Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ұйымдастырылған “Үміт” облыстық спартакиадасы аяқталды. Оған облысымыздың 13 ауданынан 300-ден астам спортшы қатысты.
Екі күнге созылған жарыстың қорытындысында мүгедектер арбасы сайысында 25 ұпай жинаған Мамлют ауданының өкілдеріне тең келер ешкім болмады. Жеңіл атлетикада Аққайың ауданы жеңіске жетті. Пауэрлифтингте Қызылжар ауданы жеңістің жоғарғы сатысына көтерілді. Қол күрес спортында аққайыңдықтардың жолы болды. Ал тайыншалықтар үстел теннисінде осал еместіктерін дәлелдеп, жеңімпаз атанды.
Жалпыкомандалық есепте Мамлют ауданы спартакиада жеңімпазы атанды. Аққайыңдықтар екінші болса, тайыншалықтар үздік үштікті түйіндеді.