Облыстық филармонияның ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өту барысында атқарылған жұмысты қорытындылауға орай айтулы шараларға қатысуда белсенділік танытқан бір топ солтүстікқазақстандық марапатқа ие болды.
Өңірімізге келген Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі, Абайдың 175 жылдық мерейтойын ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшесі Ерлан Жұрынбаев пен «Абай» атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының атқарушы директоры Аслан Ғафуров хакімнің шығармашылық мұрасын насихаттауға және руханият саласын дамытуға үлес қосқан азаматтардың кеуделеріне медаль тақты. Марапатталғандардың қатарында облыстық филармонияның директоры Ботагөз Ақмағамбетова, Сегiз серi атындағы қазақ халық аспаптары оркестрiнiң мүшесі Татьяна Букирова, дәстүрлі әншілер Жанат Айтбаев бар. Сондай-ақ, ақынның мерейтойына орай облыстық телеарнада «Қызылжар аламаны» ақындар айтысының телевизиялық жобасын ұйымдастыруға белсене атсалысқан Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің директоры Жарқын Жұпархан, телеарна басшысы Ерлан Тоқшылық пен өнер жанашыры Жомарт Омаровқа медаль табыс етілді.
Облыстық филармонияның Сегiз серi атындағы қазақ халық аспаптары оркестрiнiң көркемдiк жетекшiсi Қайырлы Ғафуровтың айтуынша, өңірдегі бірқатар өнер ұжымдары Абайдың 175 жылдығына арнап бірқатар шаралар өткізген. Мәселен, кеше ғана өнер ұжымы «Абай мұрасы» атты онлайн концерт ұйымдастырып, тыңдармандарының қатарын арттыра түскен. «Биыл оркестірімізге 20 жыл толып отыр. Осындай кезеңде министрліктен марапатқа ие болуымыз қуанышымызды еселей түсті. Әріптесіміз Татьяна Букировадан басқа бір топ өнерпаздарымыз министрліктің алғыс хатына ие болды. Еңбегіміздің еленіп жатқаны, Абай сынды алыбымыздың мерейтойы ел деңгейінде аталып жатқаны руханиятқа деген жанашырлықтың бір көрінісі ғой. Бұл бізді бұдан да биік асуларды бағындыруға жетелей түсетіні сөзсіз», – дейді Қайырлы Ғафуров.