Электронды үлгіде көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерінің санын арттыру мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті квест ойындарын ұйымдастырды. Оған әр ауданның мемлекеттік қызметшілерінен құралған 13 құрама қатысты.
Департамент басшысы Елена Степаненко шараны аша отырып, заманауи мемлекеттік қызметші үнемі өзгерістердің алдында жүріп, көпке үлгі болу керектігін айтты. “Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылы электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесін 80 пайызға, келесі жылы 90 пайызға жеткізуді тапсырған еді. Осыған дейін халыққа қызмет көрсету орталығында курс ұйымдастырып, жергілікті департаменттердің 40-қа жуық басшысы мен орынбасарын мемлекеттік қызметтерді электронды алу дағдыларына оқыттық. Олар курста меңгергендерін ұжымдарымен бөлісу арқылы уақыттарын үнемдеп, қағазбастылықтан арылады”, – деді Елена Федеровна.
Департамент мамандары қатысушыларға сөзжұмбақ, анаграмма, шахмат ойындары, “Digital agent” мобильді қосымшасы мен “Электронды үкімет” порталы арқылы мемлекеттік қызмет алу сияқты жеті тапсырма дайындапты. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер бейнеүндеу түсіріп, “Facebook” әлеуметтік желісіндегі жеке парақшаларына жариялады. Ал соңғы тапсырма шығармашылық қабілеттерін танытып, “Біз электронды қызметті таңдаймыз” тақырыбында плакат әзірлеу болды.
Сайыс қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен аққайыңдықтар жеңімпаз атанса, Есіл, Мамлют аудандары екінші және үшінші орындарға жайғасты. Электронды мемлекеттік қызметті насихаттайтын үздік плакатты салған Уәлиханов ауданының қатысушылары департаменттің ерекше сыйлығына ие болды.