«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚСАТ АЙҚЫН, МІНДЕТ ЗОР (Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтановтың баяндамасынан)

Кеше өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Елбасының үстіміздегі жылғы 30 қарашадағы “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму” Жолдауын талқылауға және онда айтылған дағдарысқа қарсы бес бағытты жүзеге асыруға арналған актив жиналысы өтті. Бұл шараға аудандар мен ауылдық округтердің әкімдері, мәслихаттардың депутаттары, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері, ірі кәсіпорындардың, кәсіподақтардың, үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени және діни бірлестіктердің басшылары, әлеуметтік сала мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты.

Актив жиналысын ашқан Ерік Хамзаұлы:  

– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму” атты жаңа Жолдауын жариялады. Елбасы маңызды құжатта бүгінгі ахуал – біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт екендігіне ерекше мән берді. Жолдаудың негізгі өзегі – ел экономикасы және оны дамыту мәселелері. Бұл Жолдауды барлық мүмкіндіктерімізді іске қосуды талап еткен экономикалық құжат деп қабылдауға толық негіз бар, – дей келіп, өңірімізде дағдарысқа қарсы 5 бағытты жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан және алдағы уақытта атқарылатын шараларға тоқталды.

Біріншіден, индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы басталды. Қазіргі уақытта өңірдің Индустрияландыру картасына жалпы инвестиция сомасы 27 млрд. теңгеден асатын 39 жоба енгізілді. Екіншіден, инфрақұрылымды дамытудың “Нұрлы Жол” мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бүгінгі күні бағдарлама аясында сомасы 3 млрд. теңгеден асатын 11 жоба іске асырылуда. Жаңа әлеуметтік нысандар, мектептер, 320 орындық балабақша салынып жатыр, тұрғын үй-коммуналдық, көліктік және энергетикалық инфрақұрылымдарға жаңғырту жүргізілуде. Үшіншіден, Бес институттық реформаны орындауға арналған “100 нақты қадам” Ұлт жоспары жүзеге асырылуда, оның басым бағыттары 2016 жылдың қаңтарынан іске аса бастайды. Төртіншіден, инновациялық индустрияландыруды жүзеге асыру аясында құрылатын жаңа экономикалық секторлардың арқасында экономикалық өсім қамтамасыз етілуде.

Осы кезеңде облыста жүк вагондарын, астық және жемазық жинайтын техника, үлкен диаметрлі пластикалық құбырлар шығару жолға қойылды, мұнай кәсіпорындарына ұңғыма сорғылар шығару және қаймағы алынбаған өнімдер өндіру өндірісі жаңғыртылды.

Сол сияқты облыста қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату бойынша жаңа зауыттарды іске қосуға, заманауи көліктік-логистикалық орталық салуға арналған жұмыс жүргізілуде. Қытай Халық Республикасы, Голландия, Италия және Ресей Федерациясы сияқты шетелдік әріптестермен жалпы сомасы 153 млрд. теңгеге жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.

Өңірдің тоқтап тұрған кәсіпорындарына сараптама жасалуда. Облыстың 7 ауданында сондай 13 кәсіпорынды іске қосу жөнінде “Жол картасы” әзірленді.

Соның бірі – 2010 жылдан бері проблемалық кәсіпорын болып келе жатқан Тайынша ауданындағы “Биохим” кешені. Жыл бойы кешен жұмысының қызметін жандандыруға арналған біраз шаралар атқарылды. Францияның “AXENS” компаниясымен техникалық аудит жүргізіліп, “Bio Operation” ЖШС-нің басқаруына берілді. Қазіргі сәтте “Самұрық-Қазына” Ұлттық холдингінде сәйкес құжаттарды келісу процесі жүріп жатыр. Кешенді іске қосу жұмыс орындарын қалпына келтіруге және жаңа 400 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін болады. 2016 жылдың желтоқсан айында іске қосу жоспарланып отырған өндіріс орны 60 мың тоннаға дейін биоэтанол шығаратын болады.

Президент жаңа Жолдауында дағдарысқа қарсы 5 бағытты айқындады. Екінші бағыт бойынша өңірдің шығысы жалпы сомасы 3 млрд. теңгеге оңтайландырылды. Босаған бюджет қаражаты әлеуметтік сала және тұрғын үй нысандары құрылысын, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды аяқтауға, республикалық бюджеттің мақсатты трансферттері және Ұлттық қордың қаражаты есебінен жоспарланған құрылыс нысандарын бірлесіп қаржыландыруға бағытталды.

Бізде қазірдің өзінде мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестіктің жақсы мысалдары бар. “СолтҚазЭнерго” АҚ, “Егоровские склады” және “Петрострой-Люкс” ЖШС-лері 800 орындық үш балабақшаның құрылысын жүргізуде. “Самигуллин” ЖК-нің өз қаражаты есебінен үстіміздегі жылғы 1 желтоқсан күні “Колокольчик” балабақшасы ашылды. Алдағы жылы осындай мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік аясында 370 балаға арналған үш балабақша салу, қаланы жарықтандыру желісін жаңғырту, 1 МВт-ға фотоэлектрлік станция орнату, сол сияқты тұрғындарға амбулаторлық және стационарлық көмек көрсету үшін офтальмология орталығын салу жоспарлануда.

Өңірдің коммуналдық меншігінде 220 мемлекеттік кәсіпорын бар. Жекешелендірудің екінші толқынына облыстың 39 ұйымы енді. Алдағы жылы 3 кәсіпорынды сату көзделуде.

Тұтастай алғанда, облыста инвестициялық қызмет оң өсімге ие. Үстіміздегі жылдың 10 айында 34 пайыздық өсіммен 124 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында 4,7 млрд. теңгенің 12 жобасы жүзеге асырылып, 370 жұмыс орны ашылды.

“Қызылжар су” ЖШС-і сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту және қалпына келтіру үшін 2,2 млрд. теңге қарыз алу жөнінде Еуропа қайта құру және даму банкімен кредиттік шартқа қол қойды. “Қызылжар су” кәсіпорны бойынша жалпы инвестиция көлемі 2016-2018 жылдары – 6,8 млрд. теңге, “Жылу желілері” бойынша 2016-2020 жылдары 12 млрд. теңгеден астам болады.

Жыл басынан бері “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 4 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты, бірінші бағыт бойынша 30 жоба жүзеге асырылып, 338 жаңа жұмыс орны құрылды, екінші бағыт бойынша 235 жеңілдетілген микрокредит берілді, үшінші бағыт бойынша 129 адам кәсіби оқудан өтті.

Біздің облыста колледждер мен 80 кәсіпорын арасында 1200 келісім мен шарт жасалған. Жыл сайын 7 мыңнан астам студент кәсіби тәжірибеден өтеді, оның 30 пайызы ақылы жұмыс орындарында.

Агроөнеркәсіп кешенінде ұқсату кәсіпорындарының санын арттыру үшін 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру арқылы сомасы 123 млрд. теңгенің 55 жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Бүгінгі күні шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнім көлеміндегі үлесі 25 пайызды құрайды, бұл республика бойынша 5-ші көрсеткіш.

“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру барысында жалпы сомасы 41 млрд. теңгенің 718 жобасы мақұлданды. Осы кезеңде 14,5 мың жұмыс орны сақталып, 4,5 жаңа жұмыс орны ашылды.

Облыс биыл 110 кредитке кепілдік беру арқылы кепілдендіру тетігі бойынша республикада бірінші орынға шықты.

“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының екінші бағыты аясында ауылдық кәсіпкерлерге жалпы сомасы 451,3 млн. теңгенің 235 микрокредиті берілді.

Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуден өткізуге биыл 5,2 млрд. теңге қаражат бөлінді. Соның арқасында жергілікті маңызы бар 252 шақырым жол жөнделді. Келесі жылы 5,6 млрд. теңгеге 360 шақырым жолды қалпына келтіру қарастырылуда.

Үстіміздегі жылы Үкіметтің резервінен бөлінген 4 млрд. теңгеге Петропавл әуежайының ұшу-қону жолағы жаңғыртылды. Сол жолақты ұзартып, кеңейту, жарық пен дабыл жабдықтарын орнату, жолаушылар терминалын қалпына келтіру жұмысы 2016 жылы аяқталады. Бұл мақсатқа 2 млрд. теңге бөлінбек.

Құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап жергілікті полицияның бөлімшелері құрылады. Оған учаскелік полиция инспекторы, олардың көмекшілері, кәмелетке жасы толмағандардың ісі жөніндегі бөлімше кіретін болады. Олар өкілетті және атқарушы органдардың алдында есеп беріп отырады.

Жолдауға байланысты атқарылатын шараларды баяндай келіп, Ерік Хамзаұлы:

– Жолдау – қоғамның жаңа сатыға көтерілуінің басты негізі, үкілі үміттердің берік тірегі. Бүгінгі жетістіктеріміз – Елбасы алдымызға бұған дейін қойған міндеттердің тиянақты орындалуының көрінісі.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздікті баянды ету жолында бірлігімізді одан әрі бекемдеп, аянбай тер төгуге шақырды. Жолдауда айтылған ойлар мен көтерілген бастамалар әрбір солтүстікқазақстандықтың жүрегіне жетеді деген сенімдемін, – деді.

Нұрсайын ШӘРІП,

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp