Жаңа жылдан бастап өз күшіне енетін қылмыстық сот өндірісінің жаңа моделі облыстағы құқық қорғау органдары мен сараптама мекемелерін тізе қосып еңбек етуге жұмылдырмақ. Ішкі істер департаментінің ұйымдастыруымен өткен жиында аталған мәселе әңгіме өзегіне айналды.
Өңірдің бас полицейі Берік Біләлов 2015 жылдан бастап қолданысқа енгізілетін кодекстерді қолдану аясында бірлесіп жұмыс істеудің маңызын айта келіп, прокуратура, әділет, сараптама мекемелерінің өкілдері жұмысты үйлестіру, жетілдіру, сот сараптамасын тағайындау және өткізу мәселелерін талқылауды ұсынды.
Жиында тергеу басқармасының бастығы Ербол Бектұров пен анықтау басқармасының бастығы Ғалым Байжанов қылмыстық істерді тергеу барысында кездесетін бірқатар мәселелерді қозғады.
Кездесу соңында құқық қорғау органдары мен облыстық сараптама мекемелері арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында қылмыстарды, сараптамалық зерттеулерді жедел әрі сапалы жүзеге асыру көзделген.
Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,
облыстық ішкі істер департаментінің
баспасөз хатшысы.