«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мейірім шапағаты

Отбасы мүшелеріне ақылын айтып, тәлімді тәрбиесін беріп, немере-шөберелерінің ортасында марқайып отырған ата-әжелерімізді көрудің өзі – бір ғанибет. Жастары егде тартқан шақта қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, жетілдірген ұл-қыздары қас-қабағына қарап жатса, еңбектерінің ақталғаны емес пе? Қарияларымыздың “Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер”, – деп тілеуінің бір мәні осында болар.

Алайда, мәпелеп өсірген балаларынан жылылық пен қайырым көрудің орнына төрт қабырғада жалғызсырап қалған қарт­тарды кездестіргенде, бір татым мейірім­ділікке ба­лаша қуанатын жандар бұлайша қорлық кө­руге лайық па еді деген ойға бері­лесің. Өзі­мен-өзі қалған қарияларға қол ұшын созып, жан серігіне айнала білген әлеуметтік қыз­меткерлер оларға ұлдың ор­нына – ұл, қыз­дың орнына қыз болып отыр.

…Күлмайра Хамитқызы бүгін ұйқысынан әдеттегіден ерте оянды. Сондағы ойы – ауыл шетінде тұратын Ольга есімді әжейге ертерек жету. 96 жастағы қария бірнеше жылдан бері жалғыз тұрады. Ол өмір бойы құ­рылыс саласында есепші болып, қос­ перзентінің жарқын болашағы жолында аян­бай тер төккен. Балалары отбасын құр­ған соң Ресейге көшуді жөн көріпті. Ананың жүрегі мейірімге толы ғой, шіркін! Ұлы мен қызын бір сәтке де есінен шығарған емес. “Құ­лындарым аман болса екен. Жұмыста­ры алға жүріп, еш қиындық көрмесе игі” деп таң атырып, кеш батыратын қарияның ден­саулығы соңғы кезде сыр бере бастаған. Күлмайра шатыры қисайып, қабырғалары жерге кіре бастаған үйге қарай асыға жө­нелді.

Алты жылдан бері Мамлют қаласында жал­ғыз қалған, асыраушысынан айырыл­ған зейнеткерлерге қызмет көрсететін Күл­майра Есімованың әр күні қарбаласқа то­лы. Облыс орталығымен салыстырғанда шағын қалаларда әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеудің қиыншылықтары көп. Нәзік жан азық-түлік пен дәрі-дәрмекті са­тып алу, жеткізу, үй жинау, тамақ пісіру, су мен отын кіргізу, ауруханаға жатуға жәр­дем­десу, қариялардың денсаулығын бақы­лау – осы және өзге де міндеттерді орын­дауға жауапты. Бұған қоса, аудан орталы­ғының түкпір-түкпірінде тұратын зейнеткер­лерге жету үшін ол бірнеше шақырым жаяу жүреді. “Жазда велосипедпен жүрсек, қар түскенде үй аралау қиынға соғады. Көбіміз­де көлік жоқ. Зейнеткерлер сырқаттанып қал­са, көлігі бар таныстарыма хабар­ла­сып, өтініш айтамын”, – дейді Күлмайра Хамитқызы.

Нәзік жан бұл қызметіне дейін Мамлют ауданының Ново-Украинка ауылында 30 жылға жуық ұстаздық еткен. Мектептің жа­былуына байланысты сүйікті мамандығы­мен қоштасып, аудан орта­лы­ғына көшіп келген кезде әлеуметтік қызмет­кер болуға ұйғарады. “Балаларға білім бе­ру­мен қатар тәрбие ісін жүргізгенде, олардың өзгеге қам­қорлық танытуына көп көңіл бөліп, мейі­рімділікке, ізгілікке баулуға тырыстым. Әлеу­меттік қызметкер болудың қиындығы жоқ емес. Бірақ адамдарға қуа­ныш пен жылылық сыйлап, олардың­ ал­ғысын арқалағанда барлық кедергілерді ұмытып, бойымды қуаныш сезімі билейді”, – дейді ол.

Шынында да, көмекті қажет ететін зей­неткерлерге қол ұшын созып, қажеттілік­те­рін өтеу арқылы алғыс арқалау, олардың батасын алу нағыз бақыт емес пе?! Адал еңбегі үшін әлеуметтік қызметкер об­лыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болып, аудандық деңгейде де еңбегі еленген.

Күлмайра Есімова бүгінде бес қарияны қамқорлығына алған. Айтуынша, алғашқы кезде өмірдің барлық кезеңдерінен өткен қарттардың сеніміне ие болу оңай шаруа емес. Бастапқыда қамқорлығындағы жан­дардың жүрегіне жол табу мақсатында­ тәу­лік бойы қастарынан табылып, тіпті, үйіне қонбаған сәттері де болды. “Көп жағдайда қоғам әлеуметтік қызметкер­лердің жұмы­сының қиын екенін түсіне қой­майды. Мыса­лы, біздің дәріханада немесе дүкенде ке­зекте тұруға уақытымыз бола бермейді. Осы сәттерде тұрғындар бізге орын беруге асықпайды. Кейде, тіпті, әлеу­меттік қыз­мет­кер екенімізді растайтын құ­жатымызға да қарамайды”, – дейді ол.

“Артта қалған алты жылдың ішінде қуа­нышты сәттермен бірге көңілімді жабырқа­татын жайттар да болды ғой”, – дейді Күл­майра апай кезекті шақыртуға асыға аяқ басып. Күлмайра тәте самайын ақ шалған жан­дардың жүзінен ризашылықты аңғар­ғанда, бір күнінің заяға кетпегеніне ­қуана­ды. Әлеуметтік қызметкер қарияларға көмек көрсе­туді қызметтік міндеті ғана емес, бірінші кезекте адамгершілік парызы деп түсінеді.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: К.ЕСІМОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp