операциялық залдар, жол полициясы қызметкерлерінің, нарколог және психолог дәрігерлерінің кабинеттері, көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәліктерін әзірлеуге арналған мекенжай, дайын құжаттарды беретін сектор, төлемдердің барлық түрлерін қабылдайтын “Қазпочта” бөлімшесі бар. Келесі жылдан бастап азаматтардың медициналық байқаудан өтуі және “083-У” анықтамасын алуы үшін “жүргізуші комиссиясы” жұмыс істейтін болады.

Кешен аумағында бір мезгілде 5 автокөлік сиятын агрегаттарды салыстыру қосыны, 143-ке дейін жеңіл автокөлік пен 27-ге дейін жүк автомобилі орналаса алатын тегін автотұрақ, мүгедектерге арналған жеке автотұрақ, жол жүру ережелерінен сынақ тапсыруға арналған автодром орналасқан.

Жергілікті тұрғындарға қолайлы болу үшін “Бензостройдағы” соңғы аялдама Гагарин көшесінен ХҚКО-ға жылжытылды.

Бұл – 2012 жылдан бері республика бойынша ашылып отырған жетінші орталық. Аумағы – 3,22 гектар. Орталық Нефтепроводный көшесі,1Б мекенжайында орналасқан.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp