
Кеше Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Мұғалім күніне арналған салтанатты шара өтті. Өңіріміздің педагогтерін облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтап, бірқатар үздік мұғалімдерге марапаттар табыстады.
Педагогтердің қиын да ізгілікке толы еңбегінің қоғамымызда алатын маңызына тоқталған өңір басшысы Ерік Сұлтанов:
– Бүгінгі таңда отандық білім саласын дамыту – мемлекет саясатының басым бағыты. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында: “Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек”, – деп атап көрсетті. Солтүстік Қазақстан облысының білім беру мекемелерінде зор зияткерлік әлеует шоғырланған. Білім беру саласында өз ісінің шеберлері еңбек етеді. Жас мамандарға өз ісіне берілгендіктің үлгісін көрсетіп, еңбек етіп жүрген ардагер ұстаздар ерекше құрметке ие, – деп педагог еңбегі жоғары кәсіби біліктілікті, өзін-өзі аямайтын қажырлы еңбекті, мол парасаттылық пен қайтпас күш-жігерді қажет ететінін, ертеңгі күні облысымыз бен Қазақстанның тағдырын айқындайтын білімді де рухани дамыған жастар ұстаздардың алдарынан қанат қағатынын айтты.
Ұзақ жылғы адал еңбектері, облыстың білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор үлестері үшін 18 педагог облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.
Ақжар ауданындағы Үлгі орта мектебінің отыз бес жыл ұстаздық етіп келе жатқан математика пәнінің мұғалімі Сапарғали Оспанов: “Бүгінде оқушыларға бар мүмкіндік жасалған. Менің оқушым Дархан Көбегенов “Болашақ” бағдарламасы бойынша Америка Құрама Штаттарында білім алуда. Келешекте алдымыздан ұшқан осындай шәкірттеріміз еліміздің бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына енуіне өз үлестерін қосады деген сенімдемін”, – деді.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің “Еңбек ардагері” төсбелгісін – 2, “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісін – 1, “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісін 4 ұстазға табыстады.
Сонымен қатар, бірнеше педагог Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын иеленіп, тағы 12 ұстаз сауықтыру сертификаттарын алды.
Есіл ауданындағы “Прометей-Агро” ЖШС директоры Юрий Шоль мен Аққайың ауданындағы “Дайындық” ЖШС директоры Біржан Шаймерденов өңір басшысының “Білім беру – 2014 меценаты” медальдарымен және Алғыс хатымен марапатталды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: облыс әкімі Е. Сұлтановтың Айыртау ауданындағы Дәуқара орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Қ. Нұрғалиевке “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісін тапсыру сәті.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.