«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘДЕНИ БАЙЛАНЫС ДӘНЕКЕРІ

Ресейлік өнерпаздардың қатысуымен өңіраралық ынтымақтастық форумының аясында ұйымдастырылған мәдени іс-шаралар облыс орталығындағы театрларда жалғасты.

Алдымен облыстық қуыршақ театрында “Арлекин” Омбы мем-лекеттік қуыршақ, актер және маска театрының әртістері кішкентай көрермендерге арнап “Қоян, түлкі және әтеш” ертегісін сахналады. 45 минутқа созылған қойылымды басынан аяғына дейін түрлі қуыршақтардың көмегімен екі әртіс ойнап шықты. 150 орынға шақталған өнер ордасы мектепалды даярлық тобында және бірінші сыныптарда оқитын балғындарға лық толды. Олар ертегіні үлкен қызығушылықпен тамашалап, басты рөлдегі сайқымазақтың сұрақтарына таласа жауап беріп, белсенді қатысып отырды. “Арлекин” Омбы мемлекеттік қуыршақ, актер және маска театрының актері Дмитрий Исаковтың аталмыш өнер ордасында еңбек еткеніне – 10 жыл.

– Бұл менің Петропавл қаласына алғаш келуім. Балаларға арналған ертегіні шамамен он жыл бойы сахналап жүрміз. Осыған дейін Ресейдің көптеген өңірлерінде және Қазақстанның бірнеше қаласында қойған болатынбыз. Ең бастысы, қай өңірге барсақ та, балғындардың қызығушылығы аса маңызды ғой. Петропавлдық кішкентай көрермендер де бізді жылы қарсы алды. Екі елдің арасындағы мәдени қарым-қатынас жыл сайын нығая түсуде. Осыдан бірнеше күн бұрын ғана жергілікті қуыршақ театрының ұжымы бізге келіп, “Сказочки на лавочке” ертегісін сахналады, – деген Дмитрий Исаков ынтымақтастық форумының маңыздылығына тоқталды.

Сол күні өнерсүйер көрермен Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрына жиналды. Өнер ордасының әртістері жазушы Мұхтар Әуезовтің қазақ әдебиетінің алтын қорына енген “Қарагөз” шығармасы желісімен қойылған спектакльді сахнаға шығарды. Жиналған жұрт ғашықтық сезімнің құрбаны болған Қарагөздің қилы тағдырын толғаныспен тамашалады. Драманың қоюшы режиссері Фархад Молдағали болса, бас кейіпкердің рөлін Мәдина Өсербаева, күйеу жігіт Наршаны Нұржан Асылхан, Сырымды Айбол Қасым, Мөржан әжені Мәдениет қайраткері Аида Сұпатаева шебер сомдап шықты. Басқа актерлердің өнерін де көпшілік жоғары бағалады.

Мәдени шаралардың екінші күні Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Омбы мемлекеттік академиялық театры ұсынған Александр Островскийдің пьесасы бойынша “Правда – хорошо, а счастье лучше” драмасымен қорытындыланды. Спектакльдің қоюшы режиссері – Ресейдің танымал өнер қайраткері Роман Самгин.

– Омбы мемлекеттік академиялық театры – Ресейдегі үздік ұжымдардың бірі. Олардың өнерін тамашалауға қала тұрғындары мен қонақтар жиналып отыр. Біздің ұжым да Омбы мемлекеттік академиялық театрына барып, өнер көрсетіп тұрады, – деген Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Елена Покрас осындай гастрольдік сапарлар арқылы Ресей мен Қазақстан елдерінің арасындағы мәдени байланыс одан әрі нығая түсетінін жеткізді.

Бұл комедияда әрқашан шындықпен өмір сүретін кедей, бірақ қайырымды жас жігіт, оның қарапайым анасы, ғашық қыз, қу бала күтуші, алаяқ әке, бай әрі қатал әже мен отставкадағы офицер ойнайды. Оқиғаның желісі қатал әженің өзінің немересіне генерал күйеу жігіт іздеуінен басталады. Алайда, қыз адал әрі кедей жігітті жақсы көреді. Әрі қарай қызықты әрі шиеленіске толы оқиғалар арқылы көрерменге махаббат сезімінің, бақыттың мәнін түсіндіреді.

Екі елдің өңіраралық ынтымақтастық форумының аясындағы мәдени шаралар легі жалғасын тауып, облыстық қуыршақ театрында балаларға арналған “Қорқыт”, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында Мағжан Жұмабаевтың “Шолпанның күнәсі” және Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Н.Гогольдің “Ночь перед Рождеством” спектакльдері көрерменге жол тартады.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp