“Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді” деген. Күлке Әубәкірова апай 82 жасқа келсе де, жүзінің әрі тая қоймаған. Тың, жүрісі ширақ, сөз саптасы мығым. Текті тұқымнан қалған тұяқ екенін жазбай тануға болады. Оның зобалаң кезеңнің айықпас жарасы жайлы айтары аз емес.
– Апа, аталарыңыз үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр, отар-отар қой өргізген дәулеттілер санатынан болыпты. Жазықсыз қудаланып, итжеккенге айдалуының, нақақтан-нақақ атылуының бір сыры осында жатқан шығар? Ол кездері бай-манаптарға бүйідей тиіп, қынадай қыру кеңес өкіметінің саяси ұстанымдарының бірі болған жоқ па?
– Дұрыс айтасың, балам. Арғы атам Басшығұл ел билеген болыстығымен, дүйім елді аузына қаратқан шешендігімен, әділдігімен, жомарттығымен аты шыққан. Одан Жаныбай, Құлжабай, Олжабай деген үш ұл тараған. Менің әкем Құлжабайды да болыс етіп сайлаған. Кейін кеңес өкіметіне адал қызмет еткен. Алайда, 1937 жылы 9 тамызда тұтқындап, “астық дайындауға қарсы әрекет еткені үшін” соттаған. Осы жылы желтоқсанда жерлестерімен бірге Петропавлдың “ақ түрмесінде” ату жазасына кесілген екен.
– Ол кезде әкеңіз неше жаста еді?
– 1881 жылы туса, 56-да ғана болған ғой. Жеті адамның бәрі де туыстары, ауылдастары екен. Ишмухамед Салықовтың – 82, Жұмабай Жылқыбаевтың 76 жасында бір қорғасын оқ түптеріне жеткен. Кәрісің бе, жассың ба қарамаған ғой. Зейнолла ағамның ізденбеген жері жоқ. Қайда жазса да, “ауырып қайтыс болды” деген бір жапырақ қағаз алып жүрдік. Ақыры Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті арқылы анығына жеттік. Түнгі сағат 2.30 бен 3-тің аралығында үкім орындалған. Неткен жауыздық, қатыгездік десеңші?! Сүйегінің қайда жатқанын да білмейміз.
Туған жеріміз – қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданының Аралағашы. Кейде Қызылағаш деп те атайды. Бұл маңайды Уақ-Шоғадан тарайтын Батыр Баянның ұрпақтары мекендейді. Осы жерде әкем болыстық құрған. Ауылнайлық қызмет еткен. Ауданнан үйге оралып келе жатқанда жолда тұтқындаған. Бала-шағасымен де қоштастырмай қолына кісен салып, алып кеткен. Үйді тінтіп, астан-кестенін шығарған. Не іздегенін кім білсін? Дүние-мүлкін тәркілеген. Алдымен ашық сот өткен. Онда 2,5 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шыққан. Екінші рет сот жабық жағдайда өтіп, содан ізім-қайым хабарсыз кеткен.
Көп жыл бойы “халық жауының” ұрпағы ретінде шеттетілдік.
– Сіздер неше ағайынды едіңіздер?
– Әкеміздің бірінші әйелі Нүриладан Шери мен Күләш туған. Ол қайтыс болғаннан кейін менің анам Мәпиге үйленген. Шешемнің жолдасы көз жұмып, Шәрия деген жалғыз қызы еріп келген. Бұлар да “байдың тұқымы” ретінде тәркілеуге ұшырап, Башқұртстанға, Ақтөбеге, одан Омбы облысындағы Есілкөлдің Қасқатына жер аударылған.
Анам 42 жасында үш баламен жалғыз қалды. Отбасының көрмеген қорлығы, тартпаған азабы жоқ. Біздің бітіргеніміз – бастауыш мектеп қана. Медвежкадағы интернатқа алмады. Көзге түрткілеп, тиыштық бермеген соң Ресейдің Орловка деген селосын, Омар деген қазақ ауылын паналадық. Елге оралсақ, үш бөлмелі үйімізді тартып алып, мектепке айналдырған. Жалғыз мұқыл сиырдың сүтін талғажу еттік.
Анам әкеме соңғы рет жолыққанда: “Балаларды бір-бірінен айырма. О дүниеде қолыңнан аламын”, – деп тапсырған екен. Аманатын ақырына дейін адал орындады. Шериді жеке үй етіп шығарды. Күләшті ұзатты. Бәрімізді ешкімнен кем қылмай өсірді. Құтты орнымызға қондырды. “Сендер тарықпас үшін жалаңаяқ жар кештім”, – деп еске алып отыратын. Онысы айна-қатесіз шындық. Жетімдіктің, қиындықтың зарын біздің ұрпақ көп тартты. Соғыс уақытында үлкендермен бірге тылда тынымсыз еңбек еттік. Өгіз айдадық, жер жырттық. Егіс танаптарында қалған масақтарды бригадирге көрсетпей жинайтынбыз. Біздің анамыз саяси қудалау жылдары жер аударылып келген шешендердің Қосай, Мұса деген екі баласын бауырына басты. Қосай ертерек қайтыс болды. Мұсамен бертінге дейін араласып тұрдық.
Жан азабына тән жарасы қосылып, анамыз бар-жоғы 56 жасында көз жұмды.
– Шын туған жылыңыз – 1935. Құжатта – 1933. Осы бір сәйкессіздіктің сырын түсіндіре кетсеңіз?
– Азан шақырып қойған есімім – Күлзира. Шешем еркелетіп, “Күлке” деген соң елдің бәрі осылай атап кеткен. Ал туған жылым қайбір жетіскеннен өзгертілді дейсің? Онда да ұлттық салт-дәстүрлерге, әдет-ғұрыптарға оқты көзімен ата қараған сол заманның сойқанды іздері сайрап жатыр. Болашақ жарым Асқар мені қазақтың салтымен алып қашамын деп, оның арты үлкен дүрлігуге, қудалауға ұласқаны бар.
– Солай ма?
– Иә. Асқар әкеден 3 жасында, анадан 6 жасында айрылған. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келіп, біздің ауылда бухгалтерлік қызмет етті. Ағам Шеримен құрдас. Бір-бірін қабақпен түсінетін, әзіл-қалжыңы жарасқан керемет дос болды. Менен бір мүшел үлкен. 1951 жылы 16-ға толған кезім. Туған-туыстарымның есіл-дерті – мені дәулетті жерге ұзату. Менің ойым – жетім-жесір, жарлы-жақыбай болса да, бір жігіттің етегінен ұстау, анамды қолыма алу, бақытты ету. Ұзын сөздің қысқасы, жеңгелерім арқылы танысып, сөз байластық. Бәрінен де Асқардың біздің отбасының бір баласындай болып кеткені, ағалы-қарындастай сыйластығымыз қатты тығырыққа тіреді. Қолдан бермейтінін сездік. Не керек, 1951 жылы 7 қарашада қазақтың салтымен алып қашты. Бесағаш деген жерде бір орыс кемпірінің үйін паналадық. Немере ағам Нұрғали бастап қиғылық салды дерсің. Оның соңы кәмелетке толмаған қызды еріксіз алып кетті деген дау-дамайға ұласып, құжаттағы жасымды өзгерту арқылы ғана бір зобалаңнан аман қалдық.
Құдай қосқан қосағым 40 жыл дүкенші болып, адал қызмет етті. Соғыс ардагері ретінде үлкен сый-сияпатқа бөленді. Екеуіміз бір шаңырақ астында 60 жыл тату-тәтті өмір сүрдік.
– Апа, Петропавл қаласында саяси қуғын-сүргін жылдары құрбан болған жерлестеріміздің құрметіне ашылған мемориалдық тақтаға әкеңіздің де аты-жөні жазылып, өшкеніңіз жанғандай күй кешкен шығарсыз?
– “Қуансаң, қуана бер, әкетайым, Мен сенің өміріңнің жалғасымын”, деген өлең жолдары бар емес пе? Әкем ұсталғанда екі жаста ғана едім. Түрін-түсін де білмеймін. Анамның сипаттауынша, орта бойлы, аққұба жүзді болған. Әкеңнің аузынан түсіп қалғандайсың деп айтып отыратын. Жеке заттарына дейін түгел алып кетіп, қайтармапты. Тым болмаса, суретіне қарап мауқымды басар едім. Біз сияқты ана әлдиін ғана естіп өскен ұрпақ сол бір зұлмат кезеңнің қасіретін ешқашан ұмытпайды. Бір кіндіктен жалғыз жер басып жүрсем де, Құдайға шүкір, өзімді тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтеректей елестетемін. “Орнында бар оңалар”, өсті, өнді деген осы! Марқұм Асқар екеуіміз 8 ұл-қыздан 17 немере, 1 шөбере көрдік. “Алтын алқа” иегерімін. Өзімді нағыз бақытты ана санаймын.
Әңгімелескен
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.