
11 қазанда облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қатысуымен бесінші шақырылымдағы Петропавл қалалық мәслихатының кезектен тыс жиырма тоғызыншы сессиясы өтті. Төлеген Закарияновтың отбасы жағдайына және басқа жұмысқа ауысуына орай жеке өтінішімен отставкаға кетуіне байланысты халық қалаулылары жиналысының күн тәртібіне Петропавл қаласының жаңа әкімін тағайындау туралы мәселе енгізілді.
Өңір басшысы Ерік Сұлтанов Петропавл қалалық мәслихаты депутаттарының қарауына бұл қызметке Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның әкімі болып істеген Марат Тасмағанбетовтің кандидатурасын ұсынды.
Халық қалаулылары Марат Тасмағанбетовті Петропавл қаласының әкімі етіп тағайындауға бірауыздан келісім берді.
Облыс әкімі одан кейін Петропавл қаласы активінің жиналысына қатысты. Оған Петропавл қаласындағы құрылымдық бөлімдердің, мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындардың, ұйымдардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.
Ерік Хамзаұлы қала активіне қатысушыларға өз өкімімен Петропавл қаласының әкімі болып тағайындалған Марат Тасмағанбетовті таныстырды.
– Петропавл қаласының әкімі қызметіне кандидатураларды іріктегенде біз Марат Иманбайұлының бай тәжірибесін ескердік. Ол өңіріміздегі үлкен ауданды басқарды. Облысымыздағы ең астықты ауданда сегіз жыл әкім болып, оны әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан алдыңғы қатарға шығара білді. Новоишимка ауылы – облысымыздағы ең көрікті елді мекендердің бірі. Бұл ауылда кейбір аудан орталықтарындағыдай емес, көпқабатты тұрғын үйлер сақталған, олар орталықтан жылытылады. Ауыл көшелері көркейтіліп, аулалары абаттандырылған, инфрақұрылым нысандары жетілдірілген. Бұл тындырымды істерге аудан әкімі білікті жетекшілік ете білді, – деген өңір басшысы облыс орталығының жаңа әкімі мен жергілікті билік органдарының алдына нақты міндеттер қойды.
– Алдағы уақытта Петропавл қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін берілуі тиіс. Облыс орталығында машина жасау, өңдеу өнеркәсібінің салалары жақсы дамып келеді, өңіріміздегі шағын және орта бизнестің негізгі кәсіпорындары Петропавл қаласында шоғырланған. Қаланы дамытуға инвестиция тарту көлемін өсіру де кезек күттірмейтін міндеттердің бірі болып табылады, – деді Ерік Хамзаұлы.
Облыс әкімі шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту, қаланы көркейту мен көгалдандыру, көшелерді жөндеу жөніндегі жұмыстарды жалғастыру, балдырғандарды мектеп жасына дейінгі біліммен және тәрбиемен қамту көрсеткішін жақсарту, барлық билік органдарының тығыз байланыста жұмыс істеу мәселелеріне тоқталды. Келесі жылы Олимпиада чемпионы Александр Винокуров атындағы Спорт сарайы келушілерге есігін айқара ашады. Бұл спорт кешенін салуға 2 миллиард теңге қаржы жұмсалмақ. Онда мұз айдыны, жеңіл атлетика манежі мен спорт залдары бар. 2015 жылы Петропавл қаласында хоккей командасы құрылып, ол Қазақстан біріншілігіне қатысатын болады.
Петропавл қаласының жаңа тағайындалған әкімі Марат Тасмағанбетов өзіне көрсетілген зор сенім үшін облыс әкіміне алғыс білдіріп, оны ақтауға бар күш-жігері мен білімін жұмсайтынын жеткізді.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.