Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен өткен жылдың қараша айынан қазақстандықтар мобильдік құрылғылары арқылы “Digital agent” ақпараттық бағдарламасын қолдана бастады. Бір айдан соң бұл қосымшаға толықтырулар енгізіліп, тұрғындар үшін мемлекеттік кіріс, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеттері жұмыстарының сапасын бағалау мүмкіндігі туды.
Жуырда мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменттерінің мамандары бірлесіп, Петропавл қаласының тұрғындары арасында мемлекеттік қызмет көрсету сапасы жөнінде сауалнама жүргізіп, “Digital агент” мобильдік қосымшасын пайдалану туралы жадынамалар таратты. Аталмыш қосымша мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бес балдық жүйе бойынша бағалауға және бағалау кезінде пайдаланушының фотосуреті мен бейнематериалдарын қоса жүктеуге мүмкіндік берді.
Сауалнамаға тартылғандардың арасында зейнеткерлер, әлеуметтік сала қызметкерлері, кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметшілер болды. 45 жауап берушінің басым бөлігі мемлекеттік қызметтердің сапасына қанағаттанатыны туралы айтса, он пайызы қызмет алу үшін ұзақ уақыт бойы кезекте тұру қажеттігіне көңілдері толмайтынын жеткізген. Акция нәтижесі бойынша мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға қатысты ұсыныстар әзірленіп, қызмет көрсетушілерге жіберілді.
“Қызылжар-Ақпарат”.