“Мағжан” әдеби-көркем қоғамдық-саяси журналының биылғы жылғы 3-ші саны жарыққа шығып, оқырмандардың қолына тиді.
Басылым тарих ғылымдарының докторы, профессор, генерал-лейтенант, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, жерлесіміз Абай Тасболатовтың “Атамекен” атты айдармен берілген “Ұлытау – елдік пен халықтық бастауы” деген мақаласымен ашылады.
Жер-су атауларын бабаларымыз таңдап, талғап, тарихи құндылығына орай қойғаны анық. Жер-су атаулары – ұрпақтарға тағылым, елдік пен ерліктің түп қазығы, іргетасы. Мақала Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жезқазған өңіріне сапары кезінде “Хабар” агенттігінің тілшісіне берген сұхбатынан бастау алатыны түсінікті.
Ұлытау – тарихымызда мәңгілік өшпейтін тұлғалар Жошы ханның Едігенің, Тоқтамыстың және басқалардың есімдерімен байланысты, Қазақстанның саяси өмірінің орталығы болғаны, осынау қасиетті өлкені ұлы ғұлама Қаныш Сәтбаевтың терең зерттегені мақалада желі болып тартылып, құмарта оқылады.
Филолог ғалымдар Жандос Смағұловтың, Серік Негимовтің Мағжан мен Сәбиттің арақатынасы, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев өмірі мен еңбектері туралы зерттеулері танымдық сипатымен көңіл аударады.
Тарихшы-жазушы Қойшығара Салғараұлының “Мыңғұл мен моңғол және үш Шыңғыс” зерттеуінің жалғасы, “Халық тарих толқынында”, Аяған Шәжімбаевтің “Оралу” повесі мен Жақсыбай Самраттың “Тыңшы” әңгімесі “Проза” айдарымен, ал жас ақын Жұлдыз Ілебаеваның жырлары “Поэзия” бөлімінде орналастырылып, оқырмандарды жан сыры әлеміне жетелейді.
Түйіндей айтқанда, “Мағжанның” жаңа саны да өзінің мазмұнымен, мақала-зерттеулердің құндылығымен оқырманның талғамынан шығып, үлкен танымдық қызмет атқарады.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.