Жылда бір күн мереке – ұстаздарға,
Маңызы өте терең ұққандарға.
Жан жылуын, мейірін себелеген,
Алдынан білім алып шыққандарға.
Алғашқы мұғалімнің орны бөлек,
Қуанар жас балаша өссе зерек.
Ұлы отан соғысында ел қорғаған,
Өзбеков Есләм ағай жан еді ерек.
Екі сынып, бір мезгілде оқытатын,
Әр сөзін көңіліме тоқытатын.
От кешіп, қан майданнан келген ердің,
Жанымды естелігі толқытатын.
Бір қабат мектеп суық, пеш жағатын,
Дірдектеп, қабырға-еден сыз болатын.
Сонда да көнбістікпен төзе білген,
Кіршіксіз биік ұстап ұстаз атын.
Есімде Ортақкөлдің шым мектебі,
Ең зәулім көрінетін жер-көктегі.
Әкеміздей еркелеп жүруші едік,
Көңілді алаулатып жыр-көктемі.
Сыныптың жетекшісі Нұржан ағай,
Сүрінтпей алып шықты сыннан талай.
Зура апай, Ишан ағай, Бөшен тәте,
Көз алдымда жас қалпы баяғыдай.
Біз мектепте оқыған кезеңдерде,
Мұғалім ең қадірлі жан еді елде.
Қойсақ қой адалдықтың белгісіндей,
Еңселі ескерткішін туған жерге.
Ботагөз ҒАЛИЕВА,
білім беру ісінің құрметті қызметкері, ардагер ұстаз.