«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚЫМБАТ ҚАЗЫНАСЫ – ХАЛЫҚ

Ата-бабамыз аңсаған азаттыққа дейін талай нәубет жылдарды басынан өткерген қазақ елінің тағдыры қатпарлы кәрі тарихтың қойнауында. Бірақ таңымыз атып, күніміз батқан бүгінгі бейбіт елде – берекелі де мерекелі өмір. Тәуелсіздік алған соң да ел экономикасында шешімі болса да, күрмеуі қиын мәселе көп еді. 90-шы жылдары жарықсыз, жылусыз отырған кезіміз біздің көз алдымызда. Бірнеше айлап жалақы көрмей, ақшадан тарыққанымыз еріксіз еске оралады. Зауыт-фабрикалар жабылып, жұмыс тапшылығы орын алды. Екі қолға бір күрек табылмай, қалың жұрт абдырап қалды. Мемлекеттік салада қызмет істейтіндердің айлығы мен қариялардың зейнетақылары кешіктіріліп берілгені бәріміздің есімізде. Халықтың болашаққа деген сенімінің азайғаны жасырын емес. Азық-түлік, киім-кешек тапшылығы орын алып, теңгенің орнына талон жүрді. Әлеуметтік, экономикалық жағдай қорқынышты болатын. Дегенмен, біз төзімді халықпыз. Шыдамдылық пен сабырлық, төзімділік танытып, қиын сәттерді елмен бірге еңсердік. Ал қазір сол кезді есте қалған оқиға ретінде айтып отырмыз.

Бүгінде бәрі өзгерген. Болашаққа қарышты қадам басқан тәуелсіз елміз. Елмен бірге жасасқан халық дамудың даңғыл сатысына көтерілді. Әлі де жетілдіретін тұстар аз емес. Өткенге өкініш айтқанмен, ешқандай пайда жоқ. “Іс бітті, қу кетті” дегендей, бәрі де өтті, кетті. Енді біз жаһандық әлемде өмір сүріп жатырмыз. Алпауыт елдермен иық тірестіру оңай шаруа емес. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатымен озық елдердің қатарынан ойып тұрып орын алуға ұмтылыс жасаудамыз. Түннің артында күн барын біз жақсы білеміз. Сондықтан жарқын болашақтан күдер үзбегеніміз дұрыс. Ертеңгі күннің жарық сәулесіне сеніп, қандай қиын жағдай болса да, еңсеміз түспеуі керек.  

Құдайға шүкір, бүгінде еңбекақы, зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақы ай сайын уақытында төленіп тұрады. Өйткені, мемлекеттің қымбат қазынасы – халық. Дағдарыс кезеңінде халықты сенделтпеу, әуре-сарсаңға түсірмеу үшін бүгінде мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Сондықтан да барлық төлемдер уақытында өтеледі.

“Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Президент Жолдауында Елбасымыз аса күрделі, қиын кезеңге аяқ басып, жаңа қатерлер мен тың мүмкіндіктер қатар өрбіген жаһандық ахуал біздің көз алдымызда өзгеріп жатқанын айтады. Ең жақсы жоспар уақыт талабына бейімделе алатын жоспар екенін сөз еткен Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағытын жариялады. Маған Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Барлық жаһандық дағдарыстардың теріс ықпалына байланысты экономикамыз тап болған бүкіл қиындықтарға қарамастан, біз әр кез қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып келеміз. Экономикалық тәуекелдерге, жалпы ештеңеге де қарамастан, біз халықты әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыруды жалғастырамыз”, – деген сөзі ерекше әсер етті. Иланып, келісетін сөз. Өйткені, бұған дейін де біз экономикалық дағдарысты басымыздан кешірген болатынбыз. Сонда да еңсемізді түсірмей, алға ұмтылдық. Дағдарыс қалтаның түбін қақса да, той тойлап, байлықтың емес, береке мен бірліктің шынайы үлгісі болдық. Қазір елімізде әлеуметтік сала мен мемлекеттік басқаруда жұмыс істейтіндердің саны 1,2 миллионнан астам адам болса, мемлекет жәрдемақы мен төлемдердің үлкен көлемін қамтамасыз етуде.

2016 жылы мүгедектігі мен асыраушысынан айрылуға байланысты әлеуметтік жәрдемақылардың 25 пайыздық өсімі қамтамасыз етілетіні жөнінде Жолдауда баса айтылды. Осы орайда инфляциялық деңгейдің алдын алу үшін ынтымақты зейнетақы 2 пайызға индекстелетініне ерекше екпін түсіре айтқан жөн. Халық алдындағы әлеуметтік міндеттерді орындауда біздерге де зор жауапкершілік жүктеледі. Кез келген төлем әділетті төленуі керек. Өйткені, халықтың әлсіз тобы – әрқашан мемлекет қолдауына зәру. Елбасымыз атап өткендей, елімізде әлеуметтік әділеттілік бұрмаланбауы тиіс. Өйткені, әрбір әлеуметтік төлем – бюджетке ғана емес, әрбір жұмыс істейтін қазақстандыққа қосымша салмақ.

Алдағы уақытта әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі оңтайландырылмақ. Жолдау жүктеген міндеттер бойынша мемлекеттің әлеуметтік саладағы рөлі әлсіз қорғалған азаматтарды қолдаумен және адам капиталына инвестицияларды қамтамасыз етумен шектелуі тиіс. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж адамдарға ғана барынша көмек көрсетілгені жөн. Ал қалғандары тек өздерінің маңдай терімен шынайы еңбек етіп, ақша табулары керек.

Ертең Жаңа жылға қадам басқалы отырмыз. Мешін жылының да өз ырысы бар. Әлеуметтік төлемдер алатын облыс тұрғындары стратегиялық құжатта атап көрсетілген қолдауға жаңа жылдан бастап қол жеткізеді. Облыста 98279 зейнеткер болса, мүмкіндігі шектеулі адамдардың саны – 23 мың 121 адам. Ал көпбалалы отбасылардың саны – 2418, сондай-ақ, “Алтын алқа” және “Күміс алқа” тағынған 5153 ана бар. Экономикалық қиын жағдайларға қарамастан, елімізде зейнетақы мен жәрдемақы, шәкіртақы, еңбекақының өсімі баршамыз үшін де зор қуаныш. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 9 пайызға ұлғаяды. Базалық зейнетақы мөлшері 11965 теңгені құраса, ең төменгі зейнетақы мөлшері – 25824 теңге. Мүмкіндігі шектеулі, асыраушысынан айрылған және жасы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 25 пайызға өседі. Мемлекеттік-әлеуметтік жәрдемақы күнкөрістің ең төменгі мөлшері бойынша есептелген.

“2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес күнкөрістің ең төменгі деңгейі 2015 жылмен салыстырғанда 7 пайызға ұлғайып, 22859 теңгені құрайтын болады. Бала тууға байланысты төленетін біржолғы жәрдемақы 66621 теңге болса, төрт немесе одан да көп бала туғандар 111035 теңгеге қол жеткізеді. 2016 жылдың қаңтарынан бастап мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға 24002 теңге мөлшерінде жәрдемақы төленеді. Сондықтан облыс тұрғындары үшін келер жыл жақсы жаңалықтармен бастау алатынын атап айтқым келеді.

Бәтима СМАҒҰЛОВА,

“Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық”

РМҚК облыстық филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp