«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚСАТЫНА ЖЕТКЕН МАҚСАТ

Мемлекеттік “Құлан” бағдарламасы өмірге келгенде қатты қуанғандардың бірі Тайынша ауданына қарасты Аққұдық ауылының тумасы Мақсат Азбаев еді.

– Мен атамның бауырында өсіп, тәрбиелендім. Ол дініне өте берік, сертіне адал жан болатын. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын. Күн еңкейіп, ұясына қонған екінті уақытында жайнамазын жайып жіберіп, Жаратушыға құлақкесті құл екенін айғақтап жатқан сәтінде оның мойнына асылып, мазасын әбден алатынмын. Сонда да ләм деместен намазын жалғастыра беруші еді. Алты-жеті жасқа толғанымда атаммен бірге жылқы бағуға шыға бастадым. Сегізге енді толғанымда атам мініс атын ерттеп қоюымды сеніп тапсыратын. Бойымның сәл қысқалығына қарамастан, мықшыңдап, атамның айтқанын көңілінен шығатындай етіп орындау үшін барымды салушы едім, – дейді Мақсат Азбаев.

Атасы орманы – нулы, шөбі – шүйгін, топырағы – нәрлі жердің баурайында жылқы бағып жүргенде, әжесі ондаған бие сауып, шелек-шелек сүтінен қымыз-қымыран дайындап, күрпілдетіп күбі пісіпті. Міне, осындай баталы ақсақалдың, өнегелі қарияның тәлім-тәрбиесін өн бойына сіңіріп өскен ұл он төрт-он беске толған бозбала шағында өмірдің ұзын сонар соқпағына адал еңбекпен, маңдай термен қол жеткізудің тозбас жолын салып берген қимастарынан айрылып қалады. Атасы да, әжесі де бақилық сапарға аттанады.

“Олардың өмірден өткені жаныма жазылмастай жара салса да, үйреткен тәлімдері менің өмір жолымда ешқашан адастырмайтын, үнемі дұрыс жол сілтейтін Темірқазық жұлдыздай болды”, – деп еске алады Мақсат ең аяулы жандарын.

Оның ата-анасының негізгі мамандықтары мұғалім болғанымен, жылқы бағып, мал өсірумен де айналысқан.

– Үй шаруашылығына қарасып, ата-анама сүйеніш бола білдім. Мектепті бітірісімен Көкшетаудағы “Көкшетау” университетінің “Спорт және туризм” мамандығына (бүгінгі “Көкше” академиясы) оқуға түстім. Бұл саланы болашақта ат спортын дамытып, демалыс орындарын ашсам деген оймен таңдадым, – дейді ол.

Ол оқуын тамамдаған соң ауылдағы орта мектепке дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Балалардың саламатты өмір салтын сақтап, қалыптасуларына атсалысу көңіліне қуаныш сыйласа да, алатын айлығының шайлығына жетпеуі, оны басқа кәсіпке ауысуға мәжбүр етеді. Ет сатумен айналысады. Небір семіз жылқыларды, қара малдарды сойған күйі мүше-мүшесімен көлікке тиеп, тасып, Тайынша мен Петропавлдың, Петропавл мен Астананың, Көкшетаудың арасын біраз уақыт жол қылады. Күні-түні дамылсыз еңбек етіп, ұйқысыз таңдарды қарсы алуы оның көзді арбаған көк қағаздың жолын қуып кетуі емес еді. Керісінше, алға қойған мақсаттарына адалдықпен, шынайы маңдай термен жетудің соқтықпалы соқпағы болатын.

– Астанаға бір күнде екі рет қатынайтын кездеріміз де болды. Бір сапарда қара малдың етін апарсақ, екінші барғанымызда жылқының етін таситынбыз. Елордадағы сатып алушы адамымыз кейде біздің мұндай шапшаңдығымызға сенбей, бізге жақын, өзге жерден тасып жүрсіңдер деп күмәнмен қарайтын, – дейді Мақсат.

Кез келгеннің қолы жете бермейтін еңселі елорданың қақ төрінен екі бірдей пәтер сатып алуының өзі сол тынымсыз еңбегінің өтеуі болар. Одан өзге ауылдағы қарт ата-анасының бар жағдайын жасап, біраз игі іске мұрындық бола, қолдан келгенде қайырымдылық көмегін аямай жүрген Мақсат, жоғарыда айтқанымыздай, мемлекеттік “Құлан” бағдарламасының шыққанын естіп, қатты қуанады. Өйткені, осыған дейін оның атқарған ісі, бітірген жұмысы да жылқы өсіріп, құлан баптаудың қам-қарекеті болатын. “Талаптыға нұр жауар” демекші, ол арманына да жетеді. Облыстық ауыл шаруашылығын дамыту корпорациясының директоры Серік Ахметбековпен ақылдасып, Үкіметтің үстемеақысыз несиесіне 24 жылқы сатып алады. Бүгінде олардың саны 33-ке жеткен. Мақсатына қол жеткізген Мақсат жылқыларының тұратын орнын кеңейтіп, оларды жемшөппен қамтамасыз ететін орынды да ерекше ұқыптылықпен, асқан шеберлікпен дайындаған. Үй орамын да, қора-қопсысын да өзіне ыңғайлы етеді. Қыста тұратын орындарын да лайықты етіп жабдықтаған ол жылқыларын күніне үш мезгіл қарап, олардың таза әрі қауіпсіз тұрғандарын тексеретінін айтады. Мұның бәрі жалғыз өзіне ауырлық қылатынын білген Мақсат жанына көмекші алып, оны жылқы малының екінің бірі біле бермейтін қыр-сырына әбден үйретеді.

“Мен көбіне іссапарлармен өзге қалаларда көп жүремін. Сол кезде көп алаңдамаймын. Хабарын телефон арқылы біліп отырамын”, – деген Мақсаттың өзге өңірлерде көп болуының астарын түсініңкіремей одан сыр тартқан едік.

– Мен жылқы асырап, оның өнімдерін өткізумен ғана айналыспаймын. Түрлі бәйгеге қатысатын тоғыз сәйгүлігім бар. Еліміздің әр облысында жыл сайын ұйымдастырылатын ат жарыстарынан шет қалған емеспін. Қанжығамыз майланып, табысты оралған кездерім де болды. Халқымыздың баға жетпес қазынасы ұлттық спорт түрлерін дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін бағалау бір-екі жыл көлемінде ғана іске асырылып келеді. Өткен жылы Астана қаласында өткен “Алтын тұғыр” ұлттық спорт үздіктерін анықтаған сайыста “Ұлттық ат спорты ойындарының үздік төрешісі” атағын иелендім, – дейді Мақсат.

Бүгінде ұлттық, бірегей құндылықтарымыздың сақталуына, дамуына атсалысып жүрген Мақсаттың бұл ісіне қалай сүйсінбеске?! Көкпар тартып шыныққан қарапайым ауыл баласының елдік деңгейдегі сайыстарда асығының алшысынан түсуі тегін емес. Ол – Қазақстанның спорт шебері.

– Өзім тұратын Аққұдықтың жұртшылығы – қазақы салт-дәстүрді көздерінің қарашығындай сақтап, оларды ұрпағына аманаттап келе жатқан ауыл. Бір үйдің келіні шекесі торсықтай ұл, атқамінерді өмірге әкелсе, оны арақ-шараппен, пайдасыз даңғазамен атап өтпей, ауыл жігіттері жұдырықтай жұмылып, көкпар ойнайтынбыз. Ойынға тігілген семіз бағланды олжалаған адамның үйінде қазан көтеріліп, ауыл адамдарына дәм татыратынбыз, – дейді Мақсат.

Көкпарда жігіттердің білек және тақым күші ғана емес, арнайы жаттыққан аттардың әдіс-айласы да маңызды екенін айтқан Мақсат атбегі ретінде алар асулары алда екенін жеткізген.

Оның бұдан өзге де сүйсініп атқаратын кәсібі – тазы ит асырау. Асырап қана қоймай, онымен аңға шығып, саятшылық жасауды сүйікті кәсібіне балайтын Мақсат Азбаевқа Қуан Құрмаев деген досы былтыр Жамбыл облысына қарасты Мерке ауданынан әкелген тазыны сыйға тартады. Етене араласатын досының бұл ілтипатына қуанған ол оған “Ақ күш” деп ат қояды. Кейін біреуі екеу болып “Қыран” деген итті сатып алады. Бүгінде олардың саны беске жеткен. Биылғы қыстан бастап, жүйрік атын ерттеп, тазысын ертіп, аңға шыға бастаған Мақсат қақаған қаңтар, ақ қарлы ақпан айларында отыз шақты қоян, сол шамада түлкі алғанын айтады.

– Жалпы қазақ жігітінің үш бақыты – көлігі, тазысы және сүйген жары ғой. Бұл – сонау халқымыздың қазақ болып қалыптасқан дәуренінен келе жатқан қасиетті ұғым. Бұған қосарым – атбегінің, аңшының атына заты сай болып, сыртқы киім үлгісінің де сәнді болуы керек деп ойлаймын. Менің қазақы оюмен безендірілген тымағым, тоным және саптама етігім бар. Ат әбзелдерім де ұлттық үлгіде жасалған. Ер тоқымды Қырғызстаннан арнайы тапсырыспен алдырттым, – дейді ол.

Бойына бес өнерді бірдей жинаған қазақ жігітінің мал ұстап, өрісімді кеңейтемін дегендерге мемлекеттің жасаған қамқорлығын оңтайлы пайдаланып, жеті өнерін де жүйелі жүзеге асырып, одан өзіне де, өзгеге де пайда келтіріп отырғанына шын жүрекпен қуандық. “Әр адам өзінің, отбасының, ауылының, халқының алаңсыз, тоқшылықта өмір сүруі үшін, шамасы жеткенше Отанының гүлденуі үшін аянбай жұмыс істесе, нұр үстіне нұр болмай ма?!” деген еңбекқор жігіттің алдағы жоспарларына сәттілік тіледік.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

  Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp