Елбасының “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында кәсіби және дербес мемлекеттік аппарат қалыптастыру арқылы мемлекеттік қызметті жаңғырту міндеті жүктелгені белгілі. Осыған орай биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген “Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы”, “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” жаңа Заңдарындағы және жаңа Әдеп кодексіндегі өзгерістер жайында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысы – Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаевтан сұрап, білген едік.
– Ғалым Сұлтанұлы, сіз жуырда ғана құрылған аумақтық департаменттің басшысы болып тағайындалдыңыз. Жаңа орган қызметінің мақсат-міндеті туралы айтып берсеңіз.
– Өткен жылдың 11 желтоқсанында Президент Мемлекеттік қызмет істері министрлігін құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Мұндай қадам “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының бірінші институттық реформасын жүзеге асыру мақсатында жасалған. Мемлекеттік қызметтің жаңа моделін іске асыру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бақылау жүргізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сонымен қатар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды тудырушы себептер мен жағдайларды барынша азайту осы министрлікке жүктелген. Бұл ретте департаментте сәйкесінше басқармалар құрылып, олар өз бағыты бойынша қызметтерін жүзеге асырады.
– Мемлекеттік қызмет туралы жаңа Заңның артықшылығы туралы не айтасыз?
– Жаңа Заңда мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалық актілермен ашық конкурстық іріктеу, қызметшінің біліктілігіне қарай мансаптық жоғарылату, нәтижеге сай еңбекақы төлеу негізінде меритократия қағидаттарын сақтау қамтамасыз етілген. “Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы” Заңымен Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшудің құқықтық негізі айқындалған.
Осыған орай мемлекеттік қызметшілердің жоғарылауы төменгі лауазымдардағы еңбек өтіліне байланысты және ішкі конкурстарды өткізу негізінде жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде мемлекеттік орган өз қызметкерлері арасында өткізген ішкі конкурстың қорытындысы бойынша лайықты кандидат анықталмаған жағдайда өзге де мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізіледі.
Егер онда да жеңімпаз анықталмаса, министрліктің келісімі бойынша қажетті еңбек өтілі бар азаматтар арасында жалпы конкурс жарияланады. Ал мемлекеттік органдардың төменгі лауазымдарына конкурстар үш кезеңде өтеді: алдымен үміткерлер заңнаманы меңгеру бойынша тест тапсырады. Тестілеуге “Электронды үкімет” веб-порталы арқылы алдын ала жазылуға болады.
Екінші кезеңде кандидаттардың жеке қасиеттері және біліктілік деңгейі бағаланады. Осыған орай министрлік жеке қасиеттерді және біліктілікті бағалау жөнінде арнайы автоматтандырылған тестілеу бағдарламасын даярлады.
– Жеке қасиеттерді бағалау түсінігі туралы толығырақ айтып өтсеңіз.
– “Б” корпусының лауазымына үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалау тестілеу арқылы жүргізіледі әрі екі бағдарламадан тұрады.
Атап айтқанда, бастамашылық, коммуникативтілік, сараптамалық, ұйымдасқандық, әдептілік, сапаға бағдарлану, тұтынушыға бағдарлану, жемқорлыққа шыдамау. Ал басшылық лауазымдарға стратегиялық ойлану, көшбасшылық деңгейін анықтауға арналған тесттер.
Азаматтардың жеке қасиеттерін бағалаудың нәтижесін конкурстық комиссия қорытынды шешім қабылдағанда есепке алады.
– Заңдағы тағы бір өзгеріс – сынақ мерзімінің ұзаруы. Бұл жайында не айтасыз?
– Жаңа Заңда міндетті сынақ мерзімі енгізілді, яғни 3+3 формуласы бойынша сынақтан өтуші тұлғаға тәлімгер бекітіліп, үш ай немесе алты ай мерзімде қызметке лайықтылығы тексеріледі. Алдымен, үш айдың қорытындысына тәлімгердің көңілі толмаса, онда қызметкерді лауазымынан босату немесе сынақ мерзімін тағы үш айға созуға шешім қабылданады. Бұдан кейін де жақсы нәтиже көрсете алмаса, онда мемлекеттік қызметші өкілетті органның келісімі бойынша лауазымынан босатылады.
– Бұрынғы Ар-намыс кодексін биылғы жылдан бастап Әдеп кодексі алмастырғанын білеміз…
– Бұл құжат Мемлекет басшысының 2015 жылғы 29 желтоқсандағы Жарлығымен бекітілген. Мемлекеттік қызметшіге қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім жүктелген, сондықтан мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылған.
Әдеп кодексі Қазақстан Республикасының Конституциясына, “Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы”, “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Заңдарына, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын жалпы қабылданған талаптарды, сондай-ақ, олардың мінез-құлқының негізгі стандарттарын белгілейді.
Кодекс халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған. Мемлекеттік қызметшілер адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға міндеттеледі.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер қызметінен тыс уақытта да жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін жағдайларға жол бермеуге тиіс.
– Ал мемлекеттік қызметшілердің тәртібін қадағалау қалай жүзеге асырылмақ?
– Ол үшін мемлекеттік органдарда қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Әдеп кодексін бұзудың алдын алуды қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация беретін әдеп жөніндегі уәкіл енгізілген.
Ал мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауына мониторинг жүргізу және бақылау әдеп жөніндегі уәкілдің негізгі міндетінің бірі болып табылады. Қызметтік этика нормаларының бұзылуын, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарды мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп жөніндегі кеңестері қарайды.
– Әдеп жөніндегі кеңес қарауына қандай мәселелер берілмек?
– Мемлекеттік қызметші қоғамдағы мінсіз тұлғаға айналуы керек. Бұрын сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін Тәртіптік кеңесте жауапкершілікке тартылса, енді бұл мәселелер Әдеп жөніндегі кеңесте қаралатын болады. Кеңестің негізгі міндеті – мемлекеттік қызметшілер тарапынан орын алатын құқық бұзушылықтардың алдын алу. Айта кету керек, мемлекеттік қызметке кір келтіргені үшін лауазымынан босатылған мемлекеттік қызметшілер алдағы уақытта мемлекеттік қызметке қайта орналаса алмайды.
– Елбасы “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Ұлт жоспарының 13-қадамында “Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту” қажеттігі, сонымен қатар мемлекеттік қызмет істері органының құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру қажеттігі айтылған.
Осы мақсатта министрлікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюро құрылды. Аталмыш орган өз қызметінде жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтап, жолын кеседі және сыбайлас жемқорлық қылмыстарды ашып, тергеп-тексереді.
Дегенмен, біз жемқорлық әрекеттермен күрескеннен гөрі, оны тудырушы жағдайларды барынша азайтуды, құқық бұзушылықтардың алдын алуды көздейміз. Ол үшін арнайы шаралар жүйесі әзірленді. Кеңінен тоқталатын болсам, жаңа Заңға “сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер”, “сыбайлас жемқорлық тәуекелі”, “сыбайлас жемқорлықтың алдын алу”, “сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг”, “сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру” сынды жаңа түсініктер енгізілген.
Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құқық қолдану практикасын бағалау болып табылады. Ал мониторингтің нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізіледі. Осындай келеңсіздікке ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдаудың нысаны болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру білім беру, ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар кешені арқылы жүзеге асырылады. Мектеп оқушылары, студенттер, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, жалпы тұрғындардың жемқорлыққа деген нөлдік төзімділіктерін қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың кешенді жоспары бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.