Аққайың ауданындағы Қиялы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Светлана Краснощекова дене шынықтыру сабағында кенеттен қайтыс болған. Мәліметтің шындығына көз жеткізу үшін аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Жәкеновке хабарласқан едік. Еділ Олжабайұлы оқиғаның сабақ уақытында болғанын растады. Ол: “Дене шынықтыру сабағында 14 жастағы оқушының жүрегі қысып, талып қалған. Мұғалімнің шақыртуымен дереу жеткен медициналық көмек қызметі оны құтқарып қала алмады”, – деді. Медициналық сараптама нәтижесі көрсеткендей, оқушы жүрек талмасынан қайтыс болыпты. Бұған дейін оқушы денсаулығына шағым айтып, дәрігерлерге бармаған екен.
Бөлім басшысы Светлананың білім ордасындағы беткеұстар шәкірттердің бірі болғанын айтады. Оқиға орын алған күні марқұм басқа сабақтарға белсене қатысып, тіпті, “5” деген баға да алыпты. Марқұм қызды ақтық сапарға шығарып салу үшін оның отбасына білім бөлімі мен мектеп ұжымы көмек көрсетті.
(Өз тілшіміз).