Мемлекет басшысы коронавирус жағдайына қатысты кезекті телевизиялық Үндеу жарияламақ. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің “Facebook”-тегі парақшасы арқылы мәлімдеді.
“Соңғы кездері Қазақстан Президентінің жұмыс кестесі мейлінше өзгергені жасырын емес. Елімізде Төтенше жағдай енгізілді, осыған байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлының жұмыс кестесі де Төтенше жағдай режіміне көшті. Президентке келетін шұғыл əрі сараптамалық ақпараттардың саны күрт өсті. Ал бұған дер кезінде жауап беріп, шара қолдану керек. Мемлекет басшысы жаңартылған форматта жұмыс істеп жатыр. Бүгінде көптеген жиын мен кездесулер бейнебайланыс арқылы өткізілуде. Коронавирусқа қарсы күрес – күн тəртібінде қарастырылатын негізгі мəселе.
Қасым-Жомарт Кемелұлы күн сайын Үкіметтің, Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелерінің, өңір басшыларының есептерін тыңдайды. Жақында ғана Президент барлық облыстың жəне республикалық маңызы бар қалалардың əкімдеріне телефон шалып, шағын жəне орта бизнесті қолдауға, халықты əлеуметтік қорғауға, көктемгі егіс науқанына жəне су тасқынына қарсы жұмыстарға байланысты нақты тапсырма берді.
Ерте ме, кеш пе, Төтенше жағдай бітеді. Содан кейін алдымыздан экономиканың құрылымын қайта қарау міндеті шығады. Сондықтан алдымызға орта жəне ұзақ мерзімге арналған жаңа мақсат қою керек. Президент көптеген бағдарлама мен тұжырымдамаларды жаңарту қажеттігін айтты. Мұнай бағасының бірден құлдырауы экономика мен қаржы секторына реформа жүргізіп, индустрияландыру мен цифрландыруды нақты жүзеге асыру керек екенін көрсетіп отыр. Денсаулық сақтау жəне білім салаларын да үлкен өзгеріс күтіп тұр.
Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, “халықсыз экономика болмайды”. Сондықтан ешкім де мемлекеттің назарынан тыс қалмайды. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша азаматтарға қолдау көрсету үшін бюджеттен жəне Ұлттық қордан қаражат бөлінуде. Мемлекет басшысы осы айтылған мəселелердің оң шешілуін үнемі бақылауда ұстап отыр. Сонымен қатар келесі аптада Президент еліміздегі коронавирус жағдайына қатысты кезекті телевизиялық Үндеуін жариялайды”, – делінген Президенттің баспасөз хатшысының хабарламасында.
“Аkorda.kz”