Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің тәрбиелік-әлеуметтік-психологиялық бөлімінің аға әскери маманы, капитан Әлия Смағұловамен жұмыс орнында кездестік. Орта бойлы, шымыр денелі, ширақ қимылды Әлия Кендебайқызының сөз саптасынан-ақ оның әскери қызметтегі жан екені аңғарылады. Амандық-саулықтан кейін бізді кабинетіне бастап келген ол бірден әңгіме тиегін ағытты. “Әр адамның өмірінде мамандық таңдау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Өйткені, сол таңдаған мамандығыңды өмір бойы жаныңа серік етесің. Өзімнің мамандық таңдауда жолым болды, бірден осы салаға тоқтау жасадым және онымның дұрыс шешім болғанына жыл өткен сайын көз жеткізіп келемін”, – деп бастаған ол әскери адам болу бала күнгі арманы екендігін айтты.
Әлия Кендебайқызының мамандық таңдауда қателеспегенін оның аузынан шыққан әр сөзі дәлелдеп тұрғандай. Ол мектепте оқыған кезден-ақ ештеңеден тайсалмайтын, батыл, қайсар болған. Спортты жанына серік етіп, шымыр өскен қыз әлі де сол бетінен қайтқан емес. “Орағың өткір болса, қарың талмайды, Отаның берік болса, жауың алмайды” дегендей, әскери қызметтегілер қашанда Отан үшін отқа түсуге дайын болуы керек. Ол үшін топтарға сәйкес сапта жүру, нысанаға ату, дене шынықтыру жаттығулары, тағы басқалары бойынша кешендік нормативтер тапсырады. Мысалы, 1000 метрге жүгіру, бұлшық еттерді дамыту жаттығулары, тартылу сияқты еркін жаттығуларды орындаудан Әлия Смағұлова сүрініп көрмепті. “Әскери қызметте жүрген әйел адам жалғыз мен емес. Біздегі нәзікжанды қызметкерлердің барлығы да өте жауапты, тәртіпті, тапсырылған қандай істі болсын тиянақты орындайды. Әскери қызмет өте күрделі, біз барлығымыз сол талап биігінен көрінуге, бастықтарымыздың тарапынан ескерту алып қалмауға тырысамыз. Нәзікжанды болсақ та, ешқандай шарадан тыс қалмай, әрқашан да саптамыз, барлық тапсырмаларды ерлермен бірдей атқарамыз”, – дейді ол.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін педагог-психолог мамандығы бойынша тамамдаған Әлия Смағұлова 2006 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрамына қатардағы қызметкер болып қабылданады. Кешікпей ол тапсырылған іске жауапкершілікпен қарап, мұқият әрі тиянақты орындайтын, жұмысына қатысты талап қоя білетін мінезімен ерекшеленіп, 2008 жылы әскери қызметке ауыстырылған. Әскери қызметкерлердің түрлі оқиғаларға дұрыс көзқарастарын қалыптастырып, оларды табысты болуға жетелеу, қарамағындағы адамдарға қашанда көмекке келу – Әлия Кендебайқызының бойындағы таптырмас адами қасиет.
Әскери қызметкерлер мен азаматтық қызметшілердің психологиялық ахуалын қадағалау, жеке құрамның психологиялық тұрақтылығын қолдау – Әлия Смағұлованың міндеті. Олармен жеке әңгімелесу, психологиялық тестілеу барысында өз-өзіне қол жұмсауға бейімдері бар-жоғын анықтауға бағытталған жұмыстар жүргізеді. “Ондай жағдайлар, негізінен, әңгімелесу барысында белгілі болады. Әскерге қабылдаған кезде оған шақырылушылардың, қызметке жаңадан алынғандардың ісқағаздарын, алдыңғы жұмыс орнынан берілген мінездемелерін мұқият зерделейміз. Олардың отбасы қандай, мектепте қалай оқыды, тәртібі, немен айналысатыны ескеріледі. Соңғы кезде жастардың басым бөлігі өздерінің болашақ өмірлерін әскери қызметпен байланыстырады. Өйткені, Қазақстанның Қарулы Күштері жыл өткен сайын өзінің деңгейін көтеріп, нығайып келеді”, – дейді Әлия Смағұлова.
Халқымыздың “Елді қорғайтын – ерлер, ерлерді тәрбиелейтін – әйелдер” деген нақылы тегін айтылмаса керекті. Әскерилердің отбасындағы тыныштығын сақтауда, ұжымдағы адамгершілік ахуалдың жағымды болуында, қызметкерлердің алаңсыз еңбек етуінде әйелдердің атқарар рөлі зор. Сондықтан әскерилердің саламатты өмір салтын ұстануларына, психологиялық-эмоциялық тұрақтылық жағдайларына қатысты шаралардың барлығында олардың отбасылары түгел қамтылып, бала-шағаларымен бірге болуларына жағдай жасалады.
“Өзімнің осы мәртебелі мамандық иесі екенімді мақтан етемін. Меніңше, мінезім де өз мамандығыма сай келеді. Мен белсендімін, ерік-жігерім мықты, ешкімге оңайлықпен дес бермеймін және барлық әскери адам осындай қасиеттерге ие болуы, алдына мақсат қоя білуі, оған жету үшін барын салуы тиіс деп ойлаймын. Жұбайым мен екі балам әрқашан мені қолдайды. Уақытымның басым бөлігі жұмыста өтеді, алайда үйде қамқор ана, аяулы жармын”, – деген Әлия Кендебайқызы жұмысын өте жақсы көреді, оның барлық ауыртпалықтарын көтеріп, құлшына істейді. Ол кез келген нәзікжандының бойынан табыла бермейтін ерекше қасиеттері үшін облыс әкімінің, жоғарғы құрылымдардың мақтау қағаздарымен, сертификаттарымен, “Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығы” мерейтойлық медалімен марапатталған. Ол өткен жылы “Үздік әскери қызметкер – 2014” көшпелі жалаушасының иегері атанған.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.