Өңірімізде күн жылынып келеді. Ауа райының осындай күндерінде көп адамдардың денсаулығы сыр беріп, маусымдық дерттері (аллергия) мазалауы мүмкін. Иммунитеті әлсіз адамдар жиі шалдығатын бұл ауруды ағзаға пайдалы тағамдарды тұтыну арқылы жеңе аламыз.
Аллергия – қазір әлемде кеңінен тараған аурулардың бірі. Бұл дерт, әсіресе, көктем, жаз мезгілдерінде қозады. Адамда аллергия түрлі жағдайда пайда болады. Мәселен, кейбір адамдар өсімдіктердің тозаңдануынан, үйдегі шаңнан немесе косметика, дәрі-дәрмектен ауруды асқындырып алуы мүмкін. Егер адамның бойында қарапайым суық тиюге ұқсас белгілер пайда болса, (мұрны бітеліп, түшкірсе, тамақ ұзақ уақыт бойы қышыса) бұл шаңға аллергия дегенді білдіреді. Көздің қызаруы мен қышуы да аурудың басты белгісі болып саналады. Осындай белгілер орын алғанда бірден дәрігердің көмегіне жүгінген абзал.
Көп адамдар аллергияны суық тиюден ажырата алмай жатады. Адам суық тиіп ауырғанда дене қызуы көтеріледі. Ал шаңға аллергиясы бар адамдарда бұл белгі мүлдем байқалмайды. Аллергия мен суық тиюді осыған қарап ажыратуға болады. Негізінен науқасқа диагнозды дәрігер қоюы керек. Сол кезде ғана одан құлан таза айығып шығуға болады.
Аллергия мен ауыратын адамдар гүлдердің тозаңдануы кезеңінде өсімдіктерден бойды аулақ ұстауы тиіс. Иммундық жүйесі әлсіз аллергиктерге шаң-тозаңның ортасында жүрмеуге кеңес береміз. Таза ауада дем алып, серуендеуден кейін міндетті түрде киген киімін тазасына ауыстырған азбал. Өйткені, өсімдіктердің өскіндері киімде тұрып қалуы мүмкін. Денені түгел жуу да артық болмайды. Терінің құрғауы мен қышуын азайту үшін көзге тамшы құюға болады. Аллергия кезінде антигистаминді әсері бар тамшылардың пайдасы зор. Дәрігер тағайындаған дәрілік заттарды ғана қабылдаған дұрыс.
Аллергиясы бар адамдар мейілінше өз бетімен ем қабылдамаулары керек. Облысымызда осындай қадамға барғандардың ішінде дерттерін асқынырып алғандар аз емес. Жалпы үй жағдайында аурудан бөлмені жиі желдету, үйді әрдайым таза ұстау арқылы ғана қорғана аламыз.
Аллергияны негізінен қыста емдеген жөн. Адамдардың көбі бұл аурудың қайдан шыққанын түсінбей, вирустық инфекция, тері аурулары деп қателеседі. Дәрігерге қаралмай, дұрыс анықтамай, уақыт созып жүріп алса, бұл сырқаттың соңы демікпеге айналып кетуі мүмкін. Кез келген ауруды емдеу үшін дәрігердің кеңесі қажет. Аллергиядан толық құтылу үшін кемінде үш жылдай уақыт кетеді.
Элина КЕЛЛЕР,
апаттық медицина орталығының фельдшері.