«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МІНДЕТТІ ТӨЛЕМНЕН БОСАТЫЛДЫ

Елімізде шағын және орта кәсіпкерлік 2020 жылдың 1 қазанына дейін, ал ірі бизнестің кейбір субъектілері 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінен босатылды. Мұндай шараларды мемлекет төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін қабылдады.

Яғни, олар жұмыс беруші ретінде 2 пайыз мөлшерінде аударымдарды төлемейді. Сондай-ақ, өз қызметкерлерінің жалақысынан бір пайыз жарна ұстамайды. Осылайша, бір миллионға жуық азамат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарна аударудан босатылады. Алайда, оларға қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіледі. Бұл қор қаржысы есебінен төленеді.

Салықтар мен әлеуметтік төлемдерге “нөлдік” мөлшерлемені қолданатын субъектілердің тізімі бекітілді. Оның ішінде сауда, көлік және техникалық қызметтер, білім беру, медицина, туризм, мейрамхана және қонақүй бизнесі, ойын-сауық, бағдарламалық қамтамасыз ету және фитнес субъектілері бар.

Жеке кәсіпкерлер де жеңілдік алды. Оларға 2020 жылдың 1 қазанына дейін өз қызметкерлері үшін аударымдарды төлеу мен жалақыдан жарна ұстаудың қажеті жоқ. Бірақ өзі үшін төлем аударуы тиіс.

Табыссыз қалған және ресми түрде жұмыс істемейтін азаматтар бірыңғай жиынтық төлем жарнасын (қала тұрғындары үшін 2 651 теңге және ауыл тұрғындары үшін 1 325 теңге) аударып, жәрдемақыға өтінім бере алады. Сөйтіп, олар әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің мүшесі бола алады. Бүгінде жиынтық төлем аударушылардың саны 85 мыңнан (1 сәуірге дейін төлегендер) 1,8 миллион азаматқа дейін өсті. Алайда, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу үшін үнемі төлем аудару қажет (сақтандырылушының мәртебесін алу үшін кемінде 3 ай).

Қазір елімізде сақтандырылмаған адамдардың үлесі он бес пайызды құрайды. Бірақ үстіміздегі жылдың шілдесіне дейін барлық азаматтар шартты сақтандырылған болып саналады және олар медициналық көмекті толық көлемде алады. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp