Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалық етуімен облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Жиын алдында облыс әкімінің жаңа тағайындалған орынбасары таныстырылды. Бұл қызметке осыған дейін Тайынша ауданында әкім болып қызмет істеген Иван Турков тағайындалды.
Әкімдік отырысында баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің жұмысы туралы айтып берді. Жобалық кеңсе 2018 жылдан жұмыс істеп келеді. Елбасының бастамасымен құрылған әлеуметтік институттың басты мақсаты – сыбайлас жемқорлық көріністерін қоғам болып бақылау, талдау жасай отырып, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бүгінде өңірде 12 жобалық кеңсе құрылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тапсырмасына сәйкес ауылдық жерлерде сервистік орталықтар құру жайы қарастырылуда. Алғашқы үлгісін Тайынша ауданы Келлеровка ауылдық әкімдігі аумағында ашу жоспарланған.
Жемқорлық мәселелеріне қатысты айтылған тұрғындардың шағымдары ескерусіз қалмайды. Әлеуметтік желі арқылы өтініштер мен ұсыныстар еш кедергісіз қабылданады. Жыл басынан бері 36 арыз түсіп, тиісті шаралар қабылданды. Облыс әкімдігінің сайтында “Халықтық бақылау” жұмыс істейді. Талдаулар көрсеткендей тұрғындарды үйлерді, олардың дәліздерін жөндеу, құрылыс жұмыстарының сапасы, алаңқайларды асфальттау сияқты мәселелер көбірек толғандырады. Интерактивті портал арқылы ашық бюджет жайына да мониторинг жүйелі түрде жүргізіледі. Онда 437 млрд. теңгені құрайтын 2364 ашық бюджет мәліметтері жарияланды.
Құмар Іргебайұлы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекеттік саясаттың басты бағыты ретінде Президент Жолдауында айтылғанын атап өтті. Тұрмыстық жемқорлықтың жолын кесу, қоғамдық бақылауды нығайту арқылы мемлекеттік секторлар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету басты назарда болуы тиіс. Мемлекеттік органдар мен орта және шағын бизнес арасындағы байланысты нығайтудың, адамдардың тұрмыс сапасын жақсартудың, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтудың маңызы айрықша. Жыл өткен сайын өңірдің инвестициялық тартымдылығы артып келеді. 9 айда негізгі капиталға 139 млрд. теңге қаржы құйылды. Бұл өткен жылға қарағанда көп. Проблемалар туындаған жағдайда кәсіпкер қайда шағымдану керек екенін жақсы біледі.
Былтырғыға қарағанда электронды қызмет көрсету көрсеткіші 3,2 есе көбейіп, қамтылу деңгейі 92 пайызды құрады. Атқарылған нақты шаралардың арқасында онлайн есеп айырысу көрсеткіші 16,2 пайыздан 43,8 пайызға дейін өстті. 172 млрд. теңгенің қаржылық операциялары орындалды. Бұл да – тұрмыстық жемқорлықты болдырмаудың, алдын алудың тиімді әдістерінің бірі. Мемлекеттік сатып алу үдерісінде оң тәжірибелер қалыптаса бастады. Өткен жылмен салыстырғанда, бір көзден сатып алу көрсеткіші 23 пайызға кеміді.
Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына тұрғындардың әр кез көңілі тола бермейтінін атап көрсеткен өңір басшысы кемшіліктерді жою, “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің қызметін одан әрі жетілдіру жөнінде тиісті нұсқаулар берді.
Әкімдік отырысында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру жайлы кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Медет Оспановтың есебі тыңдалды. Ол бұл бағыттта атқарылып жатқан шараларды, тұрғындар күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерін қымбаттатпау мақсатында сақтандыру қорының әлеуетін тиімді пайдалану жолдарын айтып берді. Екі бройлер фабрикасы пайдалануға берілсе, құс еттеріне деген сұранысты өтеуге толық мүмкіндік бар. Ішкі нарықты жергілікті өнімдермен қамту, импортты азайту үшін екіжақты 1700 келісімшарт жасалған. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өз өнімдерін делдалсыз жеткізеді.
Құмар Ақсақалов әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандырудың маңыздылығына жиналғандардың назарын аударып, қымбатшылыққа жол бермеуді тапсырды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.