Облыстық Аграршылар үйінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың төрағалық етуімен агроөнеркәсіп кешенінің субъектілерін демеуқаржыландыру реформасына және “Ауыл шаруашылық кооперативтері туралы” Заңның аясында фермерлік кооперациялар құру процесіне теріс әсер ететін факторларды жою мәселесіне арналған жиын болды. Жиынға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Арман Евниев, “Қазақстан фермерлер одағы” РҚБ президенті Әуезхан Дарынов қатысты.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Арман Евниев жиналғандарды 2016 жылдан бастап іске асырылатын демеуқаржыландырудың жаңа тәртібімен таныстырды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың демеуқаржыландырудың басты шарттары мен оны автоматтандыру тетігін қарастыру туралы айтқан тұжырымды ойларын негізге ала отырып, тиімді жұмыс істейтіндер ғана демеуқаржыдан үміт күте алатынын баса айтты.
– “Агробизнес – 2020” бағдарламасы бойынша 2020 жылы мемлекеттік қолдауды 4,5 есеге ұлғайту жоспарлануда. 2008 жылы мемлекеттік қолдау 41,4 миллиард теңге болса, бүгінгі күні 177,4 миллиард теңгені құрады. Мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері қарастырылып, 2010-2014 жылдарда жем-азықтық дақылдар бойынша нормативтер бір гектарға 450 теңгеден 6630 теңгеге, картоп бойынша 2420-дан 21800 теңгеге, көкөніс-баубақша дақылдары бойынша өнімнің әр гектары үшін 9 мың теңгеден 34607 теңгеге өсті. Алайда, мал шаруашылығы өнімділігі және өсімдік шаруашылығы шығымының негізгі көрсеткіштері бұрынғысынша әлемдік деңгейде қалды, – дей келе Арман Евниев саланы дамытудың тиімді тұстары қарастырылуы қажет екенін айтты.
Жауапты хатшының айтуына қарағанда, өнім көлемін арттырмасақ, онда біз бәсекеге қабілетті бола алмаймыз. Ішкі және сыртқы нарықта өнімді сатуда қиындық туындайды. Өйткені, сырттан түсетін импорттық тауарлар еселей артады. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласы құрылымдарының барлығына Үкімет демеуқаржы қарастырған. Кім нақты жұмыс істесе, соған ғана қаржы берілуі тиіс. Ақша тиімді жұмсалуы керек. Бұл мал шаруашылығына да қатысты мәселе.
Арман Евниев Қазақстандағы ауыл шаруашылығы паркіндегі техникалардың 80 пайызы ескіргенін алға тартып, техника паркін жаңарту мәселесін көтерді. Кейбіреулер әлі күнге дейін ескі үлгідегі комбайндар мен тракторларды пайдалануда. Ал бөлінген демеуқаржының көмегімен заманауи техника сатып алуға мүмкіндік бар. Бұл өз кезегінде еңбек қуаттылығы мен өнім көлемін арттыруға мол септігін тигізбек.
Жауапты хатшы кейбір құрылымдардың гектар басына берілетін демеуқаржыны алуда заң бұзушылықтарға баратынын да жасырмады. Ақтөбе, Павлодар, Қызылорда облыстарында демеуқаржы алу мақсатында жалған құжат жасағандарды да мысалға келтірді. Прокуратура қызметкерлері 2014 жылы жергілікті атқарушы органдар бөлген 2 миллиард теңгеден астам қаржының заңсыз жұмсалғанын анықтаған. Демеуқаржының тиімділігін арттыру мақсатында біздің ел Австралия, Канада, Жаңа Зеландия, Латын Америкасының тәжірибесін негізге алынған. Бұл мемлекеттерде арнайы белгіленген шарттар бойынша демеуқаржы инфрақұрылымды дамытуға ғана бөлінеді. Еуропа елдерінің осы жолмен жоғары өнімділікке қол жеткізгенін айтқан Арман Евниев біздің елде шетелдердегі сияқты жүйе жоғын алға тартты. Сондықтан жауапты хатшының айтуынша, 2016 жылдан бастап гектарға берілетін демеуқаржыға шектеу қойылмақшы. Оның орнына инвестициялық демеуқаржы енгізілетіні агроқұрылымдардың басшыларына түсіндірілді.
Алдағы уақытта Ұлттық кәсіпкерлер палатасы демеуқаржы беру процесін оңтайландырумен айналысатын бірыңғай оператор ретінде қалыптаспақ. Республиканың аймақтық кәсіпкерлер палаталары бірыңғай қаржылық агент ретінде автоматтандырылған жүйе бойынша демеуқаржының өтініштерін қарайтын болады. Яғни, бірыңғай оператордың көмегімен электронды өтініштер қаралып, шотқа қаржы аударылады. Осыдан кейін жауапты хатшы фермерлік кооперациялар құру мәселесіне ойысты.
Министрлік өкілі аграршыларға агроқұрылымдар біріккен күннің өзінде экономикалық дербестіктерін сақтап қалатынын түсіндірді. Сонымен қатар, отырыста кооперативтер үшін арнайы салық режімі енгізіліп, демеуқаржы берілетіні де сөз болды.
“Қазақстан фермерлер одағы” РҚБ президенті Әуезхан Дарынов өзі жетекшілік ететін құрылымның қызметі жайлы айтып берді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.