«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“МЕН ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҚҰРДАСЫМЫН”

Осыдан жиырма бес жыл бұрын еліміз тәуелсіздігін жариялаған уақытта дүние есігін ашқан сәби бүгінде болашақтың кілтін қолына ұстаған егемен елдің еркін азаматына айналды. Тәуелсіздіктің құрдастары өмірдің сан алуан саласында жемісті қызмет етуде. Олардың арасында болашақтарын мемлекеттік қызметпен байланыстырған жастар да аз емес. Кеше С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында жас мемлекеттік қызметшілер арасында “Мен Тәуелсіздіктің құрдасымын” байқауы өтті.

Байқауды ұйымдастырушылардың айтуынша, сайысқа қатысуға ниет білдіргендер арнайы құрылған комиссияның шешіміне сәйкес алғашқы бөлімде эссе жазудан сынға түсіп, нәтижесінде жүзден жүйрік деп танылған 10 талапкер ақтық кезеңге жолдама алған. Оларды осынау жеңістерімен құттықтаған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев жастарға сәттілік тіледі.

Содан кейін үміткерлер тәуелсіздіктің жиырма бес жылдық белесінде елімізде орын алған бірегей оқиғаларды осы уақыт аралығында жеткен жетістіктерімен сабақтастыра отырып, өздерін таныстырды. Байқауға қатысушылар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалар талаптарын, бағдарламалық құжаттарды, “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын және тағы басқа нормативтік-құқықтық актілерді білу деңгейі бойынша берілген сауалдарға жауап берді. Байқау барысында көрермендер жас мемлекеттік қызметшілердің бойынан әртүрлі өнер ұшқынын көре білді. Олардың бірі домбыра тартса, енді бірі өмір сырын жүрекжарды жыр шумақтарымен өрнектеді. Өнер мен білімді, тәртіп пен талапты өн бойларына ұштастырған жастардың еңбегін өңіріміздегі мемлекеттік қызметшілер мен осы салада ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен ардагерлер бағалады.

Байқаудың қорытындысында облыс әкімі аппаратының жетекші маманы Азат Мұхамедияров жеңімпаз атанды.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp