Адамзат баласы үшін ең ауыр жаза – бас бостандығынан айыру. Тағдыры қоғамнан оқшауланып, еркін даланың бір жұтым таза ауасына зар болған жазалы адам үшін бұдан асқан азап жоқ шығар. Сондықтан да қамшының сабындай қысқа өмірінің бір бөлігін темір торға телмірумен өткізгендер бостандықтың қандай қымбат екенін жақсы сезінеді. Ал түзеу мекемесінде мерзімін өтеп жүрген сотталушы тәртіпті мінез-құлқы мен өзінің қоғамға істеген қиянатын шын сезінуінің, саламатты өмірге деген ұмтылысының арқасында еркіндікке қайта оралатыны сөзсіз.
Қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы ең өзекті мәселенің бірі – тағдыр тәлкегіне ұшырап, темір тордың арғы жағына түскен жандардың түзеліп шығуы. Ал адамды алға ұмтылдырып, өмірге құштарлығын арттыратын іс-әрекет пен еңбек қой. Таңертеңнен кешке дейін еңбекке тартылған азаматтың тәртіп бұзуға уақыты да болмайды. Сондықтан жазасын өтеушілердің басым көпшілігі жұмыспен қамтылса, мекемелердегі моральдық-психологиялық жағдай тұрақталатыны анық.
ЕС-164/6 мекемесінде жазасын өтеушілерге осындағы өндіріс аумағында білім алып, мамандық иесі атануға зор мүмкіндік жасалған. Мәселен, Петропавл кәсіби колледжі сотталғандарды тігу өндірісінің технологиясы мен киімді безендіру мамандықтары бойынша оқытуда. Он айлық оқу барысында теориялық және тәжірибелік жұмыстар барысы меңгеріледі.
Жақында сотталғандардың бір легі емтихан тапсырды. Олардың жұмысына өз бағасын берген жеке кәсіпкер Виктория Сокирконың айтуына қарағанда, сотталғандардың білімі де, емтиханға дайындықтары да жақсы. “Емтихан барысында ерекше көзге түскен сотталғандардың бірі екі жоғары білімі бар бола тұра, өзінің зейнеткерлік жасына қарамай, жаңа мамандықты игерген. Қол қусырып отырмай, аянбай еңбек етіп, түзу жолға түскен әйелдердің ісі жаныңа жылулық ұялатады”, – дейді жеке кәсіпкер.
Емтихан қорытындысы ойынша 22 оқушының ішінен тігінші мамандығының екінші разряды бойынша – 9, үшінші разряд бойынша 13 адам мамандық алып шықты. Колледжді тамамдаған түлектерге мұнда жұмыс та бар. Мекеме аумағындағы “Еңбек-Қызылжар” кәсіпорнының тігін цехындағы жұмысшылар – колледжде алған білімдері бойынша тәжірибе жинақтап жүрген қыз-келіншектер.
Қоғамнан оқшауланып, әрбір басқан іздері күмән мен күдік туғызатын сотталғандардың мұндағы еңбектері бостандыққа шыққанда еленіп, пайда әкеледі деген ниеттеміз.
Вера НИКИТЕНКО,
“ЕС-164/6 мекемесі” республикалық
мемлекеттік мекемесінің
жедел уәкілі.