«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕКТЕП КҮЗЕТШІЛЕРІНІҢ ЖАСЫНА ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛДЫ

Облыстың білім беру мекемелеріндегі күзет қызмет-керлерінің 76 пайызының жасы елуден асқан. Яғни өңірдегі мектептер мен балабақшаларды негізінен физикалық дайындығы төмен егде адамдар күзетеді деген сөз. Бұл мәселені облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов көтерді.

– Олар нақты қауіп төнген жағдайда өздерінің физи­калық мүмкіндіктері мен даярлығының жоқтығынан ша­буылды немесе террористік актіні болдырмайтын тиісті шараларды қабылдай алмайды. Бұл мәселе бұған дейін де қаралды, нақты шешім қабылдау қажет, – дейді Айдын Қабдұлдинов.

Департамент бастығының айтуынша, облыста терро­ристік тұрғыдан осал 368 білім беру нысаны бар. Соның ішінде 160 білім беру нысанына лицензияланған жеке кү­зет ұйымдары қызмет көрсетеді, ал қалған нысандарды бұрынғыша вахтерлар күзетеді.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, жеке күзет ұйымының күзетшісі лауазымына 19 жастан кем емес және күзетшінің арнайы даярлығынан өткен Қа­зақстан Республикасының азаматтары қабылдануы тиіс. Десек те биыл 15 мамырда Оқу-ағарту министрі «Білім беру ұйымдарында күзет қызметтерін сатып алу жөніндегі үлгілік конкурстық құжаттаманы бекіту туралы» бұйрық­қа қол қойғанын айта кеткен жөн. Онда күзетші лауазы­мына 25-тен 50 жасқа дейінгі адамдар ғана қабылданаты­ны айтылған.

– Шарт бір жылға жасалатындықтан, желтоқсан айы­на дейін шарттық міндеттемелер аяқталғанын күтеміз, – деді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.

Басқарманың мәліметінше, облыста террористік тұр­ғыда осал мектептердің 200-і 1-топқа, қалған 86-сы 2-ші топқа жатады. Бүгінгі таңда мамандандырылған күзет та­лаптарға сәйкес 2-ші топтағы нысандардың барлығында бар. Оларда 431 адам еңбек етеді, осы күзет қызметкер­лерінің өзінің 328-інің жасы 50-ден асқан.

Мамандардың айтуынша, бұл жұмысқа жастар келе бермейді, өйткені күзетшілердің жалақысы 100-120 мың теңге шамасында.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp