
Қызылжар өңіріндегі құнарлы топырағымызға не ексең де жайқалып өседі емес пе?! Сол себепті жазда жасыл желекке оранатын өңіріміздің әр қауызы дәнге бай “Астықты өлке” атануы бекер емес. Алайда, топырақ құнарлы болғанымен, себілген тұқымның әлеуеті де маңызды екенін естен шығармаған абзал. Осы орайда Аққайың ауданының Шағалалы ауылындағы “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне артылар міндет зор болып отыр.
Ел тәуелсіздігін алып, еңсесін тіктеген кезден бастап ауыл шаруашылығын дамытуға зор көңіл бөлініп келеді. Осы орайда жер еміп, мал бағып отырған ағайынның арқасындағы ауыр жүкті жеңілдетер талай шаралар жүзеге асырылуда. Үстіміздегі жылы құрылғанына 60 жыл толатын Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының жұмысы Қызылжар өңіріне елімізде аудандастырылған дәнді, майлы және жемшөптік дақылдар егу, күтіп-баптау және жинау әдістерін ғылыми негізде ұсынуымен, заманауи жаңа технологияларды ұтымды пайдаланумен ерекшеленеді. Аталмыш серіктестік соңғы жылдары етті-сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға, соған орай жемшөп базасын нығайтуға басымдық беріп отыр. Осы жылдар ішінде іргесі нығайып, өзінің сара жолын салған тәжірибе станциясының жеткен жетістіктері де аз емес. А.И.Бараев атындағы өсімдік шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының тәжірибе станциясымен бірлесіп жаздық бидайдың “Солтүстік”, “Асыл сапа”, “Шортанды – 2012”, “Тәуелсіздік 20″ жаңа сұрыптары жасалып, аудандастырылды. Заманауи технологияларды ұтымды пайдаланудың жолын көрсеткен серіктестіктің тәжірибесін өңіріміздегі ауыл шаруашылығы құрылымдары тиімді пайдалануда. Мәселен, “Полтавское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде егістікті кешенді қорғау жүйесі, ауыспалы егіс технологиясы енгізілген болатын. Осының нәтижесінде бидай шығымдылығы орташа есеппен гектарына 4-6 центнерге көтерілген. Бұршақты дақылдардың шығымдылығы гектарына 23-25 центнерден айналды. Ірі қара тұқымын асылдандыру “Астраханское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, “Еңбек”, “Хабибуллин” шаруа қожалықтарында, “Тулепов” жеке кәсіпкерлігінде жүзеге асырылды.
Серіктестік директоры Белгібай Қанафиннің айтуынша, бүгінде станцияда 390-нан астам адам еңбек етіп, игілікті жұмысқа 566 техника жұмылдырылған. Станция иелігінде 20600 гектар жер, 1440 ірі қара бар.
Үстіміздегі жылы 11529 гектар алқапқа бидай, арпа, сұлы, қарақұмық, бұршақ, жасымық, 2031 гектарға зығыр, рапс сияқты майлы дақылдар егілген. Ал ғылыми мақсатқа арналған алқаптың көлемі – 1482 гектар. Ғылыми мақсаттағы алқаптағы жұмыстың барлығына адам қолы қажет болғандықтан, күннің аптап ыстығында да, жауын-шашында да сынақ учаскелерінің жайын бақылап жүрген лаборанттарды жиі кездестіруге болады. Біз де олардың жерге тізерлеп, әр өскінге шұқшия қадалып отырғанын өз көзімізбен көрдік.
– Аудандастырылған тәлімбақтар бес түрге бөлінеді. Мәселен, бірінші, екінші аудандастырылған тәлімбақ және бақылау, алдын алу, конкурстық болып аталады. Қазіргі таңда кіші ғылыми қызметкерлер өсімдіктердің өсу қалыңдығын және бір шаршы метрдегі шығымдылықты есептеп жүр, – дейді сұрыптық агротехника зертханасының меңгерушісі Елена Федоренко.
Элиталық тұқымның бесігі болған тәлім-бақтарда түрлі сұрыптар егіліп, бақылаудан өтіп, көбейтілгеннен кейін өндіріске жөнелтіліп отырады. Ұсынған элиталық тұқымдарының әлеуеті зор болуы үшін Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы егіс алқаптарындағы топырақтың құнарлылығына аса мән береді. Ол үшін көктем және күз айларында топыраққа сараптама жасалып, тыңайтқыш заттардың мөлшері анықталады.
– Өндірістен тыңайтылған топырақты алып, зерттейміз. Осы жолы азот және фосфордың мөлшерін білу үшін сараптама жасамақпыз. Басшылық оның қорытындысымен танысқаннан кейін қай алқапқа тыңайтқыш себіп, қайсысын ендігі жылға қалдыру керектігін шешеді, – дейді химиялық зертханада 12 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан аға лаборант Татьяна Буладецкая.
Бүгінгі таңда станция ұжымы зоотехник, мал дәрігері сияқты мамандарға зәру. Қатарлары толықса, станцияның жұмысы жанданатындығын тілге тиек еткен Белгібай Қанафин бұл тілектің оңайлықпен орындалмай отырғандығын да жасырмады. “Еңбек етемін” дегендерге барлық жағдайды жасайтындығын жеткізген серіктестік басшысы тың күш, соны оймен келетін жастар Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының жұмысын жаңа белеске көтеретініне сенімді.
Әсем БАЙЗАҚОВА,
журналист.