Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде “Жаңа бастамалар – жаңа реформалар” атты конференция өтіп, оған өңіріміздегі жоғары және арнаулы білім беру орындарының студенттері, жастар ұйымдарының белсенділері қатысты.
Шара барысында сөз алған “Жас Отан” жастар қанаты қалалық филиалының төрағасы Абылайхан Қайроллаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауында жастарға жүктелген тапсырмалар жайында баяндады.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкіметке 2017 жылдан бастап “Жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру” жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Жастар бұл шақыруға үн қатып, біздің экономикаға қажетті мамандықтарды игеру үшін техникалық оқу орындарына көптеп түсетін болады. Алдыңғы қатарлы мамандықтарды меңгере отырып, олар зауыттар мен фабрикаларда жұмыс істей бастайды. Бұл – еліміздің әрбір өреніне беріліп отырған мүмкіндік. Мүмкіндікті қалт жібермей, Қазақстанның бақытты болашағы үшін пайдалану – баршамыздың міндетіміз, – дей келе, бұл бағытта жасотандықтардың атқарып отырған жұмыстарына тоқталды.
Өңір өрендерінің білім мен ғылымға қызығушылығы жайында сөз сабақтаған аталмыш колледждің директоры Николай Ухов:
– Жолдау жастардың болашаққа деген сенімін нығайта түсті. Мәселен, студенттер шәкіртақысының 25 пайызға өсуі олардың бойларына зор сенім мен жауапкершілік жүктейді. Осындай қиын кезеңде жастарды дағдарыстан қорғануға ғана емес, оған тың идеялармен, жаңа бастамалармен қарсы тұруға бағыттауымыз керек. Бұл ретте біздің колледж мамандарының атқарып отырған жұмыстары ауқымды, – деді.
Жиын соңында қатысушылар өздерінің ойларын ортаға салып, жан-жақты пікір алмасты.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.