«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҮЛІКТІ ЖАРИЯ ЕТУ – ҚОЛАЙЛЫ МҮМКІНДІК

Салық салудан жасырған немесе елден шығарылған көлеңкелі капиталды, мүлікті және қаржыны жария ету – бюджетті толықтырудың және экономиканы дамытудың тиімді жолы бола алатын ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік міндет.

Елбасы Қазақстан халқына арнаған “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауында тұрақсыз әлемдік экономика мен оның беталысы Қазақстан экономикасына да әсерін тигізіп, осы бір қиын уақытта еліміздің болашағы, қауіпсіздігі, тұрақтылығы, дамуы мен гүлденуі әрқайсымыздың белсенді өмірлік ұстанымымызға тәуелді екенін атап өтті.

Президент еліміз үшін сын кезеңде халықты мемлекет алдында азаматтық жауапкершілік танытуға, әсіресе, “бай” адамдарды, бизнес-қауымдастығын капиталды жария етіп, мемлекеттік сектор нысандарын жекешелендіруге қатысуға шақырды. 2017 жылдың 1 қаңтарынан кірістер мен шығыстарды жаппай декларациялау күшіне енеді. Осыдан кейін, қайда болса да, шоттар мен активтерді анықтап, олардың шығу төркінін анықтау, салық салу шаралары қабылданатын болады. Бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының көмегімен де жүзеге асырылады.

Елбасының мүлікті жария ету үдерісін жеңілдетуді қайта қарау және құқық қорғау органдары тарапынан заңсыз қудаламауға кепілдік беру жөніндегі тапсырмасын орындауға және “100 нақты қадам” Ұлт жоспарына сәйкес мүліктерді жария етуге байланысты “Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы” Заңына енгізілген түзетулер 2016 жылдың 1 қаңтарынан күшіне кірді.

Аталмыш заңға сәйкес жария етуге ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі, жылжымайтын мүлік, Қазақстан аумағында орналасқан ғимарат, Қазақстан аумағынан тыс жерде орналасқан жылжымайтын мүлік жатады.

Жария етілетін субъектілерді кепілдендіру мақсатында мыналар қарастырылған:

біріншіден, құқық қорғау және басқа мемлекеттік органдар, банктер мен өзге ұйымдар қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерінен, қудалауынан қосымша қорғау бөлігінде қылмыстық жауаптылыққа дейін қылмыстық заңнама нормаларын нақтылау және қатаңдату;

екіншіден, жария ету барысында алынған ақпаратты қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол берілмейді;

үшіншіден, мүлікті жария ету процесінде мемлекеттік кірістер органдарына салық төлеуші туралы алған мәліметтерді және ақпараттарды беруге тыйым салынады;

төртіншіден, банктік заңнамаға жария етілген ақша туралы ақпаратты тек Бас прокурордың немесе оның орынбасарларының санкциясымен ғана құқық қорғау органдарына беру нормасы қосылған;

бесіншіден, жария етілген мүлікті тәркілеуге жол бермеу туралы талап енгізілген.

Атап өтерлігі, мүлікті жария ету процедурасы айтарлықтай оңайлатылды.

Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан мүлікті жария ету (ақшадан басқа) жария етуші субъектінің тұрғылықты мекенжайы бойынша мемлекеттік кірістер органдарына заңмен бекітілген тізімде көрсетілген арнайы декларация мен ілеспе құжаттарды тапсыру арқылы жүзеге асады. Мемлекеттік кіріс органдары арнайы декларацияны жария етуші субъектінің тұрғылықты мекенжайы бойынша қабылдаған күннен мүлік жария етілген болып саналады.

Сонымен қатар, жеке тұлғаларға шетелде орналасқан мүліктерін, сондай-ақ, сенімгерлікпен басқаруға берілген мүліктің құнын жария етуші субъекті өзі анықтап, мемлекеттік кіріс органдарына алымын төлей отыра, арнайы декларацияны ұсыну арқылы декларациялау міндеті жүктелген.

Жария етуші субъект жергілікті жерлерде әкімдіктер жанындағы комиссияларға тек құқықтары ел заңнамасына сәйкес ресiмделмеген, Қазақстан Республикасының аумағында тұрған жылжымайтын мүліктi жария ету үшін ғана жүгінеді.

Ақшаны жария ету процедурасы да оңайлатылған, оны екі әдіс бойынша заңдастыруға болады:

бірінші: ақшаны ұлттық және (немесе) шетел валютасында екiншi деңгейлi банкте ашылған ағымдағы шотқа салу (аудару), алым төлемей, шектеусіз, өз қалауы бойынша басқарып, тұрғылықты мекенжайы бойынша мемлекеттік кіріс органына арнайы декларацияны тапсыру арқылы;

екінші: шетелде немесе жеке айналымдағы ақшаны өтініш үлгісінде, екінші деңгейлі банктің ағымдағы шотына ақша (аударма) салмай, жария етілетін қаржы көлемінен 10 пайыз мөлшерінде алымды төлеп, тұрғылықты мекенжайы бойынша мемлекеттік кірістер органына арнайы декларацияны тапсыру арқылы.

Жаңа түзетулердің бірі – банк шоттарынан жария етілген ақшаны мерзімінен бұрын алу кезінде жария етуге төленуі тиіс 10 пайыз алым алынып тасталды. Сонымен қатар, аталған норманың кері күші бар. Мәселен, осы алымды төлегендердің бәрі өз ақшаларын бюджеттен қайтарып ала алады. Осы орайда бұрын төленген алымдарды қайтарып алу үшін мемлекеттік кіріс органдарына жүгіну қажет.

Несиеге алынған ақша мен мемлекетке өткізуге жатқызылған мүлік, сондай-ақ, түрлі құқыққа қайшы әрекеттер жасау нәтижесінде алған мүлік жария етуге жатпайды. Мысалы, тұлғаға, отбасыға және кәмелеттік жасқа толмағандарға қарсы қылмыстар, экологиялық, көліктік, әскери, жемқорлық құқық бұзушылықтар жасау арқылы.

Елімізге шетелден капиталдар қайтып келуі үшін инвестицияға қолайлы жағдай жасау қажет. Бүгінде Қазақстанда инвестициялаудың ең тиімді құралы – жекешелендіру нысандары. Алдымен “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры, “Бәйтерек” және “ҚазАгро” акционерлік қоғамдары сияқты республикалық меншіктегі ең ірі 65 компанияны айтуға болады. Сонымен қатар, жария етілген қаржыны алым төлемей, қазақстандық қор биржасында орналастырылған құнды қағаздарға және “Астана” халықаралық қаржы орталығы аумағындағы қаржылық құралдарға инвестициялау мүмкіндігі беріледі.

Жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасынан тысқары жерде орналасқан меншік құқығындағы мүлкін жасырған жағдайда жауапкершілік күшейеді. Сондай-ақ, еліміздің салық заңнамасына сәйкес жеке кіріс салығы жөніндегі декларацияда көрсетілуі тиіс шетелдік банк шоттарындағы ақша туралы ақпаратты жасырған жағдайда 250 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Әкімшілік өндіру салынғаннан кейін бір жыл бойы заң бұзушылық жойылмаса, онда 500 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Жаппай декларациялауды енгізуге дайындық жөніндегі шаралар аясында Қаржы министрлігі бүгінгі таңда ФАТФ аясында мемлекеттермен қазақстандықтардың шетелдегі есепшоттары мен мүліктері туралы ақпарат алмасу бойынша екіжақты және көпжақты байланыстар орнатуда. Үстіміздегі жылы бақылау жүйесі реттеледі.

Сондықтан фискальдық органның тексеруінен кейін санкцияға ілікпес үшін мүлікті қазір акция жүріп жатқанда жария еткен дұрыс. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитетінің мәліметі бойынша, үстіміздегі жылдың қаңтар айының соңында барлығы 588 млрд. теңгенің активтері жария етілді. Бұдан өзге, мүлік бойынша шамамен 300 млрд. теңге болатын 27 мыңнан астам өтініш қарауда жатыр. Жария ету бойынша жұмыс жалғасуда. Мүлікті жария ету мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мүлікті жария ету көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып, бюджетке қосымша түсімдер есебінен ел экономикасын жандандыруға мүмкіндік береді.

Ольга ПЕРЕПЕЧИНА,

Парламент Сенатының Қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp