“Қазпочта” АҚ тәуелсіздік жылдары қалыптасу мен реформалаудың қиын жолдарынан өтіп, тұрғындарға почта қаржылық қызметтің сан алуан түрін көрсететін және ең қуатты филиалдық желілері бар, елімізде баламасы жоқ почта байланысының ұлттық операторына айналып отыр. Әрине, қол жеткенмен шектеліп қалуға болмайды. Осы мақсатпен “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ мен “Қазпочта” АҚ басқармасы Мемлекет басшысы іске қосқан Трансформациялау бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. “Қазпочта” АҚ бизнесін өзгерту бағдарламасы жаһандық шақырулар жағдайында өзгере алатын компанияның жаңғыруының басы болып табылады.
Трансформациялаудың басты мақсаты – корпоративті басқарудың жаңа деңгейімен бәсекеге қабілетті және тұрақты компания құру, әлемнің үздік тәжірибесін қолдану арқылы жұмыстың қағидаларын қайта қарау есебінен қаржылық және операциялық тиімділікті көтеру. Бұл – негізгі бизнестің мұқият сараптамасы мен реинжинирингі және компанияның өндірістік үрдістері. Түпкі нәтижелерге жетуде дәстүрлі ойлаудан коммерциялық менталитетке көшу шешуші рөл атқарады.
Біз “Қазпочтаның” “бет-бейнесі мен жанын” түбегейлі өзгертуге кірістік. Тек трансформациялау ғана қазақстандық тұтынушылар талап ететін қызмет сапасын бере алады. Кәсіпорынның барлық күш-жігері осы бағытқа жұмылдырылған. Бүгін қазақстандық почта барынша технологиялы, заманауи бола түсіп, басқарудың және қызмет көрсетудің әлемдік стандарттарына бағыт ұстануда.
Почтаның қызметі, сонымен бірге, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды міндеттерін шешумен, оның ішінде ауылдық аумақтарды, зейнеткерлік жүйені, шағын және орта бизнесті, төлем карточкаларының ұлттық банкаралық жүйесін, Интернетке бағдарланған қызметті дамытумен тығыз байланысты. Бүгінгі күні “Қазпочта” АҚ – тура ауылда еңбекақы мен зейнетақы төлеу, төлемдерді қабылдау, пластикалық карточкаларды шығару және тағы басқалар сияқты банктік қызметтің жекелеген түрлерін іске асыратын бірден-бір ұйым. Бұл жағдайда “Қазпочта” АҚ-ның жалғыз акционері мемлекет екендігін назарға алуымыз керек. Сондықтан оның барлық кірістері “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ-ға кетеді де, сосын республика экономикасының нақты секторына инвестиция түрінде қайтарылады, ал қаржылық басқа институттар жекеменшік болады да, олардың барлық кірістері дивиденд түрінде жеке акционерлерге кетеді. Осыны ескере келіп Үкімет қоғам үшін қолайлы жағдайлар жасау, дамуды ынталандыру бойынша қолдау көрсетеді. Мысалы, 2014 жылы 27 наурызда Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі мен “Қазпочта” АҚ басқармасы қол қойған ауылдық жерлерде почта саласын дамыту туралы №21-14-49 меморандум Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрлігінде тіркелді. Меморандум міндеттемесі “Қазпочта” АҚ қызметінің негізгі бағыттарын қамтитын және ауылдық жерлерде почта саласының дамуына жағдай жасайтын 22 шарадан тұрады. Қоғамның осындай қызметін қолдау, сол сияқты, почталық-жинақтық жүйенің дамуына және тиімді қолданысына көмек көрсету почта желісін сақтауға және облыс тұрғындарына әлеуметтік-маңызды қызмет көрсетудің сапасын арттыруға сөзсіз жағдай жасайды.
“Қазпочта” АҚ қызметінің толыққанды почталық-жинақтық жүйе құру жөніндегі байланыс саласындағы қызметін өңірлік ынтымақтастық нәтижелі деп бағалады, ал Қазақстанда жаңа почта жүйесін дамыту үлгісін ынтымақтастық елдерінің почта әкімшілігі үшін келешегі бар жол ретінде ұсынды. 2006 жылы мамыр айында “Қазпочта” бағалы қағаздар нарығында трансферагенттік қызметті жүзеге асыруға лицензия алды, ол трансферагенттік қызмет көрсету бойынша компанияның қызметін кеңейтуге мүмкіндік берді. Мемлекет басшысы хабарлаған Халықтық ІРО бағдарламасының екінші кезеңі 2014 жылы қараша айында басталады. Солтүстікқазақстандықтар “Kegoс” компаниясының акцияларын “Қазпочта АҚ-ның облыстық филиалы бөлімшелерінен сатып ала алады. Тағы бір маңызды жоба – “Қазпочта” жүйесі арқылы электронды сату мүмкіндігін дамыту. Интернет осызаманғы адам өмірінің бөлінбес бөлігі болғалы қашан. 2007 жылы тамыз айында www.postmarket.kz сайтында орналастырылған электронды сауда алаңы енгізілді. Бұл портал сайттағы барлық ақпаратпен танысуға және үйден шықпай-ақ сатып алуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Почта қызметі барынша талап етілетіндігі және тұрғындарға қызмет көрсету аясының өсіп келе жатқандығы байқалады.
“Қазпочтаның” барлық бөлімшелері 25 қыркүйектен бастап түскі үзіліссіз жұмыс істеу тәртібіне көшкенін айту маңызды. Ол клиенттерге қолайлы болу үшін жасалды. Дүниежүзілік почта күні қарсаңында почтаны сұрыптау және тасымалдауға арналған учаскенің ғимаратында мерзімді баспасөзді сұрыптайтын автоматты желіні пайдалануға бердік, ол мерзімді баспасөзді сұрыптау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл газет-журналдарды сұрыптаудың заманауи әдісі еңбек шығынын барынша азайтады және оқырмандарға мерзімді басылымдарды жеткізу бойынша жұмыс сапасын жақсартады.
1 қазаннан бастап облыс аумағында 2015 жылға баспасөзге жазылу науқаны басталды. Каталогта республикалық және облыстық танымал газет-журналдардың, сол сияқты РФ, Украина мен Беларусь Республикасы басылымдарының 8 мыңнан астам атауы берілген. Жазылу 2015 жылы қаңтардан бастап үйлеріне, жұмыс орындарына, оқу орындарына жеткізіп беру бойынша кез келген почта бөлімшелерінде жүргізіледі. 2014 жылдың баспасөзге жазылу науқанының қорытындысы бойынша қабылданған жазылу таралымы шамамен 170 мың дана болды. Мерзімдік баспасөзге жазылудың негізгі көлемін жергілікті басылымдар құрайды, оның ішінде облыстық басылымдар – 45627 дана немесе 27%, аудандық басылымдар – 51376 немесе 31%. Республикалық басылымның үлесі жалпы тираждың 30%-ын құрайды, шетел баспаханаларының өнімдері – 12%. Таралымның негізгі көлемін, яғни 88,7%-ын ауылдық жерлердің оқырмандары иеленеді.
Почтаны тасымалдау 101 бағыт бойынша жүзеге асырылады, оның жалпы қашықтығы 27 мың шақырымды құрайды. Аудан орталықтарына почта аптасына – 4-5 рет, ал ауылдық елді мекендердің байланыс бөлімшелеріне 2-3 рет жеткізіледі. Облыстық филиал ауданаралық бағыт бойынша почта тасымалдау жиілігін аптасына 3 реттен кем қылмауды жоспарлап отыр. “Қазпочта” АҚ-ның облыстық филиалы бірінші кезекте заманауи бағдарламалық өнімдерді енгізу жолымен қызмет көрсетуді технологиялық үрдісі жағынан жетілдіруге, қызметтің жаңа түрлерін дамытуға баса назар аударады. Гоголь көшесі, 14 мекенжайында орналасқан қалалық №10 пошта байланысы бөлімшесін жаңғырту біздің клиенттерге қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға бағытталған қадам болып табылады, ол қызмет көрсетудің операциялық терезелері санын көбейтуге және почтамат, банкомат, төлем терминалдарын орнату есебінен клиенттерге тәулік бойы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бөлімшені ашу үстіміздегі жылдың соңына жоспарланып отыр.
Бүгінгі күні облыстық филиал өз қызметімен өңірдің барлық елді мекендерін қамтып отыр. Облыста 14 орталық операция учаскесі, 14 қалалық почта байланысы бөлімшесі, 88 почта байланысы бөлімшесі жұмыс істейді, олар 339 елді мекенге қызмет көрсетеді, почта байланысының 17 жылжымалы бөлімшесі 220 елді мекенді қамтиды, 19 төлемақы қабылдау қосыны бар, оның 9-ы – қалада, 10-ы ауылдық жерде орналасқан. Олар іс жүзінде облыстың барлық аумағына қызмет көрсетеді. Соңғы 4 жылда облыстық филиалдың көрсететін қызметінің көлемі – 2,1 есе, еңбек өнімділігі 2 есе өсті. Бірінші кезекте заманауи бағдарламалық өнімдерді енгізу жолымен қызмет көрсетуді технологиялық үрдісі жағынан жетілдіруге, қызметтің жаңа түрлерін дамытуға баса назар аударылады.
Ерік НҰРАҚАЕВ,
“Қазпочта” АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.