«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҮСІРЕПОВТІКТЕР ТАТУ ДА, ТАБЫСТЫ ДА

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда “Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық татулықты нығайтудағы рөлі” тақырыбында “дөңгелек үстел” отырысы өтті. Аталмыш шара қоғамдық институттың 20 жылдығына арналған “Бейбітшілік пен келісімнің Жол картасы” мегажобасы аясында ұйымдастырылды. Оған жергілікті және облыстық этномәдени бірлестіктер, атқарушы билік пен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының өкілдері қатысты. Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Алтыншаш Тайшабаева Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясында егеменді еліміздегі өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен халықтар арасындағы достықты қастерлеу қасиеттерін сіңіруді міндеттегеніне тоқталып, ол жұмыс бүгінде ауданда тиісті деңгейде атқарылып жатқандығын атап көрсетті. Оған этно-мәдени бірлестіктердің де қосқан үлестері зор.

Жоғарыда аталған міндеттер Қазақстан халқы Ассамблеясын 2020 жылға дейін дамыту тұжырымдамасында кеңінен көрініс тапқан. Оны бірлесіп жүзеге асыру бірінші кезекте көпэтносты еліміздегі халықтың ахуалын жақсартуға мүмкіндік берері сөзсіз.  

Өз кезегінде сөз алған Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов 2015 жыл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен “Қазақстан халқы Ассамблеясы” жылы болып жарияланғандығына тоқталды, алдағы жылы Ата Заңымыздың 20 жылдығы да аталып өтетінін тілге тиек етті.

– Нұрсұлтан Назарбаев еліміз тәуелсіздік алған тұста мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндет, еліміздегі достық пен татулықты нығайту болуы тиіс екенін атап көрсеткен еді. Бүгінде оның дұрыс саясат екендігіне көзіміз жетіп отыр. Қазақстанымызда халықтар арасындағы достық жылдан жылға нығайып келеді. Еліміздің бағындырған асуларында сіздердің әрқайсыларыңыздың үлестеріңіз бар , – деді Наиль Салимов.

Бүгінде “Қазақстан халқы Ассамблеясы” жылын кең көлемде атап өтудің жалпыұлттық жоспары бекітілді. Бұл ретте еліміздің жер-жерінде ауқымды іс-шаралар өткізілмек. Соның бірі – “Бейбітшілік пен келісімнің Жол картасы” мегажобасы. Өткен жылдан бастап қолға алынған бағдарламаның бірінші кезеңінде ассамблея өкілдері бір-бірімен тәжірибе алмасу тұрғысында жұмыс істесе, оның екінші кезеңіндегі көзделген мақсат Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясында көрсетілген басым бағыттарды еліміздің әр тұрғынына жеткізу болып табылады.

Тағы бір айтып өтер жаңалық – ол қоғамдық институттың қол жеткізген жетістіктерін “ЮНЕСКО” арқылы әлемге таныту.

Халықтар арасындағы достықты нығайтуда өңірімізде атқарылып жатқан істер ауыз толтырып айтарлықтай.

Оны өскелең ұрпақтың бойына сіңіруде М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-де ашылған Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы мен Петропавлдағы №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің алар орны ерекше. Соңғысында қазіргі таңда 200-ге тарта бала тәлім алып, түрлі этностардың әдет-ғұрыптары және салт-дәстүрлерімен танысу мүмкіндігіне ие болуда. Бұл ретте Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда да мол тәжірибе жинақталған. Мұнда қазіргі күні 800 адамның басын бір шаңырақ астына біріктірген 27 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде. Қол жеткізген жетістіктер мұнымен шектелмей одан әрі еселене түсуі тиіс. Жиында айтылған ойлар түйіні осы.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp